№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ауылдың тартуы – Ақмешіт төрінде

Ауылдың тартуы – Ақмешіт төрінде


Өткен сенбіде жаңақорғандық диқандар ала жаздай Жер-Анадан терген ырзық-несібесін көлікке тиеп Қызылорда қаласына жол тартты. Тұңғыш Президент күні қарсаңында аудан әкімдігі ұйымдастырған ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі әдеттегідей облыс орталығындағы Астана даңғылы бойындағы Е.Көшербаев пен А.Иманов көшесінің қиылысында тұрақтады. Дала еңбеккерлері көкөніс, бақша өнімдері мен жеміс-жидек өнімін нарық бағамынан төмен бағада тұрғындарға пұлдады.


Біздің елге ерте көктемде келген індеттің салқыны азық-түлік бағасына да кері әсерін тигізбей қоймады. Кейбір өңірлерде алып­сатарлар нарықтың бағамы сан рет құбылуына әсер етті. Бір жағынан егіс көлемі қысқарып, өнім импорты азайып кете ме көп үрейленгеніміз рас. Бірақ бұл кесел егін шаруасын тұсаулай қоймады, диқандардың маңдай тер, еткен еңбегінің арқасында өнім­нің көлемі жоспарлы межеден артығымен орын­далды. Шыны керек, тұрғындардың негізгі тұтынатын тауарларының көбі картоп, асқабақ, ет пен балық екені белгілі. Жәрмеңкеде қызылордалықтар өнімнің осы түріне басымдық берді.
Аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің мәлі­метіне сүйенсек, жылдың соңғы жәрмеңкесіне 13 ауылдық округтен 160 тонна өнім жеткізілген. Нарық бағамынан 17-20 процентке төмен сатылған 11 млн-ға жуық теңгенің өнімі кешкі сағат сегізге дейін өтіп кетті. Қаз-қатар сауда қатарында Жайылманың құнарлы топырағына піскен қарбызы мен Өзгенттің тіл үйірер балы, Қожамбердінің алып асқабағы мен Сыр беткейдегі ауылдың көкөніс өнімі менмұндалады.
– Биыл егін шаруасы ширай түсті, өйткені әртараптандыруға көбірек мән бердік. Сондай-ақ ғылыми айналымға күріштен бөлек күздік бидайды енгіздік. Атқарылып жатқан жұмыстар аз емес, соның жемісі бүгінгі жәрмеңкеде көрінді. Биылғы жылды жақсы қорытындыладық, бірақ келер жылға дайындықты пысықтап, бұдан да мол өнім алуымыз керек. Нарықтық экономика осыны талап етуде, сондықтан шаруалардың еңбегі еселеніп, жаңа кезеңге аяқ басатын сәті келді, – деді аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Тұрған Базарбаев.
Еңбекті еселейтін өнімнің шығымы. Биыл шаруалар 35 340 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастырды. Оның ішінде, дәнді дақылдардың үлесі 12418 гектарды құрады. Дала еңбеккерлері күріш пен бидайға басымдық берді. Сонымен қатар сұранысты арттырған картоптың да биылғы шығымы мен өтімі жақсы болды. Оны жәрмеңкеден анық байқауға болады. Мал азығына да сұраныс өте жоғары. Бірақ жем өзімізден артылар емес. Әйтпесе жоңышқа мен құрама жемді экспорттау қожа­лықтар қолынан келетін іс.
Қылышын сүйретіп қыс та келді. Сырдың суық желіне қарамастан қызылордалықтар арбасын сүйрете келіпті қап-қаптап қысқы азығын алуға ерте қамданды. Өйткені биылғы азық-түлік өнімдерінің соңғы жәрмеңкесі дегенді естіген қала халқы қорегін көбірек алуға тырысты. Баға да қолжетімді, сапасы да сын көтереді, тауарлар нарық бағамынан 15 процент төмен сатылуда. Мерекелік көңіл-күйде болған сатушылардың саудасы жүрді.
– Жалпы бағаны жәрмеңке тұсау­лайды, деген рас-ау. Өйткені азық-түлік бағасы нарықтағы бағадан сәл болса да арзан. Жылда кем дегенде 5-6 рет жәрмеңке ұйымдастырылып, қала тұрғындарды қажетін өтеп қайтатын еді. Биыл да жаман емес, бірақ жәрмеңкені пайдаланып, қыс­қы азықты жинап аламыз. Әрине кейбір тауарлардың баға­сына көңіліміз толмайтыны рас, бірақ диқандардың еңбегінің арқа­сы ғой мұның бәрі. Сондықтан жаңақорғандық егіншілерге рахмет айтамыз, – деді Ақкүміс апа.
Иә, тұрғындар да дән разы, сатушылардың да көңіл-күйі көте­ріңкі. Таңғы тоғыздан сатылған жәр­меңкелік өнімдер түстен кейін таусылып, бос көліктер ауданға қай­та жол жүрді.
– Былтыр да қарбызбен бірге 4 гектар жерге асқабақ дәнін тастаған едік. Өнімнің шығымы жақсы болды. Бүгінгі жәрмеңкеге 6 тонна асқабақ алып келдік. Асқабаққа сұраныс жақсы екен. Қыстық қарбызды ке­ле­сі жәрмеңкеге шығарамыз, – деді аққорғандық «Ұлтай» шаруа қожалығының төрағасы Мұха­мед­жан Сайпидинов.
Биылғы өнімнің бағдарын бай­қадық, егінші қауымның еткен еңбегін көрдік. Енді келер жылы да осы қарқынын жоғалтпай, ди­қан­дар қамбаны астыққа есе­леп толтырамыз деген үмітте. Бұған жаңақорғандық ағайынның шамасы жетеді. Оның игілігін осы­лай Ақмешіт төріндегі жергілікті жұрт­шылық жемісін көріп, тілегін жеткізе берсін.

Әли ТЕМІРБЕК
01 желтоқсан 2020 ж. 572 0