Алыптың аты өшпейді
Жақында ғана аудандық «Жаңақорған тынысы» газетінің №41, 24.05.2022 жылғы санында атақты дәрігер, кезінде жүрек ауыстыру т.б аса күрделі оталар жасаған жерлесіміз, академик, «Халық қаһарманы», дүние жүзіндегі үш «Әлем адамының» бірі – Мұхтар Әлиев ағамыз жайлы мақала жарқ ете қалды. Авторы журналист-ақын, шәкіртіміз – Кенжеғали Қошым-Ноғай, Атасына да, өзіне де рахмет! Қазақта «Алтын кездік қап түбінде жатпайды» деген қанатты сөз бар ғой, сол айтқандай, сондай асыл азаматтың қаншама тауқыметті кезеңнен кейін есімін, ерлік істерін қайта жарыққа шығарып, ел-халықтың назарына ұсынып отырған шәкіртіміз Кенжеғалидың азаматтығына риза болғанымызды неге айтпасқа?! Оның үстіне Мұхаңның өзінің елі болып саналатын біздің Бесарық өңірінің (бүгінгі Жаманбай батыр ауылдық округінің) халқы жайлаған қарт Қаратаудың керемет табиғатынан көрініс бергендей биік тау шоқысы мен үстінде түрлі бейнелер қашалған тарихи Алқым аталған қатпар тастар көрінісі көзге шоқтай басылған еді.
Ал Әлі көкеміз сол Бөртескенге жұмыс іздеп барып, тұрып қалған болу керек. Сөйтіп теміржолда жол, вагон қараушы болып істеген екен. Құндыз шешеміз де сол теміржолдың бір жағында жүріп күнкөріс жасаған. Осы бекетте сол кездерде біраз отбасы тұрған екен. Содан да шығар, осы бекетте бастауыш, одан жеті жылдық мектеп алғашында жұмыс істепті. Мұқаң осы мектепте оқыған кластастарынан М.Қалдаров, Ә.Үсейінов, А.Қалтаев, Ә.Тұрабаев т.б кейін елге белгілі кісілер бірге оқып, тәрбиеленгенін арасында оларды оқытқан мұғалімдерден Т.Мұсаев, Ж.Жайпанов, Қ.Жұматаев т.б мықты ұстаздары болғанын да айтып қоятын.
Мұқаңның жоғарыда айтылған әкешешелері осы бекетте қайтыс болған, мүрделері осы жерде жатыр. Мұқаң елге бір келгенде осы бейіт басына жол салдырып, мүрделерін қоршатып, төртқұлақ тұрғызып, есімдерін жаздырып қойған еді. Әрі оларға арнап құран оқытып, шағын ас та берген болатын.
Әке-шешесі қайтыс болғаннан кейін Мұқаңды Жаңақорғандағы Омар төре салдырған Қыш мектепке әкеліп оқуға беріп, Мұқаң жетім балалармен бірге интернатта жатып оқыған екен. Сол мектепте бірге оқыған Манап Көкенов, Бектөре Смайловтар Мұқаңның қабағынан ақ бәрінің аяқ тартатынын, өзі сол кезден-ақ бірбет, өткір, әрі жақсы оқыған оқушы болғанын Мұқаңды келгенде еске алып, айтқанын естідік те.
Мұқаң осы жасында Түркістанға нағашыларына барып, педучилищеге оқуға түсіп, оны бітіріп мұғалім болып жұмыс істеген, содан кейін барып дәрігерлік жолға бет бұрып, Алматының мединститутын бітіріп, еңбек жолын ауылдық жерден (Темір бекетінде) ауруханада дәрігер, оташы болып бастаған екен. Одан әрі Мұқаңның қызметтегі өрлеу кезеңдері басталып, 80 жылдарда республиканың бас хирургі, 1982-87 жылдары Қаз ССР Денсаулық сақтау министрі болып істеген, 2001 жылдан Сызғанов атындағы хирургия, ғылыми-зерттеу орталығының Құрметті директоры қызметін атқарған. Қазақ ССР Жоғарғы кеңесіне депутат та, партия сьездеріне (XVI-XVII) делегат та болып сайланды. Қаншама ғылыми еңбектері, қаншама шәкірттер тәрбиеледі. Екі рет ҚР Мемлекеттік сыйлығын, бірнеше халықаралық сыйлықтар алған. 1995 жылы «Халық қаһарманы» атағына ие болса, әр жылдары «Әлем азаматы», «Әлем емшісі», шетелдік Балтимор қаласының «Құрметті азаматы», Кентуки штатының «Құрметті полковнигі» атақтарына т.б бірнеше шетелдік мықты академияның академигі, т.б құрметті атақтардың иесі болған. Ол кезінде туған елінің- Жаңақорған ауданының «Құрметті азаматы», «Ғасыр адамы» атақтарына да ие болды. Менің негізгі айтпағым, елінің, туған халқының айрықша құрметті азаматы, теңдесі жоқ дәрігерхирург Мұқтар Әлиұлының өзінің туған еліне келіп ыстық ықыласпен сәлем беріп, туған жерін аралап, кездесулер жасаған сәттері жайлы болатын. Мұқаң елге 1993 жылы 60 жасқа толған кезінде келгені есімізде. Мен ол жылдары аудан әкімінің орынбасары қызметінде істейтінмін. Мұқаңды (қасында жеңгеміз – Мінәтай, академик ағамыз Ө.Айтбаев, т.б сыйлы қонақтар бар), елге облыс әкімі С.Шаухаманов тікұшақпен алып келген болатын.
