» » Тазалық болған жерде талап болады

Тазалық болған жерде талап болады


Бейсенбі күні аудан әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның жұмысына төрағалық еткен аудан әкімі Мұрат Жолкелдіұлы аталған ұнамсыз факторлармен күштік құрылымдар ғана емес, тұтас қоғам болып күресу қажеттігіне көп назарын бұрды.

 Күн тәртібінде бірінші мәселе бойынша аудандық төтенше жағдайлар бөлімінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, жолын кесу бағытында баяндаған аталмыш бөлім бастығы Б.Омаров сала министрінің 2021 жылғы №380 бұйрығымен мемлекеттік қызметтің әдеп-нормаларын бұзғаны, құқық қорғау органдары қызметіне кір келтірген теріс қылықтары үшін қарауындағы қызметкер М.Н-ның лауазымынан босатылып, азаматтық қорғау подполковнигі арнайы атағынан айрылу жазасына кесілгенін баяндады. Қарамағындағы қызметкерлердің жұмысын бақыламағаны үшін тиісті азаматтарға қатаң сөгіс түрінде шара көрілгені жөнінде хабардар етті.
 Күн тәртібіндегі екінші мәселе – денсаулық сақтау ұйымдары қызметкерлерін жұмысқа қабылдау барысында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шаралары туралы Жаңақорған ауданаралық ауруханасының басшысы С.Үсейіновтің хабарламасы тыңдалды.
– Жұмысқа қабылдауда жеке еңбек шарттары түсіндіріледі. Мекемеде сыбайлас жемқорлықтың кез келген көріністеріне төзбеушілікті қалыптастыру бойынша жұмыстар жасалуда, – деді ол. Комиссия төрағасы ел арасында ертеден қалыптасқан «дәрігерлер қолына ақша ұстатпасаң дұрыс қарамайды» деген ұшқары пікірдің орын алмауы үшін қатаң тәртіпті орнықтыру талабын қойды.
 Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Орман Ахметов баяндама жасады. Құрылыс саласында жең ұшынан жалғасқан сыбайластыққа мүмкіндік беретін тетіктер жөнінде практикада жиі кездесетініне тоқталған аудан әкімі кәсіпкер пен мемлекеттік қызметкер арасында өзара келісушілікке итермелейтін жағдайлардың шынайы картинасына тоқталып, тиісті тараптың осыдан сақ болуын ескертті. Атқарылмаған жұмысты бармақ басты, көз қыстымен қабылдаудың қарымтасына сыйақы алу, техникалық қадағалаушы, авторлық қадағалаушының өз жұмысына салғырт көзқарасы, сайып келгенде, тиісті заңдылықтардың бұрмалануы, ел игілігіне бағытталған қыруар қаржының құмға сіңіп, құрылыс сапасының құлдырауына әкеп соғатынын әрбір мемлекеттік қызметкер жадында ұстап, жат қадамдардан аулақ болуы керектігі қаперге салынды.
 Тазалық болған жерде талап болады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдарды үйлестіру бойынша комиссия төрағасы осыны міндеттеді.Іс басындағы тұлғаның алдымен өзінің ары мен қолы таза болса, қарамағындағыларға тегеурінді талап қоя алады. Жауапкершілік бар жерде жұмыс болады.
Осы күні қатар өткен екінші комиссия отырысында қылмыстылық деңгейі жоғары кент, ауылдық округтерде құқық бұзушылықтың алдын алуда атқарылып жатқан шаралар туралы аудандық полиция бөлімімінің талдауы негізінде Жаңақорған кенті әкімінің міндетін атқарушы Ж.Бейсенбековтің хабарламасы тыңдалды.
 Жаңақорған кентінде 2022 жылдың алты айында 36 қылмыс орын алып, оның 20-сы  . Кент әкімі аппаратының құқық қорғау және қадағалау органдары қызметкерлерімен бірлесе 21 түнгі рейд ұйымдастырылыпты. Онда жасөспірімдердің беймезгіл жүрісін шектеу, алкогольді өнімдер сататын дүкендерге бақылау орнату шаралары жүргізілген. Сонымен қатар «Ордакент» жастар ресруртық орталығында жазасын өтеп келген тұлғаларды қоғамға бейімдеу, орталықтағы төбелес орын алған үш мектеп балалары арасында кездесулер өткізіп, өзара түсіністік ахуалдың орнығуы барысында бірлесе атқарылған жұмыстар жөнінде баяндалды.
 Тұрғындардың үй-жай, аула тазалығына жауаптылығын арттыру, қараусыз жүрген мал үшін 9 тұрғынға айыппұл салынғанын айтты. Кент орталығына орналасқан 28 камераның көбі жарамсыз. Бұл мәселе бойынша аудан әкімі мүмкіндіктерді нақты зерттеп, сапалы камерамен қамтуға баса мән беретінін жеткізді. Өйткені тәртіптің орнығуы мен ереже бұзу бойынша бұлтартпас деректер базасының жиынтығының болуында мұның маңызы басым.

