Қазақ қызы: Еңбек иесін бақытқа бөлейді
Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланған Баян Әріпова апамыздың есімі замандастарына жақсы таныс болғанымен бүгінгі толқын ол кісіні білмеуі мүмкін. Кезінде озат сауыншы болып, қарапайым еңбектің қадірін арттырған ананың жасы сексеннен асқан, есен-сау Қызылорда қаласында ұлы Мақсаттың қолында тұрып жатыр екен, отырған орнына іздеп барып, емен-жарқын әңгімелесіп қайттық. Өткен күн парақтары тарихқа айналып қала берері анық, бірақ өнегесі кейінгі буынның көңіліне сәулесін түсіріп, өміршең қағидаларды қалыптастырары ғанибет қой. Еңбек адамын арнайы іздеп барып, сұхбаттасуымыздың мәні осы еді.
Мектепті бітірген соң анамның жағдайына қарайлап әрі қарай оқи алмадым. Анамның жанында сауыншы болып жұмыс істедім. Тұрмыс құрып, ерім екеуміз бірдей «Красная Звезда» совхозының малын бағып, біріміз малшы, біріміз сауын фермасында сауыншы, екінші тыңның түлектері болдық. Жас болсақ та бар ынтамызбен еңбек еткенііміздің нәтижесі болар, алдыңғы саптан көрініп, ауызға іліге бастадық. Менің қарауымда отыз сиыр, қолдан сауамын, түнгі үштен комплекске келіп, саууды бастап, күн шыққанша аяқтауға тиіс болдық. Өйткені ары қарай шыбын-шіркей жұмыс істетпейді. Жанымдағы қызкеліншектер әрбірі осынша жоспарды орындауы керек.
Қолда тұрған малдың бағымкүтімі де біздің қолымыздан өтеді. Сауудың да өз әдіс-тәсілдері бар. Үнемі жоспардан артық көрсеткішке қол жеткізуім нәтижесінде мені алдымен ауылдық, аудандық, одан соң облыстық Кеңеске депутат етіп сайлады. Өмірімдегі ең бір айтулы кезең 25 жасымда Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланған жылдарым. Бұл қарапайым еңбек адамына көрсетілген үлкен құрмет қой. Дәрежеңді арқаланып елдегі еңбекші қауымның мұң-мұқтажын жоғарыға жеткізудің өзі не тұрады. Және ол өтініштер мүмкіндігінше орындалатын. Халық қалаулысына құрметтің жоғары кезі ғой ол.
– Жастайынан ауыр бейнетті арқалап, қабатында ұлқыздарын тәрбиелеп жетілдірген ана қайратына сүйсінген біздер әлі де ажары тая қоймаған, жас кезіндегі батыл да, еркін мінез-қалыбы әр сөзінен аңғарылып тұрған апаға келесі сауалымызды қойдық.
– Сол кезеңдерде халық қалаулысы ретінде тындырған тірліктеріңізден нені еске аласыз?
– Ол кезде ауылда ең күрделі мәселе – жол, ауыз су, жарықтандыру сынды мәселелер біздің назарымыздан тыс қалған емес. Ауданнан екеу – Шәзінда Қарақожаев ағамыз да бар, әр үш ай сайын астанамыз
– Алматыға сессияға қатысып келеміз. Пойыздан түскен бойда тәртіп бойынша әрбір депутатқа арнайы бөлінген автокөлік болады. Күтіп алып, қайта ауылға қайтқанша жеке меншігіңде болады. Менің омыраудағы баламды алып барған кезім де болды. Қолымда бала болғандықтан ерімнің нағашысы Ахмет Әділовтың үйіне тоқтайтынмын. Бірде ауылдас Аққожа деген кісі бауыры Бакиров Қалила деген азаматтың нақақ істі болып, он бес жылға сотталып кеткенін, маған осы ағайынға ара тұруын өтініп, алдыма келді. Аманатты арқаланып астанаға келген соң бір уақытын тауып, Жоғары кеңес төрағасы Ниязбековтың алдына кірдім. Жап-жас келіншек кезім, Ұялып есік көзінде тұрмын. «Ия, кел, айта бер» деген жылы сөзін арқааланып, келген шаруамды айттым. Бәрін жазып, алып: «жарайды, бәрін тексеріп көрерміз» деп шығарып салды. Солдан көп өтпеді, әлгі кісі жазадан босатылып, елге келіп, жүрегі жарылған ағайынның қуанышын көзіммен көрдім, жаныммен сезіндім. Еңбек адамына деген құрмет осындай еді.
Жаздыгүні қораның іші ыстық болып, қайнап кетеді, қыста су мұз боп қататын суықта жүрсек те шаруамызға мін түсірмей атқаруға тырыстық. Тоқсаныншы жылдардан соң комплекс жұмысы тоқтап, ары қарай фермадағы қыздар бригада құрып, құрылысқа шықтық. Алыстағы мал отарларына барып, малшыларға там салу жұмыстарына көмектестік.
Бірлік, Қосүйеңкі, Талап ауылы малшыларына үй салдық. Бригада жетекшісі ретінде бұл жерде жүргенде де жарыс жеңімпазы ретінде ауыспалы Қызыл туды қолдан жібермедік. Көп балалы ана ретінде жасым елуден асқан соң құрметті демалысқа шықтым, – дейді ол.
Біз Баян апаның қызы Райханмен тілдесіп, сол кезең естеліктерімен бөлісуді өтіндік. Бұл кісі қазірде Құттықожа ауылында тұрады. Әжесінің қызы болып, бауырында өсіпті, бірақ жастайынан анасының жанында жүріп қолқанат болған екен. Сегізінші сыныпта оқып жүрген кезінен сауын комплексінде анасына көп жәрдемші болғанын айтады. Өзі де құрдас сынды батыл айтып, теңдей пікір бөлісіп отырады екен. Малға жақындығының белгісі, оныншыны бітірген соң Алматы зооветеринарлық институтына оқуға түсіп, мал дәрігері болыпты. Оқулы бітіріп келген соң туған ауылға келіп, санитарлық емдеу пунктінде жұмыс істеді. 2005-2010 жылдары ветеринариялық дәрідәрмектер саласында жеке тендермен айналысса, 2010- 2015 жылдары Шалқия кенті әкімдігінде ветеринар маман, Шалқия кентінің әкімі қызметін атқарды. Жанұяда бес перзент тәрбиелеп отыр екен.
Баян апа қазірде Қызылорда қаласында ұлы Мақсаттың қолында ғұмыр кешуде. Тоғыз бала өсіріп, жетілдірген ана солардың әрбірінің тілеуқоры.
Баян Үсеінова