№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Тіл тағдыры - ұлт тағдыры

Тіл тағдыры - ұлт тағдыры


Қазіргі қазақ қоғамының басты мәселесі – ана тіліміздің бүгіні мен болашағы. Егемен ел болғалы еңсеміз тіктеліп, әлемдік сахнада орнымызға орныққанымызбен, олқылымыз тілімізге тіреліп тұрғаны қынжылтады. Сондықтан, Мемлекет басшысы «Жаңа Қазақстан» құрудағы алғашқы алғышарттарының негізі етіп қазақ тілінің қадір-қасиетін қайта қалыпқа келтіруді көздеп отыр. Өйткені, «тіл тағдыры – ұлт тағдыры», ұлттың тарлан тарихына таңба болып басылатын тілдің келешегі қазірден басталуы керек. Бұл бойынша қандай жұмыстар жүргізілуде немесе ана тілдің тағдыры қалай дамуда? Осы және өзге де сауалдарға сүйеніп Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы аудандық филиалының төрағасы Ізәтілла Нәрзілдаев ағамызбен сұхбаттасқан едік.

2017 жылдың 31 қазан айынан бастап Қазақстан халқы тілдерінің күні мерекесі аталып өтілуде. 2018 жылдан бастап Тілдер мерекесі қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы, ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай, 5 қыркүйекте мерекеленіп келеді.

 – Бұл мереке – Қазақстанда тұратын барлық этнос өкілдерінің ана тіліне құрмет көрсететін ортақ мейрам. Біздің елімізде 130-дан аса өзге этнос өкілі тұратын болса, Жаңақорған ауданының өзінде 20-ға жуық түрі басқа болғанымен тілегі бір, ділі басқа болғанымен тілі бір ағайындылар тұрады. Мәселен, бір ғана Төменарық ауылында аудандағы барша ұлт өкілдерінің тұрғындары тіршілік етеді. Барлығы ана тілінде сөйлейді, қазақ тілін құрмет тұтады. Біз көпұлтты мемлекетпіз. Бұл тарихи даму жолымен қалыптасты және бұл біздің еліміздің кемшілігі емес, басқалардан артықшылығы. Тәуелсіздіктің негізгі тірегі – ұлттың тілі, діні, ділі. Бұрынғы даналардан қалған «Қанша тілді білсең, сонша мәдениеттісің, сонша байсың» деген сөз бар. Әрине, құптарлық ой, бірақ, өзге тілді игеремін деп жүргенде өз тілімізден айрылып қалмау жолын қатаң қадағалау керек. Ұлтшылдық рух жоқ жерде, ұлтқа адал қызмет ету де жоқ. Осыған көзіміз жетіп отыр.

 – Егемен ел болғалы тіл төңірегіндегі талқылау толастаған жоқ.
– Иә, Тәуелсіздік алғалы бері тіл мәселесі аз сөз болып жүрген жоқ. Тіл туралы ғалымдар да, мектеп ұстаздары да, қоғам қайраткерлері де толғанып, мақала жазып, тілді сақтау жолдарын айтып, дабыл қағуда. Тіл табиғаты мен саясаттың арасында өзара байланыс орнату үшін «Тілімізді ұстартып, қоғамның талабына сәйкес дамытамыз десек, ең алдымен оның табиғатына маман көзімен қарап, жан-жақты зерттеп алуымыз керек. Тіл табиғаты математика объектісі тәрізді нақтылы, әрі нәзік жанды құбылыс. Оған қарадүрсін көзқарас, үстірт пікір, тұспалдап айтылған долбар-тұжырым жарамайды. Олай болса, тілдің тек әлеуметтік жағдайын ғана ойламай, оның ішкі дүниесіне де, даму заңдылығына да үңіле қарап, оны санаға сала сараптағанымыз жөн» – дейді қазақтың біртуар ғалымы Өмірзақ Айтбайұлы.

