№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Диқан - дала перзенті

Диқан - дала перзенті


Ерте көктемнен егіс басына келіп, алты ай алқаптағы атыраппен арпалысып, ала жаздай тер төгіп, ерлерге қолғабыс болған кешегі аналардың сарқыты әлі сарқылмапты. Сыр беткейдегі ауылдардың тыныс-тіршілігінде осындай жаны нәзік болғанымен еңбегі ерлермен пара-пар аналарды кезіктіріп қаламыз. Иә, нағыз дала еңбегінің көркін қыздырып, кетпені иығынан түспей, күні-түні қырман басында маңдай термен нәпақасын тауып жүрген ақ жаулықты аналарды қалай дәріптесек те жарасады. Міне, сондай қызметтің төрінен біз Жаңарық ауылының тұрғыны Хамат Жұмабаеваны жолықтырдық. Сәті түсіп, өткен сенбіде Хамат апайдың шаруасымен танысуға жол тарттық.

  Аудан орталығынан Байкенжеге барар жолдың оң жақ жағалауы жайқалған бақшалық біздің кейіпкеріміздің еңбегінің жемісі. Отағасы Омар Досантаев екеуі биыл осы алқапқа алғаш дән тастаған. Шүкір, бақша өнімдері жеміс беріп тұр.

 – Биыл тәжірибе ретінде 1 гектарға тары, 2 гектар жерге қауын және жүгері, азын-аулақ қарбыз дәнін тастадық. Осының өзі үлкен бейнетті талап етті. Бірақ, еңбек еш кетіп жатқан жоқ, шығымы жақсы. Бір әттеген-ай дегізер тұсы – қауынға сұраныс төмен. Сонда да қалаға жөнелтіп жатырмыз. Негізі бұл жайылымдық жер, осы маңда 100 гектардай жеріміз бар. Жыл сайын жерді ұлғайтып, өнім көлемін еселесек деген ниетіміз бар, – деді Омар ағамыз.

 Хамат апай алтын құрсақты ана, 7 ұлды өсіріп, барлығын ұяға қанаттандырып, немере сүйіп отырған жан. Перзенттерінің басым бөлігі құқық қорғау саласында қызметте екен. Тек кенже ұлы ғана бойдақ, ата-анасының жәрдемшісі.

 – Өзім су шаруашылығынан зейнетке шыққан жанмын. 40 жылдай елге қызмет жасап, енді алаңсыз егін шаруасына бет бұрдым. Ал, отағасы әлі де халық қызметшісі. Ол да су маманы. 2017 жылы «Нұрай» шаруа қожалығын ашып, еңбек ете бастадық. Жалпы кезінде совхоз тарағанда ауылдағы ағайынға жер телімдері берілген еді. Міне, сол құмдағы қара жерден жергілікті жұрт нәпақасын тауып келеді. Біз де солардың қатарындамыз, енді егісті жер аудартып егудеміз.

– Қандай қиындықтарға кезігіп жатсыздар?
– Шыны керек, алғашқы жылы шығынымыздың өзіне 5 млн-дай қаржы жұмсалды. Жер жырттық, дән сеуіп, арық қаздырдық. Су айдайтын мотордың өзі 2 млн теңгеге жуықтады. Жалпы біздің қиналатынымыз тұсымыз техниканың жоқтығы. Жалдамалы трактор, жер жыртудың өзі қалтамызды қағып түсірді. Бұйырса, келер жылы сатып алуға ниеттіміз. Мемлекеттен қолдау болса, – деді шаруашылық төрайымы.
 Қазір техника алғандарға мемлекет субсидия береді, яғни 25 пайызын өтеп беруге міндетті. Оның үстіне, облыс әкімі де бақша өнімдеріне басымдық беруді тапсырып, тиісті міндеттер жүктеген. Өйткені, келешек судың тапшылығынан әртараптандыру бағытына қолдау қажет-ақ. Шаруашылықтың есебінде тары мен қауыннан бөлек, жоңышқа, күріш және жүгері бар. Ешкімге алақан жаймай, мемлекеттен де субсидия алмай, тынымсыз тірлікте жүрген бір ғана шаңырақтың шаруасы осындай. Қазір қауын пісіп, бала-шаға, немерелері егіс басында жүр. Күніне 1000-нан аса қауын тиеп жібереді. Тары да пісіп, орымға жақын тұр екен.

 Жалпы 2000-ға жуық халқы бар Жаңарықтағы жұрт егін шаруасымен қатар төрт түлігін түгендеп, тіршілігін осылай түзеп келеді. Күріштен бөлек жұрт құмға барып, қауын егеді. Дәмі тіл үйіреді, тек бейнеті тым көп. Осы еңбексүйгіштігімен жер анадан несібесін теріп жүр. Округтің бас маманы Серікбай Құлатаев ағамызбен қырман басында болып, қызу тірлікті көріп қайттық.

 – Ауылда 46 шаруашылық бар, барлығы дерлік күріштен кәсібін айырып отырғанымен биылдан бастап бақша өнімдеріне ден қоюды қарастыруда. Малдың жайын реттеп, қыстың қамында жүр. «Нұрай» шаруа қожалығының биылғы тәуекелділігі көпке үлгі болды. Жай ғана жайылымдық жерге дән тастап, мол өнім алу өте қиын. Қаншама еңбек, күш-жігер кетті. Келер жылы тағы 2-3 гектар егіс көлемін кеңейтуді көздеп отыр. Ауылдағы ағайынның бәрі қазір осы алты айғы бейнеттің зейнетін көруге қамдануда, – деді Серікбай ағамыз.
Міне, Хамат анамыздың бақша басындағы бір күндік тоқтаусыз тірлігі осылай өрістеп келеді. Бұл да жастарға үлгі-өнеге.

Әлібек Жарықбаев
16 шілде 2023 ж. 315 0