» » Батаның шыңы - бақыттың нұры

Батаның шыңы - бақыттың нұры


Қасиет-қадірін ұмытпаған ел қариясын ұлықтайды. Өмірдің небір өткелегінен өткен, тіршіліктің мазмұн-мәніне маңдай терімен жеткен алдыңғы буын ағалардың қазынакеудесінде кейінгіге аманаттар ақыл-өсиет, өтініш-тілек, азды-көпті тәжірибесінен түйген толғамы, ақжарылар сәтін күткен арманы тұнып тұрары рас. Жұдырықтай жүректе аялаған сол бір асыл жансырын әлдекімге жайып салудан бұрын тегінде түйсік ұялаған ұлағат иелеріне аманаттауға аға ұрпақтың әрбірі мүдделі. Тіпті содан жаны ләззат тауып, иықтағы жүгі жеңілдеп, уақыт алдындағы міндетінің бір парасы өтелгендей өз-өзіне разы болар қарияларымыздың мерейіне ортақтасудың өзі қандай ғанибет.

  Қазан айының бірінші күні мемлекеттік деңгейде қариялар күні деп белгіленуі еліміз бойынша әрбір іс басындағыларға, ұжым, мекемелер тынысына ерекше леп дарытып, үлкенін сыйлап, құрмет көрсету үрдісі қанында бар қазақы қалпымызды одан әрі бекемдей түсері анық.
Туған жеріміздің тұғырын тіктеуге маңдай терін сарқып, бүгінде еңбегінің зейнетін көріп отырған марқасқа ағаларымызбен жүздесуді қасиетті жұма күніне орайластырған аудан әкімі Мұрат Жолкелдіұлының оң талабы қоғам тынысына алаң көңілді әдет-дағдысымен әманда құлағы түрік отырар елжанды қарияларымызды мерекелік күннің сән-салтанатына қауыштырды.

Бұл күні аудан басшысы ұзақ жылдар халық ағарту саласында абыройлы еңбек етіп, әлі де бұқара арасында тәлімгерлік беделі биік қадірменді ақсақалдарымыз – Әбдіхалық Әйтілеуов ағамыз бен Жүніс Үпенұлының қарашаңырағына бас сұғып, ақ батасын алды. Жанында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірсерік Тақырбасов, аудандық мәслихат хатшысы Ғалымжан Сопбеков, қоғамдық кеңес төрағасы Қалмахан Тәжіғұловпен бірге қарттардың лебізіне ден қойып, алдағы игі іс-жоспарларын баян еткен басшы ардагерлерге мерекелік сыйсияпатын тарту етті.

«Ар ма деген әлге қуат» дегендей, алдарына келген басшыға ағынан жарылып алғысын білдірген ағарту саласының ардагері, тоқсан екі жастағы Әбдіхалық Әйтілеуов ағамыз: «Ниеттеріңе, қамқор көңілдеріңе рахмет. Менің айтар ақылым, елге ессіз беріліп еңбек етіңдер, қарақтарым. Менің әкем өмірден өткенше «ұлтқа қызмет етудің ұлы жолында болыңдар» деп өсиет қып кетіп еді. Жан-тәніммен әкемнің сол аманатын орындауға әлі де ынтықпын. Ұрпағыма да соны аманаттап отырмын» десе, Қазақ ССР Оқу ісінің үздігі, тоқсанның төріне шыққан Жүніс Үпенов ағаның базынасы да осы бағытта өрбіді. Базына болғанда жеке бастың қамы емес, бүтін елдің бүгініне қажет баянды бастамалардың барысына ризашылығын білдіріп, көнекөз көкіректен төгілген бата-тілегін жаудырды.

Ұстаздықтың уақыт шегінде түйінделіп қалмайтын мәңгілік мамандық екенін болмыс-бітімдерімен дәлелдеп, күні бүгінге дейін жас ұрпақ тәрбиесімен біте қайнасып келе жатқан қос ардагер ағаның жазған дүниелері талай жыл төл басылымымызда жарияланып, оқырман көңілінен орын тауып келеді.

