№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Еңбек еткен емеді, еңбексіз не өнеді?

Еңбек еткен емеді, еңбексіз не өнеді?

Сексеннің сеңгіріне шыққан Айткүл әженің жүзіндегі әжімнен еңбек пен ерліктің, бейнет пен берекенің, аналық махаббаттың мейірімін көруге болады. Кеңестік кезеңде қара жұмыстың жүгін мойымай көтерген қарт ана ұл-қыздарының амандығына елеңдеп тұрады.
Екпінді елді мекенінде тұратын еңбек адамын іздеп барып, аналық ақылын тыңдап, батасын алып қайттық. Бала кезінен еңбекке ерте араласып, сауыншы болған Айткүл Жанабаева алдыңғы аға буын мен замандастардан қалған соңғы тұяқтардың ізі.
– Апа, қалыңыз қалай?
– Жақсы қарағым, тек өткен күннің естеліктері жанымызға бататыны болмаса.
– Өмір үйретеді, еңбек ширатады демей ме?
– Дұрыс айтасың балам, мені де еңбек ерте есейтті, ал өмір барлық нәрсеге үйретті. Ең бастысы төзімділікке, сабырлыққа және тәуекелшіл болуға баулыды, – деді де әжеміз бір күрсініп алып, сөзін жалғады:
– Балам, біз өткен жолда көзге көрінбейтін, есте қалып, еленбейтін еңбектің биігі бар. Өзім 14 жасымнан бастап жұмысқа араласып, ерте есейдім. Әкем 7 сынып оқып жүргенімде өмірден өтті. Сөйтіп, анам жеті баласын өзі жетілдірді. Анама қолғабыс болу үшін еңбекке араласып, сауыншы болдым, – деп өткен күнге көз тастады.
Сунақата совхозында, Екпінді бөлімшесінде сауыншы болып жүріп, бір үйдің келіні атанады. Көп ұзамай еріне тірек болып, мал да бағып, кейіннен қайта сауыншы болады. Ол кезең бүгінгі тоқшылықпен салыстыруға келмейді. Кейіпкеріміздің көзінен көп жылдардың, балалық пен жастық шақтың қиын-қыстау дәуренін көруге болады.
– 16-17 жасым болуы керек, кешке жұмыстан келіп, түнімен бидай тартамын. Азанда ашытып қоямын да, сиырымды сауып келемін. Сауыннан кейін бірден үйге келіп, нан жауып, майымды дайындауға кірісемін. Іні-қарындастарым маған жәутеңдеп қарап отырады. Кішкентай інім 4-те. Солар аш қалмасын деп күн-түн демей еңбек еттім, шырағым. Одан тұрмысқа шықтым, ол кезде де сауыншы болдым, 1965 жылы мал бағуға тауға бағыт алдық, бірақ көп өтпей ауылға қайта келіп, бұрынғы қызметіме қайта кірістім. Солай 1990 жылы зейнетке шықтым, қазір немере, шөберенің ортасындамын, – дейді әжеміз.
Ол кездерде сүт бұлағын селдеткен сауыншылардың ақысы күнделікті сауынына қарап берілетін болған екен. Нағыз еңбек көрігін қыздырып, жақсы көрсеткіштерге жетуге үлес қосқан қарапайым жұмысшылар емес пе. Уақытпен санаспайтын нағыз еңбексүйгіш Айткүл әжей өнегелі келін, асыл ана, ақ жаулықты әже атанып отырса да әлі де көңілі далаға елеңдеп тұрады. Сағыныштан ба, әлде қуаныштан ба, бір сәттік үнсіз қалған еңбеккер ана көзіне жас алды.
– Әрине, бастапқы кезде оңай болмады. Күніне 30-40 сиырды сауудан бастадық. Күніне асыл тұқымды сиырлардан 12-13 литр сүт алған кез де болды. Иә, ол кезде шаршау дегеннің не екенін білмейміз. Торғай шырылдайтын уақытқа дейін іске кірісіп, күн ұясынан толық көтерілем дегенше жұмысты бітіретінбіз. Қарап отырсақ мұның бәрі балалардың ертеңі үшін, тарықпай өсуіне, екіншіден, еңбекке баулуға үлгі болуға тырыстық, – деп сөзін түйіндеді алтын құрсақты ана.
Алтын құрсақ демекші, әжеміз сегіз ұл-қызды өмірге әкеліп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған бақытты ана. Бізге әженің өнегелі өмір жолын айтқан үлкен келіні Райхан анамыз болатын. Ененің қадыр-қасиетін, аналық мейірімін жеткізген Райхан апайдың үлкенге ізетіне, құрметіне тәнті болдық.
– 1981 жылы осы әулетке келін болып түстім, көп өтпей мен де енемнің шаруасына жәрдемші болдым. Сауынға бірге барып, еңбек еттім, шираған үстіне ширай түстім. Түнде сауынға бірге баратынбыз, төрт жыл тер төктік, көп нәрсе үйрендім. Соның арқасында аудандық мәслихатқа депутат та болдым. Әлі күнге дейін, анамыздың ақылын тыңдап, батасын алып отырамыз. Жақында ғана шөбересінің қолынан май жалаттық, анамыздың денсаулығы шүкір жақсы, арамызда күліп жүргенін көріп біз де бір жасап қаламыз. Осындай қарттарымызды қадірлеп, олардың жолын өскелең ұрпаққа, бүгінгі буынға көбірек насихаттау біздің парызымыз, – деді бүгінде 60 жастың асқарына шыққан әжеміздің үлкен келіні.
Айткүл Жанабаеваның жүріп өткен жолы дәлел бола алады. Біз кейіпкеріміздің бойынан осы бір асыл қасиеттерді көріп, басымызды изедік.
Әлібек ТЕМІРБЕК

21 ақпан 2021 ж. 687 0