№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » МАҚСАТ – ЧЕМПИОН АТАНУ

МАҚСАТ – ЧЕМПИОН АТАНУ

Жаңақорған ауданында еркін күрестің шоқтығы биік. Осы спорт түрінде нәтижелі өнер көрсетіп жүрген балуанның бірі – Азамат Шағапұлы.

– 12 жасымда Серік Әбдімау­леновтен еркін күрестің әліппесін үйреніп, жеңісті жолымды бастадым. Сонымен қатар Ильман Изатов та бағыт-бағдар көрсетуде аянып қалған емес. Ең алғаш жеңіс тұғырына көтерілген сәт әлі есімде. Төменарық ауылында жасөспірімдер арасында өткен облыстық біріншілікте 32 келі салмақта топ жаруым, бойыма чемпиондық рухты сіңіргендей болды, – дейді балуан.
2007 жылы Каркен Ахметов атындағы Олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжіне оқуға түседі. Онда Азаматтың екінші тынысы ашылып, жауапты аламандарда атой сала бастайды. Атап айтқанда, 2007 жылы жастар арасында ҚР чемпионы, Еуразиялық Ойындарының жүлдегерлері қатарынан көрінеді. Жастар арасында Азия чемпионатында дара шығады.
Одан кейін ересектер арасында да қанжығасы құр қайтпайды. Алғашында 55 келі салмақта, одан кейін 61, 65 келіде чемпионат қорытындысымен жүлдегерлер қатарына ілініп, ұлттық құрамаға шақырту алады. Оның спорттағы жұлдызды шағы ЦСКА қатарында әскери борышын өтеген кезбен тұспа-тұс келді. Әскерилер арасындағы Әлем чемпионаты мен Олимпиада ойындарында ел намысын лайықты қорғап, жүлделі орыннан көрінді.
Білікті балуан Қазақ спорт және туризм академиясына оқуға түсіп, ілімін жетілдіруді мұрат етеді. Қазірде ұлттық құраманың мүшесі ретінде дайындығын пысықтап, техникалық, тактикалық шеберлігін жетілдіруге мән беріп, жаттығу залынан ұзаған емес.
Жеке жатттықтырушысы Серік Әбдімауленов: «Бала кезінен көз алдымда өсті. Азаматтың бойында жеңіске деген құштарлығы ерекше. Жүректі балуан. Қарсыласы қандай даңқты болмасын жеңу үшін кілемге шығады. Бәрінен бұрын, еңбекқор спортшы. Бағы мен бабы келіссе Токиодағы Олимпиада ойынына бару үшін еңбектенуде» деп балуанның мақсат-мұратымен бөлісті.
– Қазір менің ойым тек күресте. Жарақаттан аман болсам, әлі де биік белестерді бағындырып, еліміздің көк туын асқақтатамын. Өз әлеуетімді Азия және Әлем чемпионатында тексеріп көрдім. Ешкімнен кем емеспін. Нәтижелі өнер көрсетуге болады. Спортта жеңіс бар жерде жеңіліс те болады. Сондай уақытта өзіңді психологиялық тұрғыдан да дайындауың маңызды. Ең басты алға қойған мақсатым – жанкүйерлерімнің үмітін ақтап, ел намысын әлемдік аренада абыроймен қорғау, – дейді кейіпкеріміз.
Бүгінде балуандардың барлығы алда өтетін бәсекелерге қызу дайындық үстінде екенін Азаматтан білдік. Жерлес балуаннан тек жеңісті күндер жолдас болсын дейміз.

Лаура БИБАСАРОВА
02 шілде 2019 ж. 863 0