» » Ар ойлаған, абыройға жетеді

Ар ойлаған, абыройға жетеді


«Мемлекеттік қызмет дегеніміз – жеке бастың бақ-дәулетін арттыратын жер емес. Бұл – туған халқыңның алдында айрықша жауапкершілік арқалау деген сөз». Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың лауазымды тұлғаларға жүктеген нақты міндетмежесі. Яғни, мемлекеттік салада жүрген әрбір қызмет иесі осы айтылған сөзді өмірлік ұстаным етіп алуы тиіс. Өйткені, елге адал еңбек етудің үлгісі осы жандардан басталады. Біз осы тақырып төңірегінде талдап көргенді жөн көрдік.

 Алдымен ауданнан бастайық. Қазір Жаңақорған ауданы бойынша жергілікті атқарушы органдарда 194 штат бар, оның 2-уі бос орын қатарында. Жалпы, мемлекеттік қызметкерлердің орташа жасы 41,5 жас. Мұндағы бір артықшылық, соңғы жылдары қызметке жастардың тартылуы, олардың ықыласы мен қарым-қабілеті бізді қуанта бастады. «Мемлекет мүддесіне адалдық, міндетті қызметіне жауапкершілік күшейген кезде әдеп нормаларының сапалық саясаты да өседі. Сол үшін біліктілік деңгейін арттыру, қайта даярлау курстары ұйымдастырылады, одан азаматтар шыңдалады, тәжірибесі толысады» – дейді аудан әкімі апаратының басшысы Бақтияр Ахметов.
 Одан бөлек жас мемлекеттік қызметшілерді мемлекеттік қызметке бейімдеу мақсатында тәлімгерлер бекітіліп, облыстық деңгейдегі салалық басқармалардан тағылымдамадан өткізу жүйесі қалыптасқан. Әрине, Әдеп жөніндегі уәкілдің міндетіне мемлекеттік қызметтің әдеп нормаларының сақталуы мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамаға сәйкес ҚР мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексіне қайшы әрекеттердің алдын алу жұмыстарын үйлестіру жатады.
 Жаңа Қазақстандағы мемлекеттік қызметшінің болмысы қандай болуға тиіс? Оларға артылған жүк пен жауапкершілік қандай? Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ұйытқы болуымен өткен пікір алмасу алаңында сарапшылар осы сұраққа жауап іздеп, нақты пікірлерін білдірді.  «Жаңа Қазақстандағы мемлекеттік қызметшінің болмысы» атты ашық форматта өткен алқалы басқосуға Мәжіліс және Сенат депутаттары, белгілі қоғам қайраткерлері мен есімі елге таныс азаматтар ой-пікірлерін ортаға салды.
 Жиынға қатысқан Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп, Мәжіліс депутаттары Аманжол Әлтай, Жанарбек Әшімжан, Назиля Раззак, Берік Бекжанов, «Хабар агенттігі» АҚ басқарма төрағасы Берік Уәли, Еуропалық құқықтар және адам құқықтары сараптамалық институтының директоры Марат Бәшімов «Жаңа форматтағы мемлекеттік қызметшінің болмысын қалыптастыруда агенттік тарапынан қандай іс-қимылдар қабылдануға тиіс?», «Мемлекеттік ақпаратты трансформациялау процесіне қоғам белсенділерін, ақпарат құралдарын қалай тартуға болады?» деген сауалдар төңірегінде өз ұсыныстарын жеткізді.
 «Егемен Қазақстан» РГ» ЖШС бас директоры Дархан Қыдырәлі мемлекеттік қызметшінің ең алдымен мемлекеттің, ұлттың, халықтың қызметшісі болуға тиіс екенін айта келіп: «Қарапайым халық кешегі Өзбекәлі Жәнібеков, Әбіш Кекілбаев, Ілияс Омаров сынды мемлекеттік қызметте жүріп халыққа қалтқысыз қызмет еткен қаранарларды іздейді», деді. Иә, қандай саланың болмасын мідетін мойынға жүктеген соң, бірінші болып ұлтқа қызмет етуді мақсат еткен перзент туған өлкенің туын түсірмейді, еңсесін тктеп, елдің алғысын арқалайтыны анық. Жиын тізгінін ұстаған Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев кездесудің маңыздылығын атап өтіп, дөңгелек үстелдің басты мақсаты – мемлекеттік қызметкер қандай болуы керек деген сұрақ негізінде олардың бетбейнесін айқындау екенін айтты.
 -Мемлекеттік қызмет ол пайда табу мен күн көрудің құралы деп қабылдаудан әлдеқайда биік түсінік. Ол – парыз, адамшылық борыш, халықтың сенімі. Әр азаматтың елдің алдындағы адамшылық миссиясы – елге қызмет ету. Бұл зор мәртебе.
 Санада осындай түсініктерді орнықтырған кезде ғана адал ниетті, әділ, халыққа қызмет етуді парыз деп санайтын қызметшілердің толқыны қалыптасады. Керісінше ел үшін емес, жеке бас үшін қызмет ету басты мақсатқа айналады. Сондықтан басты ұстаным – адал ниетпен елге қызмет ету болуы керек. Осы бағытта саналы түрде жаңғыру қажет. Мемлекеттік қызметшіге азаматтық сана, елдік сана, мемлекетшілдік сана басты құндылық болуға тиіс, – деді агенттік басшысы.
 Сарапшылар мемлекеттік қызметшінің халыққа адал әрі кәсіби қызмет көрсетуі, оның әлеуметтік жағдайын жақсарту, БАҚ тарапынан қолдау арқылы мемлекеттік қызметтің беделін көтеру, мемлекеттік тілдің мәртебесі, оқыту бағдарламаларына тарихи тұлғалардың өнегесін енгізу туралы сөз қозғады.
Жалпы, мемлекеттік қызметшілердің моральдықәдептілік бейнесіне жоғары талаптар қойылады. Мемлекеттік қызметшілер қарапайым болуы, жалпыға бірдей қабылданған моральдық-әдептік нормаларды сақтауы, шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратпауы, мемлекет мүдделеріне және азаматтардың құқықтарына нұқсан келтіретін әрекеттерге қарсы тұруы тиіс.
 – Заңда белгіленген шектеулерді сақтауға, мүдделер қақтығысын болдырмауға, азаматтармен қарым-қатынаста әдептілік танытуы, әдепсіздік және бейәдеп мінез-құлық фактілеріне жол бермеуі, өздерінің әрекеттерімен және мінез-құлқымен олардың тарапынан сынға себепкер болмауы керек. Іскерлік әдеп пен ресми мінез-құлық қағидаларын сақтауға, азаматтардың көз алдында өздері өкілі болып табылатын мемлекеттік органдардың абыройы мен беделіне айқын нұқсан келтіретін әрекеттер жасауға жол бермеуге міндетті. Халықтың мұң-мұқтажын шешуде сыбайлас жемқорлықтан алшақ жүріп, әділет органдарының атына сай еңбек ету керек, – дейді аудандық соттың жетекші маманы Асылжан Алмасов.
 Түйіндей айтқанда, елдің экономикалық дамуы, халықтың әл-ауқатының артуы, қоғамның тыныс-тіршілігінің тұрақты болуы ең бірінші мемлекеттік қызметте жүрген жандардың біліктілігімен көрінеді. Сондықтан, қандай мамандық иесі болмасын мелекеттік саланың салмағын көтеріп жүргеннен соң салғырт емес, сапалы қызмет еткені абзал. Келешек бүгіннен басталса, онда ұлтқа қызмет ету де бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі.

Әлібек Жарықбаев
24 маусым 2022 ж. 240 0