Жырдың жүйрік дүлділі
Жүректі жарып шыққан жырларымен жалынсыз кеудеге жанартау туғызған ақын, публицист, қайраткер тұлға Дүйсенбек Аяшұлының есімі Сыр жұртшылығына жақсы таныс. Сәрсенбі күні Қызылорда қаласында Нартай Бекежанов атындағы театрда қаламгердің 60 жасқа толуына орай шығармашылық кеші өтті. Зал толы әріптестері мен зиялы қауым өкілдері алқалауымен «Жұлдызым жоғары» кітабының тұсауы кесілді.
Дүйсенбек Аяшұлы 1962 жылы 20 қаңтарда Шиелі ауданы Тұрсынбай датқа ауылында дүниеге келіпті. Орта мектепті бітірген соң Қорқыт ата атындағы институттың қазақ филологиясы және тарих факультетінде оқыды. Еңбек жолын Тартоғай шаруашылығында, одан әрі облыстық тіл басқармасында маман, «Сыр бойы» газетінде тілші болып қызмет атқарды. «Ақмешіт апталығында», «Өскен өңір» газетінде бас редактор болды. Қаламгердің «Су сәулесіндегі өмір», «Мың жылдық мирас», «Жұлдызым жоғары» сынды жинақтары ақынның шырайлы шығармашылық ғұмырына толымды тартуы сынды. Журналистика саласындағы қолтаңбасы өз алдына бір төбе. Осы еңбектері үшін ҚР Президентінің «Алғыс хатымен» марапатталған. «Қазақстан Республикасы ақпарат саласының үздігі» белгісінің иегері.
Ақын кешінің шымылдығын ашқан облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Аманұлы талантқа бай Сыр елінде өзіндік орны айшықталып үлгірген, қаламының жүйріктігіне қоса кескін-келбетімен «Қорқыт елінің Қадірі» атанған ақынға ақ тілегін жеткізіп, әдеп пен мәдениеттіліктің лебі ескен бекзат тұлғаның алдағы уақытта да жаңа Қазақстан құру бағытында тер төгіп, елді бірлікке, әділдікке тәрбиелеу бағытында еселі еңбегіне табыс тіледі. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың «Алғыс хатын» табыс етті.
«Сіз күтіп алсаңыз бүкіл Сыр елін аман көргендей сезінемін» деп ағынан ақтарылыпты. Өмір-өзенде осы бағасыз теңеу сол кездегі комсомол бала мен бүгінгі кеш иесінің арасында өркен жайып, өрісінің кеңеюі жарасымдылығымен көзге ұрды.
Жетпіс тоғызыншы жылдары «Ленин жолында» қызмет етіп жүрген Жолтай Әлмашұлы алдына келген балаң жігіт – оныншы кластың оқушысы Дүйсенбектің өлеңдерін алып қалып, ерекше талантын сезініп, Қомшабай ағасына айтып, тырнақалды туындысын газетке шығарып бергенін еске алған жазушы сол қаламдас інісінің бүгінгі жетістігіне сүйсінісін осылай өрнектеді. Жұртшылықтың оны Қадір ақынға теңейтінін де айтып, Дүйсенбектің рең басы Қадір ақынға келетін шығар, бірақ өзіндік қырының өзгешелігін мойындауымыз керек деді.
– Ол ұлттық болмысымыздың бояуын бедерлеп беріп жүрген ұлттың адал ұлы. Ақындықты ермек етпеген. Елдің көңіліндегіні мөлдір қалпында айта алатын арда азамат, – дей келе өзінің «Қаратау қаҺары» романын сыйға тартты. Ақын иығына шапан жапты.
Кеш аясында ақынның балалық шағы өткен Ботабай ауылынан түсірілген бейнебаян дария жағалап өскен қарадомалақтарды, қайықшы Айпарашалды көз алдымызға әкелді.
Бүлдіршіндерді қайығына салып ескек ескен қайықшының жүзі суық болса да жүрегі жылы, топ баланың ішінде төбесінің тесігі бар Аяштың ұлы Дүйсенбекке пейілі бөлекше. «Қане, тақпақ айтшы» дейді. Сонда бала Дүйсенбектің досы Әпөлөкке шығарған «Аузы жүрер аңқиып, Құлақтары қалқиып. Кір-қожалақ жүресің. Қос танауың сәңкиіп.