ТҮГІСКЕНДЕГІ ЖАҒДАЙДЫҢ ТҮҢЛІГІ түрілді ме?

 Комиссияда айрықша назар аударылған мәселе – биыл сәуір айының 10 және 11 күні қатарынан екі бірдей кәмелетке толмағандарға сексуалдық сипаттағы зорлық тіркеліп, елдігімізге сына таққан жағдайдан туындаған жауапкершілік жан-жақты сараланды. Әсіресе, арамниеттінің тұзағына ілінген Түгіскен ауылындағы №256 мектептің 2 сынып оқушысы, әлі өмірге де көзін ашпаған тіптен бүлдіршін қыздың тұманға тұншыққан сәби түйсігінің обалы санамызға жүк болып тұрғандай. Сөмкесін арқалап мектепке шыққан қыздың жанында кішкентай құрбысы болған, тоғызыншыда оқитын ағасы ертіп барып жүреді екен, дәл сол күні үйде заты қалып қойып, кідірген екі аралықта 1997 жылы туылған күдікті «Жүр, папаңа апарам, ақша берем деп жатыр» деп алдап, қызды көлігіне отырғызып алып кеткен. Бүлдіршінді дүкен жанына әкеліп тастап кеткен жерінен ауыл тұрғыны мектепке хабарлаған. Күдікті көліктен тастап кетіп бара жатқан жерінен камераға түсіп қалғандықтан бұлтартпай қолға түсті. Оқиғадан соң жанымыз шыдамай Түгіскен ауылына жол тартқан едік. Зәбір көрген отбасының есігін ашып баруға жүрегіміз дауаламай, орталықтағы №209 орта мектебіне бас сұқтық. Өйткені бүлдіршіннің анасы осы мектепте мүғалім екен, жұмысқа келе алмай, ері мен екеуінің бірдей қан қысымы көтеріліп жатқанын мектеп басшысынан білдік. Мектепті үрей қаамап алған. Сынып жетекшілері есік алдында үйге қайтатын әр жеткіншекті аңдып, алаң болып тұр. Әсіресе, әлгі бұзақының ініқарындастары осы мектепте оқиды екен, бірге туғанның кесірінен солардың бірі жазым болып қала ма, жәбір көрген бүлдіршіннің де бауырлары ашу-ызадан бойына әрең сыйып жүргені аян, әлдебірінің қолы қанға малынып қала ма деп ұстаздар қауымы ұйқыдан қалғанын жасырмады. Ал сол күндері ауылдың әкімі осы төтенше жағдайға орай шұғыл өткізілген комиссия отырысында «Жағдай қалыпты. Бала мектебіне барып жүр» деп жайбарақат қарап тұрғанына комиссия мүшесі ретінде мен өзім куәмін.
 Содан бері үш ай өтті. Ауылдағы ахуалдың тұрақтануы, елдің етекжеңін жиып, келешегіне қамқор балу бағытында қандай іс-шаралар қолға алынды? Елдімекендер аумағы жыл өткен сайын ұлғайып келе жатқандықтан балалардың мектепке қатынауы қиын, тасымалды жолға қою керектігі талқыланған еді. Бұл бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Осы жөнінде есеп беруге тиіс әкіміміз сол баяғы жайбарақаттығынан танбаған. Бүгінгі комиссия отырысында: «Күдікті алты жылға сотталды. Қыздың жағдайы жақсы, ешқандай шок алмаған. Психологтар барып жатыр, бәрі дұрыс» деп қарап тұр. Құдай басқа бермесін, мұндайда жас бүлдіршін түгілі тіс қаққан жалмауыздың да жадында жара қалмай ма? Бұлтартпас деректермен жолданған іске нүкте қойылған жоқ, облыста тергеліп жатыр. Бүлдіршіннің ата-анасы екі ортада әлі сандалумен жүр. Жалған есеп беріп тұрған ауыл әкімінің мұнымен хабары жоқ. Себебін сұрап білдік, оқиға орын алған он бірінші сәуірден кейін бұл үйдегілер ауыл әкімінің төбесін де көрмегенін айтады. Еліне еге болуға мойны жар бермейтін мұндай әкімнен не әлеуетті іс күтуге болады?
