Қазақтың келіні болу – керемет

Тундрада туған ненец ұлтының өкілі Хороля Анастасия Падровна бүгінде Сыр елін туған атамекенінен кем санамайды. Онымен әңгіме барысында бұған толық көзіміз жетті.
– Мен Ресей федерациясына қарасты Ямал-Ненец автономды аймағы, Тюмень облысының, Панаев дейтін ауылында дүниеге келдім. Сонда өстім, оқыдым. Он ағайынды едік. Барлығымыз да интернатта жатып оқыдық. Үйімізге тек 3 ай демалыста баратынбыз. Мектепті бітіргеннен кейін Тобольскі қаласына оқуға түстім. Жолдасыммен сонда бірге оқып жүріп, көңіл жарастырдық. 1997 жылы Жаңақорғанға келін болып түстім. Әрине, алғашқы кезде оңай болмады. Қайынсiңiлiм Гүлзира маған көп рухани жәрдемші болды. Бар ынтамды салып, 2-3 жылдың ішінде қазақ тілін, салты мен дәстүрін тәп-тәуір меңгеріп алдым. Қайынсіңілім Айгүл жаныма жалау болып, барлығын да үйретті, – дейді кейіпкеріміз ағынан жарылып.
«Қазақтың келіні болу – керемет, ең бастысы, ағайын-туыстың көптігі». Алғаш Жаңақорған топырағына келгенімде енем маған Назыгүл деп ат қойды. Сол есімнің мағынасын түсініп, қасиетті есімге сызат түсірмеуге тырысып келемін. Үлгілі, өнегелі шаңырақтың бөлінбес бір бөлшегіне айналғанымды маңдайыма жазылған бағым, бақытым деп санаймын» дейді ол.
Иә, Қазақстанда тұратын этнос өкілдері халқымыздың құндылығын сіңіріп, өздерін нағыз қазақ секілді сезінетініне бүгінгі кейіпкерімізге қарап көзіміз жете түскендей. Өйткені, Жаңақорған жеріне келін болып түскеннен кейін өз жұртына араға 15 жыл салып бір-ақ барған екен. Бұл кез келгеннің қолынан келе бермейтін қасиет емес пе?
– 1997 жылы Жаңақорған жеріне келгенімде әуелі ауа-райына үйренісе алмадым. Менің өскен жерімнің табиғаты салқын, ал мұндағы ыстықты өзіңіз де белісіз. Басында осы ыстыққа үйрене алмай жүрдім. Бірақ, кейіннен үйренісіп кеттім ғой. Қазір Жаңақорғанның ыстық желі жаныма майдай жағады. Менің түсінгенім адам маңдайына жазылған тағдырдан ұзап кете алмайды екен. Ұлтым басқа болса да, қазақ халқының келіні болу маған бұйырған екен. Алла қаласа, келінімнің де қазақ қызы болғанын қалаймын. Өйткені, мен қазақтың барлық дәстүр-салтын, құндылығын бойыма сіңіріп алдым. Оның барлық артық-кем үрдісі жаныма жақын, – деп көңіліндегіні жайып салды Назыгүл апа.
Нағыз қазақ келіні бола білген Анастасия анамыздың жарына адал, қазақ халқына құрметі жоғары екенін әрбір сөзінен аңғарылып тұр. Тіпті, жолдасының «Біздің қазақтың келіндері жұмыс істемейді, үйге еге болып отырады» деген сөзінен асып кетпей, мамандығын да жылы жауып қойып, ата-анасын бағып қағыпты. Тек, 2013 жылы жолдасының денсаулығы сыр беріп, жұмысқа жарамсыздануына байланысты белді бекем буып шыққанын айтады.
Қазақстандағы ұлттар достығын көзбен көріп, жүрекпен сезініп жүрген жерлесіміз көңілі дархан қазақ халқына алғыс айтады. Қазақ тілін білуді достықтың кілті, ынтымақтастықтың бастауы деп білетін Анастасияның балалары мен немерелері қазақ тілін жетік меңгерген.
– Қазақ тілін білу – достықтың кілті, ынтымақтастың бастауы деп білемін. Мемлекеттік тіл – біздің ортақ құралымыз, қарым-қатынас тілімізге айналды. Достарымыз әртүрлі ұлт өкілдері болса да бір-біріне қамқор, жанашыр, тілекші. Бір-бірінің басына қиындық түссе бөліседі, қуаныш болса ортақтасады. Біздің тіліміз басқа болғанымен тілегіміз бір, жүзіміз басқа болғанымен жүрегіміз бір, –дейді.
Кейіпкеріміз қазақ туралы айтқанда ерекше тебіреністе болды. Жасы үлкенге кішілік ізет танытып, кішіге аға бола кететін қазақтай дархан ұлт әлемде жоқ шығар деген пікірде. Жат жерде жақыны болып кеткен қасиетті қазақ халқына деген жүрекжарды лебізі оның жадырай түскен жанарынан білініп тұрды...
Әсел КЕҢЕСҚЫЗЫ