Сол жолы көп жылдардан кейін туған елге алғаш аяқ басқан Мұқтар ағамызды «туған жердің топырағына аунату» салтын жасап, ауылдың белгілі азаматы Бердібаев Құлан ағамыздың есігінің алдында кілем төсеп, ауылдың үлкені Исекеңді қатыстырып «туған топыраққа аунату» рәсімі жасалғаны жан тебірентерлік сәт болған еді. Әрі қарай Мұқаңды Айсын бауындағы арнайы тігілген ақ үйге алып барып Сәкең Шаухаманов бастап аудан әкімі И.Әбибуллаев бар, елдің атынан қонақасы беріп, өнерпаздар өнер көрсетіп, ақын Серік ыдырысов Мұқаңа арнау айтып, Сәкең туған жер қасиеті, ата-бабалар әруағын қозғап, қаһарман ағамыздың көңілін босатқаны бар. Академик Ө.Айтбаев қазақтың халық әндері мен, Елена қарындасымыз аудан әншілері ән шырқап керемет көңіл күйіне куә болып едік. Соңында Мұқаң мен жеңгеміз өнерпаздарға риза болып Серікке алтын сағатын, Ленаға Алтын алқасын ескерткішке сыйлағандарына риза болысып, үлкен жолдың бойында күтіп тұрған Оңтүстіктің өкілдеріне тікұшақты жол үстіне қондырып, шығарып салғанымыз есімізден кетпейді.
Мұқаң 1997 жылы ауданда екінші болып өзінің туған аулына имандылық үйін – мешіт салып берді. Басы-қасында өзінің туған інісі, Сайрам ауданы, Түркістан, Шымкент қалаларында әкім болған Өмірзақ Әметұлы жүріп бір жылда бітіріп, осы жылы күзде ашылуы болды. Атын Құрбан ата мешіті деп әулие бабасының атымен атады. МұқаңМұқтар аға осы мешіттің ашылуына өзінің отбасы мүшелерімен, ағайындарымен және Алматыдан, Оңтүстіктен, Шымкенттен, Шәуілдір-Түркістаннан, Қызылордадан т.б өңірлерден жолдас-жора, неше бір ғалымдар, қайраткер азаматтар, министрлер, шәкірттері, аудан басшылары, ардагер-ақсақалдар, аудан, ауыл жұртшылығы, бас муфти, облыс, ауданның басшылары қатысып, үлкен дайындықпен біз көрмеген ерекше шара өткізілді. Қызылордадан қайраткер ел ағалары Исекең – Исатай аға, Ыдекең- Ыдырыс Қалиев аға бастаған ардагерлер, Е.Омаров, Т.Маханов бастаған дәрігерлер қауымы арнайы келіп, жиынға қатысып, сөз сөйлеп, имандылық үйіне құтты болсын айтып, Мешіт салып берген Мұқаңа алғыстарын жаудырып, 500-1000-дай адамға ас берілді (Қос Исекең баталарын берді). Мұхтар ағаға елдің атынан шапан жабылып, ат мінгізілді.
Сол Мұқаң аға салып берген мешіт елді, жастарды имандылыққа шақырып, «Кеңес» аулының кіреберісінде қасиетті Алланың үйі аталып тәрбие- өнегенің ислам дінінің көзіндей болып елге қызмет жасап тұр.
