Соңғы жаңалықтар

Берекені ұрлаған несие

12 тамыз 2025 ж. 1 146

№60 (8874) 12

12 тамыз 2025 ж.

№59 (8873) 9

09 тамыз 2025 ж.

№58 (8872) 5

05 тамыз 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031
» » КӨПІР – КЕМЕЛ КЕЛЕШЕК ТҰҒЫРЫ

КӨПІР – КЕМЕЛ КЕЛЕШЕК ТҰҒЫРЫ

Жаңақорған кентіндегі темір жол арқылы өтетін айналма жол көпірінің жарамсызданып істен шыққанына қырық жылдай уақыт өтіпті. Содан бері қанша рет басшылық назарға алып талапты тірлікке ниет болғанымен, тәуекелді іске бел буып кірісудің сәті түспеген секілді. Күрделі жобаға шынайы жан бітіруге талаптанған облыс басшысының тікелей қолдауымен ынталы азаматтардың жан-жақты ізденісінің арқасында демеуші тұлғалар да табылып, техникалық сараптамасын сақадай-сай дайындау нәтижесінде қажет қаржыға мезгілінде қол жетті.
Кеңес кезінде салынған көпір құрылысы жарамды, дегенмен жарты ғасырға жуық пайдаланусыз жатқан аумақтың конструкциясын жан-жақты зерттеп, тұғыры бекем төбенің тіректері жаңаша технологиямен бекітілді. Көпір тіреуіштері қайта қалпына келтірілді, беткі жағына арматура қойылды. Осындай енапат шаруаны еңсерген соң осы структураны сақтай отырып, қабатына жалғасуы тиіс жаңа көпір құрылысы қарқын алды. Бұл жұмыстарда «НС-Сервис» мердігер компаниясы істі ұтымды ұйымдастыруға ден қойды. Оң қапталдан жаңа көпір түсетін аумақтың орнын тегістеуді міндетіне алған екінші бригада «Нұр Орта сервистің» жігіттері техникалармен тың жерге түрен салуға кіріскен. Құрылысты мерзімінде бітіруде маңдайдан шыжғырған ыстықты да, сай-сүйектен өткен суықты да елемей тізе қосып, арқа түйістіріп еткен еңбектің жемісін көрер сәт туды. Көпірдің ашылу салтанатына облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев арнайы келіп, аудан халқын жаңа игілікпен құттықтады.
– Алғаш аудан халқымен кездескенімде осы көпір мәселесін қозғаған болатын. Осыны негізге алып, жанжақты зерделенді. Облыстық бюджеттен 1 млрд 400 млн теңге бөлініп, жұмыстар атқарылды. Енді міне, көпір құрылысы бітті. Ол арқылы тоғыз елді мекеннен шыққан көліктер трассаға тікелей өте алатын болады. Бұл қауіпсіздікке де, экология талаптарына да оң ықпал етеді, – дей келіп аудан тұрғындарын аймақтағы басқа да байыпты бастамалар, біткен іс, жаңа жобалармен таныстырды.
Салтанатты мереке аясында көпір құрылысын сапалы жүргізуге атсалысқан бірнеше азаматтар аймақ басшысының Алғыс хатымен марапатталды. Олардың қатарында еңбек ардагерлері Асан Нақышпанов, Нуридин Исмайлов, «Қызмет» коммуналды-мемлекеттік мекемесінің автомеханигі Бағлан Үржігітов, аудандық электр тарату торабы мекемесінің электрмонтеры Қалдыбек Жұманов, «НС-Сервис» ЖШС директоры Жандос Сәрсенбайұлы, «Ақжол» ЖШС құрылтайшысы Сабырхан Кәрімұлы, «Казстрой» ЖШС директоры Дәулетбай Әбиев, «ТОП-Геодезия» ЖШС директоры Айдос Бахрамовтар бар.
Ел игілігіне тілектестік лебізін білдірген ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Мұрат Әбенов осы бағыттағы іскер азаматтардың бірлескен еңбегіне ризашылығын білдірсе, қоғам қайраткері, Арал, Қазалы аудандары мен Қызылорда қаласының Құрметті азаматы, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иесі Нәжмадин Мұсабайұлы: «Біз сіздермен тарихи күні кездесіп тұрмыз.
Бес жыл осы ауданда басқарған кезімде де көпір құрылысын жүргізуге тер төгіп келдік. Оңай болмады. Облысымыздың өзге өңірлерден бір артықшылығы, барлық аудандарының үстінен темір жол өтеді. Соңғы үш жылда облыс орталығы ғана емес, шалғай аудандарда да үлкен жобалар іске асуда. Сондай ғаламат жобаның бірі – осы көпір құрылысы. Тағы бір айта кетерім, кезінде аудан басшысы ретінде Сәмит Далдабайұлы қозғау салған құрылыс жұмысын енді оның ұлы Мажит Самитұлы тиянақтауы да үлкен символикалық мәні бар тағдырдың сыйы», – деп өткенге тағзым жасауды да ұмытпады.
Біздің өңірімізге ылғи да тілектес болып жүретін ҚР Параменті Мәжілісі депутаттары және облыстық мәслихат депутаттары қатысуымен өткен көпірдің ашылу салтанаты көптің көңілінде үлкен әсер қалдырды. Бұл жасампаз жаңаруымыздың көрінісі. Бекем бірлік, биік бедел, бір тілекпен жұмылған тірлігіміздің шынайы жемісі. Келешекке жол тартар нұрлы армандардың тұғыры.

                                                                                                                                              Баян Үсейінова
13 шілде 2025 ж. 105 0