№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Айжарқынның жарқын жеңісі

Айжарқынның жарқын жеңісі


Халықаралық тарихи орындар мен ескерткіштерді қорғау күніне орай ақын Асқар Тоқмағамбетовтың шығармашылығына арналған «Жауһар жырдың Асқары» атты көркемсөз оқу шеберлерінің облыстық байқауы өтті. Аталмыш өнер додасында бағын сынаған жерлесіміз Айжарқын Найманбай топ жарды.


Онлайн бағытта өткен облыстық байқауда аудан намысын қорғаған Айжарқын байқау ережесі бойынша екі кезеңнен де сүрінбей өтті. Алғашқы кезеңде Асқар Тоқмағамбетовтың «Вот и все» шығармасын оқыса, келесі кезеңде қазақ сатирасына елеулі үлесін қосып жүрген Көпен Әмірбектің «Әттеген-ай» өлеңін оқыды.
– Құралай Мұсахметованың ұсынысы бойынша аталмыш байқауда өз бағымды сынадым. Қазақ әдебиетінде сатиралық поэзияның негізін қалаушы әрі дамытушылардың бірі болған Асқар Тоқмағамбетовтің мұрасын насихаттайтын байқаудың маңызы зор. Байқау жас өнерпаздың шабытын шыңдайтыны сөзсіз. Ақынның рухани мұрасынан қоғамның ащы шындығын оқисың. Оқисың да еріксіз таң қаласың. Қағытпа әзілмен жеткізілген салмағы ауыр ақиқат сол уақыттағы атқамінерлерді қамшылайды, – деді ол.
Байқауға «Қалалық мәдениет үйі, клубтар және халықтық ұжымдар» мекемесінің директоры Эльмира Қанатбаева, А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінің директоры Ж.Болатбекова, облыстық халық шығармашылығын дамыту орталығының маманы Қ.Мәлік қазылық етті. Елге белгілі өнер мамандарының көңілінен шығып, бас жүлде алған Ақжарқынның келешегінен үлкен үміт күтеміз.
Ол жас та болса ауқымды іс-шаралардың басынан табылып, жауапкершілік жүгін арқалап жүр. Өзінің «Айжарқынмен сұқбат» атты авторлық жобасымен де көпке танымал. Осы уақытқа дейін Қалила Омаров, Мұхтар Ниязов, Баян Үсейнова, Шәрбану Жиенбаева сынды тұлғаларды ашық сұқбатқа шақырып, қонағына тосын сұрақ қойып, көрерменінің көңілінен шыға білді.
– Жұмысқа алғаш кіріскен күннен бастап дауыс дикциясымен, кескін-келбетімен, өнерді өмірім деп санайтын ерекше құрметімен көзге түсті. Берілген тапсырманы дер кезінде орындайтынын да байқап келемін. Тың идеяларын да жасырмайды.Талай тартысты додаларда биіктен көрініп жүрген осындай жастар қоғамнан өз бағасын алуы керек. Сондықтан біздер Айжарқынды әлі талай биіктен көретінімізге сенімдіміз, сенеміз, – деді өнерде бағыт-бағдар беретін әріптесі Зульфия Шалабаева.
Аудандық мәдениет үйі ұжымының үмітін ақтаған Айжарқын бабын келістірген ұстаздары мен әріптестеріне алғысын жаудырды. Бұл жеңісті өзінің емес ұжымның жеңісі екенін де жасырмады. Иә, біз Айжарқынның жарқын жеңісіне куә болып, келешекте биік белестерді бағындыра беруге тілектестік білдіріп қайттық.

Лаура БИБАСАРОВА

06 мамыр 2021 ж. 629 0