Халықаралық қарттар күні Ел іші қарттарымен еңселі
Ақиқатты айқындап жариялар,
Бара жатыр азайып қариялар.
Дауыл тұрса, бүлк етіп толқымайтын,
Бара жатыр сарқылып дариялар... деп - Мұқағали жырына арқау болған ақылы дария қарияларымыздың халықаралық мерекесі.
«Араздасып ағайын кетер еді, бір қария болмаса бір ауылда»,- деп татулық пен берекенің, даналық пен парасаттылықтың символы бола білген қарттарын қазақ жұрты ежелден құрметтеген, ізетпен лайықты сый-сыяпатын көрсеткен.
Молшылықты күз мезгілімен ілесе жететін 1-қазан - Халықаралық қарттар күні мерекесінде бұл қошемет – құрмет тіпті еселене түседі. Ерекше мейірімді мерекеде жас буын өкілдерінен ыстық ықылас қарша борайды.
Сол ізгі дәстүрмен Жаңақорған аудандық соты да аталмыш мерекеге орай бейнеттің зейнетін көріп отырған жандардың басын қосып, бір серпілтіп тастады.
Үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету – ата-бабадан келе жатқан салтымыз. Қарттардың өмірлік тәжірибесі мен ақыл-кеңестері, тәлім-тағылымдары біз үшін орны бөлек. Себебі, әрқайсыларының өңіріміздің өсіп-өркендеуіне қосқан үлестері мен еңбектері ерен.
Бүгін, еңбектерінің зейнетін көріп отырған шақта да Сіздер ұрпақтарыңызға игілік пен ізгіліктің, пайым-парасаттылықтың үлгісін танытудан жалыққан емессіздер. Ел басына күн туған, қиын-қыстау күндерде халқына сүйеу, жұртына қамқор болатын қарттарымыз қашан да аман болсын деп жүрекжарды тілегін арнай келе Жаңақорған аудандық соты төрағасының міндетін атқарушы И.Тунгышбаев пен кеңсе меңгерушісі Б.Налибаева ұжым атынан құттықтап сыйлықтар табыс етті!
Ақпарат: Жаңақорған аудандық сотының баспасөз қызметі.