Айналаңды шашасың, жина десе қашасың. Сонда да сен досымсың, Достығымыз жасасын!» деген өлеңін тақылдап айтып бергенде кеңкілдеп күлген көрінісі бәрімізді шат-шадыман етті. «Әй, Аяштың баласы, өлеңіңді тоқтатпа. Жаза бер. Түбі мықты ақын боласың» дегені дуалы ауыздан шыққан батадай болып болашағына жарығын түсірді емес пе?
Бұл туралы ақынның жүрек суырардай өлеңі бар емес пе еді. «Дарияның өткелінде қайық ескен,
Шықпайтын бір адам бар дәйім естен.
Айпара шал жұрт үшін ардақты еді-ау,
Қайық емес, аспанның айын кескен.
Дегенде айқай салдық болып өкпе,
Ойнатып қос ескекті көн білекте.
Қалтылдап қайық сынды бар денесі,
Қайықшы бет алады бергі бетке.
Не білемін, ол кезде не білемін,
Арғы бет пен бергі бет төңірегім.
Тартоғайдан шыққанда алысырақ,
Өмірдің өлең қылдым өң-реңін.
Бүгінде көпір түскен сол өткелге,
Кетті ата да Алласына керек пенде.
Есіме оралады ескі мейірім,
Маңдайдан дарияның желі өпкенде
Көп жылдар келмей кеттім, рас мұнда,
Жағалау мені танып сыр аштың ба.
Қара қайық қаңқасы көзге ұрады,
Әлдекім шай қайнатқан күл астында»
Ақынның көп өлеңіне ән жазылған.
Бүгінгі шығармашылық кеште сол әсем әндер қалықтады. Әнін Шыңғыс Несіп жазған «Ғашығым» әнін Елмұра Жаңабергенованың орындауында тыңдасақ, Рамазан Тайманов әнін жазған «Шиеліні» Ақмарал Ноғайбаева нәшіне келтіре шырқады. Ал әнін Алтын Бекенова жазған Дүйсенбектің «Нұр-Астана» әні шырайлы кештің шымылдығын жапты.
Шығармашылық кеште, ақын, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Абылай Толыбаев арнау өлеңін оқыса, Қазақстан Жазушылар Одағының облыстық филиалының төрайымы Қаршыға Есімсейітова Қазақстан Жазушылар одағы хатшылығының құттықтауын жолдап, басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің сәлемін жеткізді, кеш иесіне ат мінгізді. Сөз соңын жыр жолдарымен аяқтап: «Дүйсенбек ақын арқалы, Тағдырына ризалы. Пішіні десек аз болар, болмысы Қадыр Мырза-Әлі:» деп юмормен тәмамдады. Одан әрі сөз алған Қорқыт ата атындағы университет профессоры Тайман Сағат Тойшыбайұлы ақынға «Қорқыт Ата «Алтыг медалін» табыс етті.
Поэзияға құштар жастар көп. Осы күні жастар театры ақынның «Бір өлең жазғым келеді» өлеңі желісінде ақын жандүниесін жайып салған қойылымды сахналады.
Бәрінен бұрын жас буын атынан арнау айтқан Ұлықбек Тәңірбергенов пен Айдар Сайлауовтың жыр жолдары жүрек толқытты. Оның бірі: «Үнемі боп жүресің ел деп алаң,
Белгілі аға, сенің төрде бағаң.
Бәс тігем мынау ақын дейтініне,
Сыртыңнан бірінші рет көрген адам.
Жоқ сізде жалған шаттық, жаттанды мұң,
Жаныңа жалау етіп ақ таң нұрын,
Дүние тұрғанша тұр ақберенім,
Әлдилеп ел жүрегін мақпал жырың» десе,
екіншісі: «Тағдыры түйресе де өктем лебі,
Көңілі көпке келер көп сенгісі,
Өмірдің дүйсенбісін жырлашы, аға,
Жалғанның жеткенінше жексенбісі» деп толғанды.
Біз де өз сөзімізді осылай түйіндегіміз келеді.
Шараны тележурналист Толқын Қабылша жүргізді.
Баян Үсейінова