Мамандық таңдау жауапты іс
Халыққа қызмет ететін әрбір мемлекеттік қызметкердің міндеті - өз жұмысына деген жауапкершілігі арқылы қоғам мен азаматтардың сенімін туғызу. Сонымен қатар адамдар арасында жұмыс атқаратын саласы жайында дұрыс пікір, оң көзқарас, оған деген айқын сенімділік қалыптастыру. Алайда мұндай сенім мен құрметке жету оңай емес. Бұл үшін бір ғана кәсіби білімділік пен білгірлік жеткіліксіз, одан басқа -қызметшінің жеке мінез құлық мәселесі және бар. Яғни, кызметшінің кәсібилік деңгейі мен адамгершілік қасиеттері қатар тұру керек. Осы аталған қасиеттердің бәрі бір бойынан табылатын бүгінгі кейіпкеріміз Асхат Қыдырбаев мемлекеттік қызметкер болу абыройлы іс екенін естен шығарған емес.
– білімнен емес, мінезден» деп Алаш арысы Әлихан Бөкейханов айтқандай қандай жағдай болмасын мемлекеттік қызметші әдеп нормаларын сақтап, оны мұқият оқып, өзгеден үйренуі және өзгені үйрете білуі керек.
Ал мемлекеттік қызметшінің беделі – мемлекет беделі деген қағиданы ұстанған біздің бүгінгі кейіпкерміз Асхат Ақжігітұлы кент орталығындағы №56 мектепті үздікке аяқтаған. Отан алдындағы борышын өтеу үшін Семей қаласындағы Қарулы күштер қатарына әскерге шақырылып, одан әрі 2011-2014 жыл аралығында аймақтық әлеуметтік инновациялық университетіне оқуға түседі. Оқу орнын «Құқықтану» мамандығы бойынша бітіреді де алғашқы еңбек жолын Сунақата ауылдық әкімдігінде бастайды. 2016- 2018 жылдары аталмыш әкімдікте жетекші маман, 2018-2021 жылы бас маман болып жауапты саланың тізгінін ұстайды. Ал 2021 жылдың тамыз айынан бастап Жаңақорған аудан әкімі аппаратының персоналды басқару кадр қызметі бөлімінің бас маманы қызметін абыроймен атқарып келеді.
Маман атану – белгілі бір дайындықты, жауапкершілікті талап ететін қызметтің маңызды бөлігі. Ал өз қызметіне барынша мұқият қарайтын Асхат жүрегі қалаған қызмет жолында аянбай еңбек етіп келеді.
– Кей адамдар отбасы дәстүрінен айнымау үшін ата-бабасынан үзілмей келе жатқан саланы таңдап жатады. Ал мен мамандық таңдауды тағдырыңды таңдау деп түсінемін. Кейін өміріңде өкінбейтіндей, қабілетіңе сай, ары қарай дамуыңа оң әсерін тигізетін кәсіп түрін таңдаған жанның табысты болатыны анық. Себебі, мамандығын жақсы көретін жан «тар жол, тайғақ кешуде» еш берілмейді. Жұмысына асқан жауапкершілікпен қарайды, – деді.
Сондай-ақ атқаратын саласының маңыздылығына шолу жасаған жас маман мемлекеттік қызметші болу үлкен абырой мен міндет жүктейтініне тоқталды. Ол билік пен халық арасында байланыстырушы буын болып табылатынын, сондықтан көп нәрсе оның кәсіби біліктілігіне, жедел түрде ой қорытып, қандай да бір мәселелерді шешу жауапкершілігін өз мойнына ала білу дағдысын игергендігіне байланысты екеніне ерекше атап өтті.
Расында мемлекеттік қызметшілер билік пен бұқара халықтың арасын жалғайтын алтын көпір. Қарапайым тұрғындардың жергілікті билікке сенімі артып, мемлекеттік қызметшілер халық алдындағы жауапкершілік үдесінен шыға білгенде ғана екі арадағы көпірдің баршаға тиімді болатыны ақиқат. Міне осы жолда әр мемлекеттік қызметші өзгелерге өзінің ісімен, әділдігімен, қарапайымдылығымен, сабырлылығымен, шыншылдығымен, отансүйгіштігімен үлгі болуы керек. Сонда ғана ел мемлекеттік қызметкершілердің жұмысына қарап билікке, оның қарапайым халыққа деген көзқарасына баға береді. Бұдан мемлекеттік қызметкерлерге артылған жауапкершіліктің маңыздылығын байқаймыз.
Бүгінгі күні мемлекеттік қызметкерлердің беделі артып, мемлекеттік аппаратта қызмет етуге ниет білдірушілердің қатары да артып келеді. Оның ішінде Асхат секілді жас мемлекеттік қызметшілердің саны күннен-күнге өсіп келе жатқанын байқау қиын емес. Бастысы олар ел мүддесі, халық игілігі бәрінен жоғары тұрғанда ғана нәтижелі жұмыс болатынын ұмытпауы тиіс.
Әр саланың өз маңызы, артылар жүгі, міндеті бар. Салмағын сараптап, жауапкершілікті сезіне білген қызметкер үшін істің ауыры болмайды деген Асхат секілді барша мемлекеттік қызметшілердің абыройына, қызметіне қара күйе жағылмасына біздер сенейік.
Лаура БИБАСАРОВА