ЖАҢАҚОРҒАНДА ТУРИЗМДІ ТАБЫС КӨЗІНЕ АЙНАЛДЫРА АЛАМЫЗ БА?

Биыл Дүниежүзілік экономикалық форумның (World Economic Forum) Саяхат пен туризмді дамыту индексіне сәйкес Қазақстан туристік бағыттар тізімінде 119 ел ішінде 52-орынды иеленді. Бұған дейінгі индексте Қазақстан 66-орынға орналасқан еді. Ал былтыр Қазақстанға жұмыс бабымен немесе тұрақты тұруға келгендерді есептемегенде, туристік мақсатпен 15,3 млн шетелдік қонақ келген. Оның ішінде 10,4 млн адам елде бір күннен көп уақытқа қалып, шетелдік туристер санатына енді. Ресми статистикаға сәйкес, шетелдік меймандардың елімізде орташа болу мерзімі – 4 күн. Ұлттық банк мәліметінше, алыс шетелден келген туристер Қазақстанға сапары кезінде орта есеппен 1500 АҚШ долларын жұмсайды. 2024 жылы шетелдік туристер еліміздің аумағында 1,2 трлн теңгеден астам қаражат жұмсаған.
Бұл көрсеткіштен туризм саласында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі тұрақты түрде өсіп келе жатқанын байқауға болады. Бүгінде ауданда туризм саласы бойынша 19 субъекті тіркелген. Оның 5-еуі шипажай, 2-еуі балалар лагері, 9-ы қонақ үй, 3-еуі демалыс орны.
Сонымен қоса бүгінгі күнге дейін «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» көлік дәлізі бойында жалпы құны 2 млрд 556 млн теңгені құрайтын 7 жол бойы қызмет көрсету кешендері жұмыс жасап келеді. Жылына 14 мыңнан астам адамға қызмет көрсететін «Жаңақорған» шипажайында тұзды суы мен табиғи батпағымен танымал «Теріскен» көлі түрлі дертке ем ретінде халық арасында кеңінен танылған. Аталмыш шипажайға еліміздің әр өңірінен, тіпті шет елдерден келетін емделушілер легі жыл сайын артып келеді. Сол сияқты Ақтас пен Апанқақ артезианы да емдік қасиетімен белгілі. Қос артезианның табиғи суына бір шомылғаннанақ адам өзін сергек сезініп, бойына қуат бітеді.
ТАРИХ ПЕН ТУРИЗМ ҰШТАССА
Жаңақорған ауданының киелі орындарын бір маршрутқа біріктіретін болсақ, бұл тек өңірдің тарихи-рухани әлеуетін тануға емес, ішкі туризмді дамытуға зор мүмкіндік берер еді. Мұндай бағыттың басы, республикалық маңызы бар ортағасырлық Сығанақ шаһарынан басталуы тиіс. Бір кездері Қыпшақ даласының астанасы атанған бұл көне қала қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуында айрықша орын алған тарихи орталық. Сығанақта жүргізілген археологиялық қазбалар мен тарихи деректер бұл шаһардың сәулет өнері мен қалалық мәдениеттің дамығанын айғақтайды
. Демек, бұл мекен тарихты көзбен көріп, рухты сезінгісі келген әрбір турист үшін құнды. Сығанақтан кейін жол Көккесенеге бағытталар еді. Сонау 11-12 ғасырдағы сәулет өнерінің теңдессіз ескерткіші тек мәдени мұра ғана емес, ортағасырлық зираттық құрылыс үлгісінің сақталған нұсқасы. Кесене маңында ұйымдастырылатын шағын экскурсиялар мен гид қызметтері тарихи оқиғаларды жас ұрпаққа жеткізудің таптырмас тәсілі болары анық.
Бүгінде осы рухани орындарға келушілер бар. Мәселен, өткен аптада Қызылорда облыстық Мәслихатындағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының бір топ мүшелері, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов және аудан әкімі Мажит Самитовтың бастауымен «Сығанақ» қалашығына барып, жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарымен танысты. – Облыстан келген қонақтарды «Сығанақ» қалашығына апардық. Арнайы топты қалашыққа жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарымен Түркістан Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік Университетінің археологиялық ғылыми зерттеу институтының ғылыми жетекшісі Бағдаулет Сапарбайұлы таныстырып, археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған қыш құмыралар, сүйектен, қыштан жасалған бұйымдар, тиындар, моншақтар, алтын жапсырмалар мен әшекейлер, керамикалық ыдыстар, глазурьленген қыш қаптамаларды көрсетті. Алдағы уақытта да осындай аудандағы тарихи-рухани орындарға экскурсиялар жасау жалғасын табатын болады, – дейді аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің басшысы Махмут Рақымжанов.