 Бабадан балаға мирас болып, ұрпақ сабақтастығы арқылы жалғасып, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келе жатқан ана тіліміздің өмір сүру, даму үдерісінде түрлі белестер мен қырқалардан асуы, биікке өрлеу және шыңнан төмен құлдырауы аз болмады. Әр дәуірде шапқыншылыққа ұшырап, басқыншы елдердің рухани қысымының салдарынан тіліміз шұбарланып, өзгенің тілдік бірліктерінің енуі арқылы тілдік қордағы кірме сөздердің көбеюі орын алса да, тіліміз шалажансар күй кешсе де, қайта тіріліп, қайта жанданып келеді. Елімізбен бірге тіліміз де ғасырлар тоғысында сан тауқыметті тартса да, дәл бүгінгідей тынысы тарылып, тығырыққа тірелмеген шығар, сірә! Оның барлығын тарих қойнауына жіберетін сәт те алыс емес.

 Дұрысы, ана тілдің айбынын асқақтатып, төр-тұғырына қондыратын уақыт келді. Тәуелсіздігіміздің қуатты құралы, асыл ой мен парасат белгісі, елдігіміз бен бірлігіміздің туы бола білген қазақ тілінің қадірін ұғынып, қасиетін айқындайтын мезгілге де жеттік.

 – Тіл – мемлекеттің табан тірейтін тұғырлы темірқазығы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда көрнекі ақпаратта орыс және қазақ тілін пайдалануды регламенттейтін заңға қол қойды. Жаңа Ережелерге сәйкес көрнекі ақпаратты орыс тілінде жазу енді міндетті болмайды. Сондай-ақ жол белгілеріндегі жазбаларды мемлекеттік тілде жазу, хабарландыруларды, жарнамаларды, баға белгілерін, мәзірлерді, нұсқауларды да қазақ тілінде жазу мүмкіндігіне қол жеткізілді. Мемлекеттік тіл шын мәнінде ұлттық саясаттың өзегі, діңгегі дейтін болсақ, қазақ тіліне басымдық беріп, техника, экономика, саясат тіліне айналғаны жөн.

 Соңғы жылдары қоғамдық ұйымдардан мемлекеттік тілді дамыту мәселесін көтеріп жүрген азаматтарды марапаттау үшін салалық төсбелгі әзірлеу туралы ұсыныс түсіпті. Осы мәселе биыл қолға алынып, шешім республикалық деңгейде қабылданып, нәтижесінде «Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін» атты төсбелгі әзірленіпті. Бұл да дұрыс үрдес, ендігі мәселе ана тіліміздің толықтай қолданыста да, құжат жүзінде де жүзеге асып, әлемдік рейтингте рөлін жүйелеу. Ол уақыттың еншісінде, бастысы жастар осы мәселені жолға қойса игі...

 – Ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға тоқтала кетсеңіз.
– Биылғы жылға дейін атқарылып жатқан жұмыстардың басым бөлігі ана тілдің қоғамдағы орнын ілгерілету. Мемлекеттік тілді меңгергендердің үлессалмағын 2025 жылға қарай кемінде 95 пайызға жеткізуді мақсат еткен Президенттің межесі аясында тілді оқыту жұмыстары, сондай-ақ мекеме қызметкерлерінің мемлекеттік тілді меңгерулері мен одан әрі дамытулары үшін жан-жақты мүмкіндіктер қарастырылуда. Бұл дегеніміз қазақ тілдің қасиетін ұлықтау алдымен мемлекеттік қызметшілерден бастау деген сөз.

Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастамасымен аудан әкімдігінің қолдауымен түрлі шаралар өткізілуде. Мәселен, 4 жазба ақындар арасындағы жыр мүшәйрасы, 3 көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы өтуде. Соларың басы-қасында жүріп, жоғары деңгейде өтуіне тілекшіміз.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Әли ТЕМІРБЕК
06 қыркүйек 2022 ж. 234 0