Қашан болмасын жазған туындыларында да, жүрген-тұрған орталарында да руханиятқа бай өнеге-өсиетімен жас өркеннің жүрегіне тәлімнің ұрығын себезгілеуді ғана мақсат ететін екі ағамызды ел-жұрт та осындай ақ-адал пейілдері үшін айрықша жақсы көретінін айта кету орынды.

Мереке құрметіне қарияларды құттықтауға бекінген топ құрамы ауданымыздағы тағы бір абыз қарияның, өңір экономикасының өркендеуінде өзіндік қолтаңбасы айқын, ауыл шаруашылығы саласының ардагері Ибадулла Байхожиннің отбасына да арнайы соғып, ғасыр жасаған қарияның хал-жағдайын сұрап, көңіл күйін бір көтеріп тастады. Сүйегі асыл қария жасының тоқсан беске таяғанына қарамай өз еңбек жолын туған жер тарихымен сабақтастыра өрген «Тоғыз белес» деген төлтумасымен таныстырып, ақ тілегін ақтарды.
Осы күні түрлі салада еңбек етіп зейнетке шыққан 40-қа жуық ардагер аға-апаларымыз аудан әкімінің арнайы жайған дастарханында бас қосып, мерекелік лебіздерімен бөлісті. Сол сияқты аудандық еңбекпен қамту және әлеуметтік қолдау бөлімі басшылығы кенттегі жалғызбасты және қамқорлықты қажет ететін ардагерлердің басын қосып, дәм-тұзын ұсынып, көңілдеріне хоштық сыйлады.

Атаулы шара жалғасын тауып, аудан әкімі аппаратында жұмыс істеп, зейнетке шыққан зейнеткерлерімізге де сый-құрмет көрсетілді. Олардың алдында сөз алған аудан әкімі Мұрат Жолкелдіұлы: «Елдің дамуына халқадірінше қызмет еткен, бойдағы бар тәлім-талабын соңынан ерген жастарға аманаттап кеткен ардагер ағаапаларымызды ортаға алып отырмыз. Біз қай уақытта да осы кісілердің бастап кеткен жұмыстарын жалғастырудамыз. Сондықтан осы аяулы жандардың саналы сезімде, куш-қуаты мол кезінде  елге жасаған еңбектерін ел біледі. Кейінгі толқын аға буынның асқаралы істерін қай кезде де үлгі тұтып, қадірлепқастерлейтін болады. Сіздер әлі де халықтық мәселелерде қасымыздан табылып, елдік мүддеге келгенде мүлт кетпеуімізге қамқор-қолдауларыңызды танытып келесіздер. Міне, осы асыл ниеттестігіміздің нәтижесінде Мемлекет басшысының алдымызға қойып отырған міндет-талабын бірге еңсеретін боламыз. Отбастарыңыз аман, дендеріңіз сау болсын», – дей келе бүгінгі күні арнайы шақырылған ардагерлерге Алғыс хаты мен бағалы сыйлықтарын табыс етті. Олардың қатарында Серхожа Ыдырысов, Пахмаддин Айнақожаев, Әзия Қыстаубаева, Тұрсын Нематова және Досыбаев Нұрғали аудан басшысының құрметіне дән-риза алғыстарын жеткізді.

Қарияларға құрметтілік таныту, егделене келе жас сәби сынды жылылық аңсар жұқа көңіліне тіреу болу, қай жерде көріп, кездесіп қалсақ та жан шуағын төгіп, қолтығынан демеп, қошеметімізді аямау – әрбіріміздің міндетіміз. Неге десеңіз, қарамыздан ерген қарындастың қас-қабағына жәутеңдеген титімдей ықыласқа тәуелділікті күні ертең тағдыр шіркіннің әрбірімізге еншілетері өмір заңдылығы. Халықтық өнегеміз өрісімізді кеңейте бергей!

Баян Үсейінова

01 қазан 2022 ж. 591 0