Жасы үлкен кісіні құрметтеу рәсімі қазақ қоғамында ежелден бар. Ондай құрмет адамның қай рудан, қай жүзден, қай ұлттан екендігіне қарамай көрсетілетін. Осындайда қарттарын ардақтай білген елдің рухы үстем, шаңырағы биік болатынына сенесің. Міне, осы қағиданы берік ұстанған аудан әкімі Мұрат Жолкелдіұлы өткен аптада сексеннің сеңгіріне шыққан ауданның Құрметті азаматтары Мұзарап Махмудов, Тасболат Төребаев және Әлібек Сүгірбаевтарды қабылдап, құрмет көрсетті.
Саналы ғұмырын ауданымыздың өсіп-өркендеуіне, әлеуметтік-экономикалық дамуына арнаған ауданымыздың құрметті азаматы Мұзарап Махмутұлы, Әлібек Мүбәракұлы және Тасболат Төребайұлы сынды ағалар есімі аудан жұртшылығына жақсы таныс. Олардың бірі ұзақ жылдар бойы ауданымызда азаматтардың өмірі мен құқын қорғауға, сондай-ақ қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жолында ішкі істер саласында қажырлы еңбек етсе, бірі кәсіби есепші ретінде біліктілігімен танылып, аудан көлеміндегі мекемелер мен шаруашылықтардың жұмысын қадағалап, әділеттіктің салтанат құрылуы жолында бар уақытын сарп етті. Ал енді бірі бүкіл мағыналы ғұмырын қарапайым жүргізушіліктен бастап, автотранспорт кәсіпорны басшысына дейін көтеріліп адал еңбек иегері атанды. Осындайда ердің атын қашан да еңбегі шығаратынына сөзсіз сенесің.
Өмірлік тәжірибесі мол, көпті көрген, дана, елге айтары бар осындай кісілер ақсақал деп қадірленетін болған. Сондықтан үлкенді сыйлау атабабамыздан келе жатқан игі салт. Тіпті оларды сыйлап, құрмет көрсету әрбірімізге парыз.
Ал өз кезегінде мерейлі мерекеде бас қосқан 80 жасты еңсерген ардагерлерге аудан басшысы Мұрат Жолкелдіұлы ізгі тілегін былайша білдірді.
– Халқымызда «Қарты бар ел – қазыналы ел» деген дана сөз бар. Қариясын қадірлеп, үлкенін үлгі тұтқан елдің ұрпағы ретінде біз алдыңғы буын аға-апаларымызға зор құрметпен қараймыз. Ендеше жасы үлкенге құрмет көрсету, қарттың бүгілген беліне сүйеу болу – біздің ата дәстүріміз. Бізді өмірге келтірген, тіршілігімізге нәр берген ата-ананың алдында міндетіміз өлшеусіз екені белгілі. Сондықтан ақсақалдарымыздың қадіріне жетіп, құрметтейік, бас иеиік, өмір бойы борыштар екенімізді ұмытпайық деген ниетпен өздеріңізге құрмет көрсетуді парыз санадым, – деді әкім.
Одан әрі Мұрат Жолкелдіұлы өмірі өнегеге толы ардагерлерге «Алғыс хат» табыс етіп, иықтарына шапан жауып, сый-сияпат көрсетті. Мәслихат хатшысы Ғалымжан Жарқынбекұлы да шынайы тілектестігін білдіріп, ардагерлердің қызмет атқарған жылдардағы нәтижелі еңбектері туралы айтып, бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан қарияларымызға қандай құрмет көрсетсекте де аздық етпейтінін тілге тиек етті.
Қазақта «Төріңнен қарт кетпесін» деген әдемі сөз бар. Үлкенге құрмет көрсету мен кішіге ізет көрсету жалпы қазақта тәптіштеліп үйретумен емес, күнделікті тіршіліктен-ақ баланың бойына сіңіп кеткен қасиет. Өйткені қай істі бастасақ та осы қағиданы ұстанамыз. Белгілі бір мәселені де алдымен үлкендермен ақылдасып, сол кісілердің батасын алып барып қана бастаймыз. Демек, қариясын қадірлеп, үлкенін үлгі тұтқан елдің ұрпағы ретінде алдыңғы буын аға-апаларымызға зор құрметпен қарап, олардың атқарған еңбектерін келешек жастарға үлгі ету мына біздердің қоғам алдындағы азаматтық борышымыз болып табылады.
Тағылымды шарада мерейтой иелеріне құрмет көрсеткен аудан әкіміне шынайы алғысын білдірген аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірсерік Тақырбасов алдағы уақытта ауданды дамыту мақсатында атқаратын жұмысына жеміс тіледі. Сонымен қатар, ардагерлер де сөз алып, алғаусыз алғысын жаудырды.
Лаура Бибасарова