Келесі тарихи орын аңыз бен ақиқаттың тоғысқан тұсы, табиғаттың өзі шебер бейнелеген құпия бекініс – Қатынқамал үңгірі. Бұл орынның атауы да, табиғаты да келушілердің қызығушылығын арттырады. Жартасты шатқал ішіне жасырынған бұл мекен жаугершілік кезеңінде талайдың өміріне араша болған табиғатымен де таңсық. Одан кейінгі бағытты «Таңбалы тасқа» бұрар едік. Бұл халқымыздың рухани болмысын айшықтайтын қасиетті орын. Қабырға тастарға қашалған таңбалар мен жазулар бабалар мұрасын болашаққа жалғайтын рухани көпір іспетті. Бұл жерде ұлттық құндылықтарға негізделген ашық аспан астындағы музей немесе арнайы экскурсиялар ұйымдастыру арқылы туризм тынысын кеңейте түсуге болады. Өңіріміздегі «Қылауыз ата» мен «Ақтас» мешіті көнеден келе жатқан архитектуралық сәулетімен көз тартады. Мұнда рухани бағыттағы туристік қызметті жолға қою, зиярат турларын ұйымдастыру өте орынды. Осы топырақта жатқан «Хорасан ата» мен «Төлегетай-Қылышты ата» кесенелері Орталық Азия мен қазақ даласында ислам дінін таратушы әулиелер басына қойылған ескерткіш ретінде көпшілік тәу етіп барар зиярат орны ретінде құрметке ие.
Айта кетейік, «Әбдіғаппар – Төлегетай – Хорасан ата» бағытындағы автожол жөнделіп, Ақтасқа дейінгі жол асфальтталған. Жолдың талапқа сай болуы аптаның демалыс күндеріне арнайы бағытталған тур ұйымдастыруға толық мүмкіндік береді. Бірақ әлі де турагенттіктер әзірге бұл бағытқа толықтай маңыз беріп отырған жоқ. Осындай бағытты жүйелі маршрутқа айналдыру Жаңақорғанның тарихи-рухани құндылықтарын ел көлеміне ғана емес, шетелдік туристерге де кеңінен насихаттауға жол ашады. Киелі жерлердің әрқайсысы өзінше бір дерек, өзінше бір тағылым. Осы бағыттар негізінде туристік құндылық айқындалып, ақпараттық және инфрақұрылымдық қолдау көрсетілсе, аталған орындар ауданда ішкі туризмнің іргелі орталығына айналар еді.
ТУРИЗМДІ ДАМЫТУ ҮШІН НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?
Ең алдымен сервис сапасын арттыру маңызды. Біріншіден, қонақ үй, жол бойы қызмет көрсету кешендері, такси қызметінің қолжетімділігі мен сапасы сын көтеретіндей болса, келушілер де артады. Екінші, инфрақұрылымды жақсарту, яғни тарихи орындарға апаратын жолдарды жөндеу, жарық тарту, интернет желісін жүргізу туризмнің дамуына серпін береді. Үшінші, ақпараттық насихатты күшейту арқылы өңірдің танымалдығын арттыру керек. Ол үшін қысқаметражды фильмдер, фотоальбомдар, әлеуметтік желілердегі сапалы контент қажет. Егер аталған осы бағыттар жүзеге асса, туған өлке табиғаты мен тарихи ескерткіштерін нақты табыс әкелетін өңірге айналады. Мемлекеттік қолдау мен халықтың ынтасы тоғысқанда, ішкі туризмнің жарқын үлгісі дәл осы Жаңақорғанда қалыптасары анық. Айта кетейік, алдағы жылдары Қазақстан туризм саласын қарқынды дамыту бағытында ауқымды жобалар мен бастамаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Ресми деректерге сүйенсек, ел көлемінде үш ірі туристік аймақ басым бағыт ретінде белгіленген: ЩучьеБурабай курорттық аймағы, Маңғыстау жағалауы және Алматы тау кластері. 2027 жылға дейін жалпы құны 1,1 триллион теңгеден асатын 181 инвестициялық жоба іске асырылып, туризм саласындағы жұмыспен қамтылған азаматтар саны 800 мыңға дейін артпақ.
Сонымен қатар, агротуризмді дамыту арқылы ауылдық жерлерде 10 мың жаңа жұмыс орны ашу көзделуде. Ішкі туристер санын 11 миллион адамға жеткізу, орналастыру орындарының төсек-орын қорын 280 мыңға дейін ұлғайту, сондай-ақ барлық қонақүй нысандарын «eQonaq» ақпараттық жүйесіне енгізу жоспарланған. Бұдан бөлек, Қазақстан Дүниежүзілік экономикалық форумның Саяхат және туризмді дамыту жаһандық индексінде әлемнің үздік 50 елі қатарына енуді көздеп отыр. Осындай ұлт деңгейіндегі стратегиялық жоспарлар аясында Жаңақорғанның да орны ерекше болуы тиіс. Өйткені бұл өңір – емдік-сауықтыру, экологиялық және руханитарихи туризмнің тоғысқан нүктесі. Табиғи шипажайлар, көне қалалар мен киелі орындар, ұлттық дәстүрмен өрілген этножобалар, мұның барлығы Жаңақорғанды ішкі туризмнің локомотивіне айналдыра алады. Егер жергілікті бастамалар мемлекеттік деңгейдегі қолдаумен ұштасып, инфрақұрылым мен ақпараттық қамтамасыз ету жүйесі жүйеленсе, Жаңақорған Қазақстанның жаңа туристік картасында өз орнын нықтайтыны анық.
Айсұлу Алданазар