 Тағы бір мәселе, ауыл учаскелік инспекторының елді мекенге отбасымен көшіп бармай, орталықтан қатынап жұмыс істейтіні де тәртіптің қолдан шығуына тікелей себеп болса керек. Жалпы, егелігіне алған жұмысқа жүрдімбардым қарап, қатынап жұмыс істеуге арланбайтын қайбір лауазым иелерін – ауыл әкімін де, мектеп директорын да, учаскелік инспекторды да өз қызметіне адал тұлға деп айту артық. Қасиетті кәсіпке құрметсіздіктің түп тамыры осыдан бастау алмай ма? Қарамағындағы бес бұзақыны түгелдеп, еге бола алмай жүрген полицейдің жұмысының шикілігінен 500 оқушыны мәпелеп отырған мұғалімнің басына күн туатыны қиын. Бұдан бұрын агроколледжде оқып жүріп кәмелетке жетпей осындай қылмыспен сотты болған әлгі педофилдің жазасын өтеп кеп, ағайын ішінде алшаң басып, ауылдың суын ішіп отырып, тұнығын лайлап, екінші рет жасап отырған мына қиянаты ауыл әкімдігі мен оның қарамағындағылардың қаперсіздігін бетке басты.
 Ауыл әкіміне одан әрі ауыл ішіндегі мал ұрлығы жөнінде сұрақтар қойылды. 2022 жылға 3000 бас ірі қара малды егелері кезекпен қарайтынын айтты. Ал қараусыз мал жоқ деді.
Комиссияда сөз алған аудандық полиция бөлімі басшысы Ғ.Тұрсекеевтің: «Ауданда 3-4 жылдың көлемінде кримоногендік ахуал күрделеніп тұрған ауыл – Аққорған ауылы. 2022 жылы локдаун кезеңінде осы ауылдың 3 азаматы мал ұрлығымен ұсталып, ауылдастарының бірнеше бас малын қолды етіп, Талап ауылына апарып сатып, сонымен ұсталып, сотты болды. Кешегі жағдайда 56 азамат арызданып, 169 малымыз жоғалды деді. Ұсталған үш күдіктінің үшеуі де Түгіскен ауылы азаматтары. Біреуі жас балаларды тәрбиелеп жүрген ұстаз, басшылығы облысқа қарайды екен, спорт жаттықтырушысының жеке басы кемшілігінің кәсібіне қатысы жоқ деген жауап алдық. Осыны талқыға салмайсыздар ма?» деген сауалға мардымды жауап болмады. Осы кемшіліктерді нақтылаған аудандық полиция басшысы құқық бұзушылықтың алдын алу жөнінде дәрменсіз нәтиже көрсетіп отырған Аққорған ауылы әкімінің жұмысын алты айдың қорытындысымен қайта қарауға алдағы комиссия отырысына ұсынды.
 Одан әрі осындай жағдай орын алған Өзгент ауылдық округі әкімі Жанзақ Сәрсенбайұлы түсініктеме берді. Осы орайда сөз алған аудан прокуроры Дарын Әбіш ауылдағы әрбір тұрғынның хал-ахуалына терең сараптау жоқтығын сынға алды. Жасөспірімге сексуалдық сипаттағы шабуыл соңғы төрт жыл көлемінде бұл ауылда екінші рет қайталанып отырғанын айтып, осы бағытта жан-жақты зерделеу қажеттігін ескертті. Ел ақсақалдары, қоғамдық кеңестің мүшелері ел ішіндегі тірлікке етене еге болу қажеттігіне маңыз берді.
 Комиссия жұмысын қорытындылаған аудан әкімі бұқараның тағдырын арқаланып отырған лауазымды тұлғалардың жұмыс көрсеткіштері жалпы қоғамға жариялылық мақсатта халық қалаулылары, қоғамдық ұйымдар талқылауына ұсынылып, бірлескен шешімдер қабылданатынын айтты. Сондықтан әрбір жауапты тұлға ел сенімінен шығуда шынайы еңбектеніп, жұмысын ширата алмаса өзіне ғана өкпелеуіне тура келеді.

Баян Үсейінова
05 шілде 2022 ж. 312 0