«Қазақстанның №1 ғалымы»
Жалпы Мұқаң сөздің емес, істің адамы болатын. Мінезі шығар, көп сөйлемейтін. Өзінің Алматысында жұмыста жүргенінде ауылдан барып, Сызғановтағы кабинетіне кіріп сәлем берсең: «Қашан келдің, ауыл аман ба, шал (Исекең) қалай?»- дегеннен басқа көп сөйлемейтін де. Алматыға барып жүрегімізді, сынған қолымызды емдеткенде де палатаға келіп «қалайсыңнан?» басқа көп сөйлемейтін.
Өзінің де жетекшілігімен докторлық, кондидаттық қорғаған Қызылордалық Б.Баймаханов, Д.Даулетбаев, М.Абдуллаев, Н.Табынбаев, Қ.Қуатбеков, Т.Байтілеуов, С.Пазылов секілді мықты жерлес шәкірттері болды ғой. Солардың ішінде профессор-академик, мықты дәрігер-оташы Болат Баймаханов қазір сол Мұқаң ұстазының орнында, Сызғанов атындағы ғылыми- зерттеу институтының бас директоры болып қызметін атқаруда.
Осындай Алланың сүйген құлына, аты аңызға айналған теңдесі жоқ дәрігер-оташыға, қазақтың сирек кездесетін академик ғалымына дүниежүзіне танылған, медицина саласында теңдессіз ерлік жасаған, өзінің алтын қолымен қаншама жандардың ажалына араша түсіп, халқына адал қызмет жасаған «Халық қаһарманына» әртүрлі себептермен негізсіз жала жабылып, жүрек-жүйкесіне өте ауыр жүк түсті. Адалдықтың туын жоғары ұстаған абзал жан, алаштың сүйікті перзенті осылайша өмірден ертерек өтті.
Марқұммен қоштасу рәсімі Ғалымдар үйінде (ғылым академиясында) өтіп, ел, басшылық жеңгемізге, немерелері Нұрәлі, Айсұлтанға көңіл білдіріп жатты, біз де солай еттік. Қаралы жиынды қала әкімі А.Есімов ашып, Мұқаңның ғылымға, денсаулық саласындағы еңбегінің ерекшеліктері мен артықшылықтарын айтып өтті. Ал ағайындар атынан академик Ө.Айтбаев сөйледі. Қаралы жиыннан кейін, шығарып салушылардың есебі жоқ, Кеңсайға алып барып жерленді. Қазақтың алып перзенті жер қойнына беріліп, жаны солай байыз тапты.
Соңынан үлкен сарайда Мұқаңа арнап ас берілді. Асты ғылым академиясының президенті, академик М.Журынов жүргізілді. Сол жылдардағы денсаулық саласынан депутат, белгілі дәрігер ғалым Н.Қаюпова, балалар хиругиясының атасы, жерлесіміз К.Ормантаев, тағы да бір- екі кісі сөз алды. Содан соң елдің атынан мен сөйледім.
Камал Ормантаев ағамыз сөйлеген кезде барлық ғалымдарға қарата айта келе: «Ей ағайындар, шындығын айтқанда, осы кездегі барлық ғалымдарды мықтылығы, дүние жүзіне танымалдық жағынан ретімен атайтын болсақ, Мұқаң №1 ғалым еді ғой, оны бәріміз де мойындауымыз керек» – деп адами-азаматтық танытқанына, аста отырғандардың бәрі риза болғандай қозғалыс болғанын да көргенбіз. Ғалымдар да пенде ғой, тірлігінде сол Камекең, тағы да бір мықты ғалым Мұқаңның атына реніш- пікір айтып жүретінін есітетінбіз. Ағамызға бәріміз де риза болдық.
Кенжеғали ініміз айтқандай, келесі 2023 жылы алып Мұқаң, елдің қаһарман перзенті Мұхтар Әліұлы 90 жасқа толады. Жалтақтамай, әділдігіне, құдайлығына барып, тиісті орындар бар, билік саласы бар, жерлестері болып марқұмның 90 жылдығын өз дәрежесінде атап өтіп, өзінің туған-Кеңес ауылына атын берсе. Сондай-ақ облыста бір медициналық оқу орнына, сол сияқты Алматы, Түркістан, Шымкент, Қызылорда қалалары мен Шәуілдір, Жаңақорғаннан бір-бір көшеге атақты жерлесіміздің есімі берілсе деген тілекке ел- халық қосылады ғой деген ойдамыз.
Зинабдин Шермұхаммедұлы,
ардагер ұстаз, ел ағасы, ауданның
«Құрметті азаматы», облыстың
«Құрметті ардагері»