Жерлесіміз – Жеңіс тұғырында
Бүгінде аудан жастарының деңгейі қай салада болмасын жоғары. Өйткені Тәуелсіздіктен кейін туған жастар еркін қимылдап, ойын тік айтады, шығармашылыққа бейім келеді. Алдыңғы ағаапаларына қарағанда бөлек жағдайда өскен соң ба, осындай қасиеттерімен ерекшеленеді. Сонымен қатар білімпаз, жанжақты және халықаралық деңгейдегі жаңалықтарды білуімен көпті таңқалдырып, қай салада болмасын озық екендіктерін де дәлелдеп жүр. Бұл әр қазақтың ақылынан бөлек, өте төзімді, алға қойған мақсатынан ешқашан таймайтынын білдіреді. Сондай жастың бірі жақында республикалық байқауда қанжығасына «Бас жүлдені» байлаған Айжарқын Найманбай.
Ол жастайынан әдебиетке, өлең оқуға, шығармашылықпен айналысуға жаны құмар болып өсті. Мектеп табалдырығынан бастап мәдени шараларға атсалысып, біраз тәжірибе жинақтаған Айжарқын арман қуып Алматы қаласына келеді. Сондағы бар арманы – Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясына оқуға түсу. Бала арман алдасын ба, жас жеткіншек академияға «кинотану мамандығы» факультетіне оқуға түсіп, оны ойдағыдай тәмамдайды. Осылайша алғашқы еңбек жолын 2018 жылы «Қазақфильм» киностудиясында ұйымдастырушы болып бастайды.
Одан кейін Аbai.kz ақпараттық-танымдық порталында штаттан тыс тілшісі жұмысын қоса атқарады. Туған жерге туын тігіп, оқып-үйренгенін кіндік қаны тамған жеріне жұмсауды мақсат еткен ол 2019 жылы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне әдіскер болып жұмысқа қабылданады. Өзін түрлі бағытта танытып, берілген тапсырманы тиянақты орындауымен көзге түскен Айжарқын осы күні жастар арасында қызыға да қызғана да қарайтын талантты өнерпазға айналды. Бұл да еткен еңбектің арқасында келген бақ. Енді міне, аудан атын республика көлемінде танытуда.
Өткен аптада кейіпкеріміз Қазақстан Республикасы «Мәдениет саласының үздігі» медалінің иегері, журалист, ақын Гүлмира Нәлібайдың авторлық жобасы аясында ұйымдастырылған өнер байқауында «Ақындық өнер» номинациясы бойынша Бас жүлденің иесі атанды.
– Әдебиетіміздің болашағын ойлау, жастарға деген қамқорлық еш уақытта күн тәртібінен түскен емес. Жастар творчествосын сөз еткен арнайы жиналыстарды былай қойғанда, әрбір пленумда, әдеби жыл қорытындыларына арналған жиналыстарда жастар творчествосы жайлы жиі-жиі сөз қозғалады. Оларға қамқорлық жасаудың түрлі жолдары айтылып, өздерін көрсетуде түрлі байқауға қатыстыруда жол нұсқау біздің міндет. Міне, осындай талап-тілек үдесінен шыға білген Айжарқын әріптесіміз мерейімізді үстем етіп отырған жайы бар. Оған шығармашылық ұжым атынан тек қана сәттілік тілейміз, - деді мәденеит үйінің директоры Зульфия Шалабаева.
Ережесі оңай көрінгенімен, қойылған талаптың қиындығын айтып өткен жаңақорғандық жеңімпаз Қазақстанның түкпір-түкпірінен, атап өткенде Семей, Өскемен, Қызылорда, Астана, Алматы каласы және басқа да облыстардан келген нағыз бабы мен бағы келіскен кіл мықтылармен сайысқа түсу оңай болмағанын жасырмады. Соған қарамастан жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанған жерлесіміз белгіленген тәртіп бойынша өзінің авторлық шығармасы «Өкініш» өлеңін оқыса, екінші шығарма ретінде ақын Дәулет Тұрлыхановтың «Ауылға сағыныш» өлеңін тарту етті.
Сайыс нәтижесі бойынша «Өнерлі елдің Өресі биік» атты республикалық байқауда сөз маржаны төгілген кереметтей туындысымен топ жарған Найманбайдың Айжарқыны көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Ендеше біз де ұжым атынан есімі елге таныла бастаған өнерпаз жерлесімізді жүлдесімен құттықтап, шығармашылық табыс тілейміз.
P.S: Жалпы өнер саласына қатысты кез келген жоба үлкен еңбек пен үлкен жауапкершіліктен тұрады. Ал еңбек пен жауапкершіліктен қашпау бүгінгі кейіпкеріміздің ұстанған бағыты «межеге жетудің кепілі» екені анық.
Лаура Бибасарова