ҚЫЗЫҢ – ҮЙДЕ, ҚЫЛЫҒЫ – ТҮЗДЕ. ОҒАН ҚОРҒАН БОЛАТЫН ӨЗІМІЗ

Ресми деректерді сөйлетсек, елімізде 12-15 жас аралығындағы, тіпті 10-12 жастағы қыз баланың жүкті болып қалғаны туралы статистика тіркелген. Ал, ресми деректер елімізде жылына 130 мыңға жуық жасанды түсік жасалса, олардың ең жасы – 13-14 жастағы жасөспірім қыздар екенін растап отыр. Тіпті жасанды түсік жасату жөнінен Еуропамен салыстырғанда 3-4 есе алда тұр екенбіз.
Ал ауданның ахуалын сөз етсек, 4447 жасөспірімнің 2229-ы қыз бала. Өгей ата-анамен тұратын 99 баланың 48-і қыз. Мектепішілік бақылауда 125 оқушының басым бөлігі қыз бала екенін ескерсек, бұрымдыларымыздың бойын қауіп-қатерден сақтап, тәрбиесіне аса көңіл бөлу керектігін аңғарасыз. Денсаулық сақтау саласының берген мәліметінде 2024 жылы ауданда кәмелет жасына жетпеген 4 қыздың жүктілігі тіркелген. Биылғы жылдың басында Рудный қаласынан уақытша тұруға келген 17 жасар қаракөз сәбилі болыпты. «Қыз бала – ұлттың ұяты, халықтың шырайы» десек, сәбилік шағынан сана уланып сорлап қалған қыз баланың тағдырына алаңдаған кім бар? Ұлттық тәрбиеміз кері кетіп, салт-дәстүріміз аяқасты болуына кім кінәлі? Заң қатаңдатылғанымен нәтиже бермейтін нәзік тақырыпты ашық талқылауға неге дәрменсізбіз? Біреудің болашағын балталап, өмірін өксікке толтырған ойсыздар неге жазасын алмайды? Өзіміз мүшесі болып табылатын аудан әкімі жанындағы кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияда мектеп жасындағы бір қыз баланың жүктілігі талқыланды. Мұны алдымен көрші-қолаңдары байқап, мектеп мұғалімдеріне ескерткен екен.
Дәрігерлік тексерістен соң, іштегі шарана бес айдан асып кеткені расталған. Осы мерзімге дейін ата-ана тарапынан ешқандай көңіл қойылмағаны түсініксіз. Бұл оқиғаны басты назарға алған құқық қорғау органдары тергептексеру жұмысын бастап кетті. Жасыратыны жоқ, балалық шағымен ерте қоштасып, өкінішін өзіне сақтаған қаракөздердің көбі өгей әкенің озбырлығын бастан кешуде. Еліміздегі әр төртінші әйел екінші рет тұрмыс құруы осы мәселенің күрделенуіне жол ашады екен. Мамандардың айтуынша, жыныстық даму қыздарда 9-10, ұлдарда 10-12 жаста ғана байқала бастайды. Жүктілік кезінде жүрек-қан тамыры, эндокриндік жүйе және ішкі органдарда түрлі түзілістер жүреді. Жас аналарда көбінесе плацентарлық тапшылық, анемия, токсикоз туындайды. Балғын қыздардың ағзасы мұндай жүктемеге дайын болмайды, құрсақ көтеріп, бала тууға бейімделмеген.
Жасөспірім ана дүниеге әкелген шарананың тіршілігі күмәнді. Ерте түсік жасату да, тіпті баланы жасанды толғату да – жас ананың денсаулығына қатерлі екенін, жанына жазылмас жара салатынын түсінгіміз келмейді. «Ойнап жүріп, от басқан» баласының тағдырына бас қатырудан бұрын, жұрт алдындағы беделін сақтап қалуға білек сыбана кірісетін ата-ананың тығырыққа тірелуі осы тұр. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген тәмсіл бар. Қазір жасөспірімдердің жауапкершілігін сөз еткенімізбен, олар белгілі бір деңгейде ересек адамдардың жауапкершілігін сезіне алды ма, осы мәселеге мән беру керек сияқты. Ал аумалы-төкпелі көңіл күйдегі өтпелі кезеңде жасөспірімге тек ұят туралы айтып, шектеу арқылы жауапкершілік талап етудің соңы әлеуметтік мәселеге айналып отырғанының куәсіміз. Ерте жастағы жүктіліктің салдары жасөспірімнің денсаулық мәселесі ғана емес, өзіне-өзі қол жұмсауға және құрсақта тұншыққан сәби өмірін қиюға дейін апаратын қылмыс әрі қасірет.
Сондықтан ізгі қоғам игіліктері дегенді құр айтып қана қоя салмай, әркім өз бойынан іздегені дұрыс секілді. Қазақтың ұлттық танымына салсақ, «бесіктен белі шықпаған балаға» кейбір құпия саналатын, ұят болып есептелетін, өзіндік шекарасы анықталған ұғымдарды ашық айтуға болмайды.
Десек те, «әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» деген халықтың өз тәлімітәрбиесі бар емес пе? Әрине көкөрімді «болары болған іске» айыптау, кінәлау мәселені шешпейтіні анық. Бейсаналы жасаған әрекеті үшін ата-анасынан қорыққан жасөспірімнің жасанды түсік жасату арқылы мәжбүрлі түрде адам өлтіру секілді қылмысқа дейін барып жатқаны ең үлкен қауіп екенін ескеруіміз керек. Екінші жағынан қарағанда, «қорғалмаған қарым-қатынас» салдарынан ВИЧ жұқтырған жастар қатары артып келеді. Статистиканы сөйлетсек, елімізде 21 мың ВИЧ дертін жұқтырған адам болса, соның 40 проценті – 15-29 жас аралығындағы жастар, 15 жаста аяғы ауыр болған бойжеткендердің қайтыс болу қаупі ересектерге қарағанда 20 есе көп. Осы жағдайға байланысты қазір мектеп бағдарламасына жыныстық тәрбие сабағын енгізу туралы мәселе қоғамда қайта-қайта талқыланып келеді. Бірақ жыныстық білім мен тәрбиені жүйелі, сауатты түрде қалай жүргізуге болатыны туралы нақты шешім, айқын бағыт-бағдар жоқ. Сондықтан әр ата-ана өз баласының болашағының жарқын болуы үшін отбасылық жылылықпен қатар тұлғалық қалыптасуына жол аша білгені жөн.
Мақпал МАРҚАБАЙ