№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жалғыз тал жауқазын

Жалғыз тал жауқазын


Қадірлі оқырман!
Сіздердің назарларыңызға жазушы-публицист Бауыржан Омарұлының қос жазбасын жариялап отырмыз. Бұдан шамалы бұрын фейсбук желісінде жазушының “Жалғыз тал жауқазын” деген жазбасын оқып, елеңдеп қалғанбыз. Ілешала атты ару туралы дерек тағы жарияланды. Бауыржанның парақшасына “Ол менің жеңгем” деп сүйіншілеген хаттың ізімен аталған ауылға тартып кеткіміз келген. Әні-міне деп жүргенде Дәуіржан ініміз ауылға барып, аңыз-анамен тілдесіп, арқажарқа сұхбаттасып, “Жауқазынмен жүздесу” атты жазбасын жариялады. Сыр бойына жолы түскен Бауыржан Омарұлы да құтты шаңыраққа арнайы соғып, өз көзімен көрмесе көңіл көншімейтінінің айғағы ғой, апамен қауышып, мөп-мөлдір жүрек сырын төгіпті. Міне, мамандыққа адалдық деген осы.


Бұл сюжетке бергісіз сырлы суретті қызылордалық фототілші Болат Омарәлиев жетпісінші жылдарда түсіріпті. Елді елең еткізген шұбартаулықтардың әйгілі бастамасының төрткүл дүниені түгел жайлап тұрған кезі. Мектеп бітірушілер жаппай ауылда қалып, комсомолжастар бригадасын құрып, шетінен қой бағуға аттанып жатты. Тегінде, кеңес дәуіріндегі бастаманың біразы осылай дүрілдеп басталатын да, көп ұзамай аяғы сұйыла беретін. Әдепкіде еңбекті екпіндетіп әкеткен белсенді бригадалардың қатары көп ұзамай селдірей түсетін. Бірақ бәрібір бұл бастаманы жаппай қолдау шарт. Уақыттың талабы солай. Сондай бір кезеңде Сыр бойындағы Шиелі өңірінде «Жауқазын» деген комсомол-жастар бригадасы өз алдына отау тігеді. Облыстық басылымның басшылары Шиеліде жайқалған «Жауқазынның» жай-күйін біліп, суретке түсіріп келуге қол-аяғы жеңіл фототілші Болат Омарәлиевті жұмсайды. Оралханның «Қасқыр ұлыған түн» деген әңгімесіндегі заманымыздың сәулетті селосы туралы мақала жазуға тапсырма алған газет тілшісі секілді Бөкең салып ұрып жетіп келсе, ел болып мақтап жүрген «Жауқазынымыз» баяғыда сабағы қурап, тамыры солып қалыпты. Берекесіздік жайлаған бригада құрамындағы отызға тарта қыз-жігіт біртіндеп қашып-пысып, түгелге жуық қарасын батырыпты да, жалғыз-ақ осы қыз кетпей қойыпты. Не шынымен еңбектен жерімеген, не намысы жібермеген... Әйтеуір өз өміріне ырза дейді. «Отыздан – өзім, Көрді ғой көзім, Жалғыздық көрер жайым жоқ», – деп, Абай атасының ізімен өлеңдетіп жүрген көрінеді.
 Әрине, менің ақкөңіл Болат ағамның қандай жағдай басына түссе де, Орағаңның кейіпкері секілді тапсырманы орындамай, құр қол қайтып келген жері жоқ. Есесіне, тұтас өмір шындығының ащы-тұщысын араластырып отырып, тарихқа таңбалап береді ол. Бұл жолы да сөйтті. Кәнігі көзмерген оңтайлы сәтті аңдып жүріп, жұртта қалған жалғыз тал «жауқазынды» фотомылтығының қарауылына іліктіреді. Сол қадірлі кадр, міне, осы... Осылай енді, шырт еткізгені шедевр...
 Жалпы, сурет-пурет болмаса, қыз-пызбен шаруасы жоқ Болат ағам сол бойжеткеннің кейінгі тағдыры қалай өрістегенін мүлде білмейді. Тіпті оның атын да, затын да есінде сақтамаған. Ех, Бөке... Сөйтуге бола ма енді?! Жарайды, бопты... Шынында да, жетпісінші жылдарда қырдың сәні болған Шиелінің сол бір жалғыз тал жауқазыны қайда екен қазір? Жапырағын жайып, көгеріп-көктеп, өсіпөніп, баяғыда-ақ гүлбақшаға айналған шығар...
 Қайдасың, сәйгүлік мінген сұлу? Барсың ба жер бетінде? «Сен қалған отыз ұлдан едің Зәуреш», – дегендей, бір кезде жайлауда жалғыз жортқан қайтпас қайсар әжелеріңнің дерек-дәйегін неге іздемейсіңдер-ей, бар болғыр немерелер? Не көрінді сендерге? Ал, кеттік... Іздеу салайық! Аманбысың, атты ару?

Бауыржан Омарұлы

03 шілде 2022 ж. 316 0