№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Әділеттікті ту еткен Әдемі

Әділеттікті ту еткен Әдемі


Анасы Әліп Арал өңіріне белгілі жомарттығымен мұқым жоқ – жұқанаға пана болған, өзіне ерекше қасиет қонған палуан Жарықбастың қызы еді. Ерінен жастай жесір қалған анасына алаңдаған Әдемі ерте есейіп, ерте ер жетті. Тағдыр оған өмір бойы өзінің бақытынан бұрын өзгенің бақыты үшін барын салып, не қиындыққа да қасқая қарсы тұра білуді үйретіпті. Кішкентайынан жағаға ұрып жататын Арал теңізінің тулаған толқынынан қуат алып, жігерін жанып өскен қайсар қыз ақиқаттың алып кемесінде өз жағалауына қарай адаспай жүзіп келеді.

Әдемі Дарібайқызы 1949 жылы 1 мамырда Арал ауданы, «Қамыстыбас» елді мекенінде дүниеге келді. №28 «Қамбаш» орта мектебінің 11 сыныбын бітірген соң жалғызілікті анасына қарайлап, темір жол бойына жұмысқа тұрады. Бір жылдан соң ауылдағы мектепке пионервожатый болып орналасады. Одан әрі аудандық комсомол комитетінде жұмыс атқара жүріп аудандық партия комитетінің пленум мүшесі болып сайланады. Әдемінің бүкілодақтық пионерлер слетіне, комсомол сьезіне делегат болып сайланған кезеңі осы тұс 1973-1977 жылдар арлығында жас коммунист «Қасқақұлан» ауылдық Кеңестің председателі болып сайланады. Осы кезеңдері «Депутат – халық қызметшісі» деген айдармен облыстық газетте жарияланған мақалаға қарап, Әдеміні ауыл адамдарының қаншалықты жақсы көріп, сыйлайтынына көзіміз жеткендей.

Газет қиындысы мен жас кезіндегі фотосуретін альбомға мұқият жапсырып, сақтап қойған апайымыз оны қолтығына қысқан күйі бізге әкеліп көрсетті. Иә өткен күннің өнегесі өшпейді. Сол кездегі жалпақ тілмен айтқанда ауылнайдың ауыр міндеті, жауапкершілігі, елге сіңірген еңбегі белгілі. Әдемі осы биіктен табылды. Ауыл халқының тыныс-тіршілігіне тұтқа бола жүріп, ел- жұртына еркелей арқа сүйеді. Ауылдың әлеуметтік жағдайымен қоса мәдени талаптарын қамтамасыз етуде көркем өнерпаздар үйірмесінің жұмысын жолға қойды. Балықшылардың саяси көзқарасын жетілдіреміз деп сан мәрте мұздың үстінде ұрандатып, газет таратып, концерт қойған кездері де болды Кейін ойласа, еңбектері еш кетпегендей. Келешегіне сенімді, тәртіп қағидаларынан қия баспайтын, жұдырықтай жұмылған, қуатты, ортақ Отанның игілігі үшін ынтымақты алға басқан еңбек армиясы қалыптасыпты. Солардың алдыңғы сапында көңілде саңылаудай кірбіңі жоқ, елдің сенімін ақтау жолында аянбай тер төккен Әдемі сынды апаларымыз жүрді.

Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы пединституттың қазақ тілі, әдебиеті факультетін тәмамдап, мұғалім мамандығын алған Әдемі апайға мемлекеттік басқару саласында білімін жетілдіру курстарынан өтуге тура келді. Осындай сапармен Алматыда жүрген Әдеміге «Тез жет, анаң әл үстінде» деген шұғыл телеграмма келеді. Анасы мұның қолын кеудесіне қысқан күйі мәңгілікке көз жұмды. Жердің бетінде жалғыз өзі қалғандай жаны жаураған Әдемі ендігі өмір сүруде еш мән қалмағандай қамықты. Бірақ жалған өмір тірілер үшін жалғаса берерін түсінді. Түсініп қана қоймай, көңіліне үлкен бір міндетті жүктеп, елге ана бола білген асыл жанның қадірінің көмескілінбей қайта жарқырай түсуі үшін көп-көп тер төгу қажет екендігін ұқты, өзінің асылдан қалған сынық екендігін дәлелдеп қайғыға берілмеуге бекінген көңілі өз-өзіне басу айтып, өзі-өзін жұбатты.

Әдемі апай 1983-86 жылдары Арал аудандық АХАЖ бөлімін басқарып тұрған кезең болатын. «Жаңа дәстүр, жаңа салт» деген тақырыпта жоғарыдан тапсырма келе бастады. Елдің санасын ілгерілетіп, жасампаздық рухта тәрбиелеуге бағытталған бұл шаралар ауылдық жерлерде де кең қанат жайды. Осы тақырыпта алғаш рет Қандөзде семинар ұйымдастырылып, барлық ауданнан жиналған АХАЖ басшылары үлгі ретінде сол кездегі жастар басшысы Сапан Ерімбетовтың шаңырақ көтерген «Комсомол тойының» куәсі болды. Осы тойда жас жұбайларға неке куәлігі тапсырылды. Мемлекеттік Гимн орындалды. Әйтеуір, жаңаша үрдістің барлық мазмұны көрініс тапты. Бұл той елдің өміріне ғана емес, Әдемінің жеке өміріне де жаңалық әкелді. Аралдың аруы Қаратаудың қыранын жолықтырды. Бір көргеннен жүрек пен жүрек ұғысты. Бәлкім, тағдыр. Аманқұл Қыдырбаев деген жоғары білімді азамат өзіне қолын ұсынды. Ол ендігі өмірінің кілтін осы жігітке табыстады. Көңілі қаяулы азаматтың ұсынысын құп алып, біреуі бесте, біреуі жетіде, біреуі сегізде анасынан жетім қалған үлпіршектерін үкілеп, алақанға сап аялап, ана болуға бекем талаппен табалдырықты аттады.

Рас, аттан түспей ақсаусақ болып қалған айнамкөздің басы бүтін бейнетке байланып, бір қора жанның бабын тауып кете алмасынан қауіптенді ме, Аралда жүргенде өкіметтен алған төрт бөлмелі үйдің ордерін мемлекетке қайтармай қоя тұруын жөн көрді тілеулестері. Қайтып келсе далада қалмасын дегені ғой. Бірақ көпшілік Әдеміні білмей жүр екен. Оның төзімі, тәуекелдігі барлық қиындықты еңсерді. Түзде ердің, үйде әйелдің тірлігін тап тұйнақтай атқарып, қолындағы атасы, Ұлы Отан соғысының ардагері Мамыраев Қыдырбайдың қайта-қайта берген батасын әлге қуат тұтты. «Өзі жақсы адамға бір кісілік орын бар» деген тап рас. Содан бері жиырма жыл Жаңақорғанда қаншама мекемелерде жауапты жұмыстар атқарды. Ең алғаш аудандық оқу бөлімінде мектепке дейінгі мекемелер жөніндегі әдіскер, одан әрі №5 «Балғын» балалар бақшасы меңгерушісі, аудандық ішкі саясат бөлімінде жетекші маман болып абыройлы қызмет атқарды. Ол қай кезде, қай ортада жүрсе де өзінің көпшілділігімен, жан тазалығымен, турашылдығымен айналасының ықыласына бөленді. Өзіне, өзінің отбасына арнаған жүрек жылуын жалпы қоғамға, елдің баласына арнады. Оның сан жылдар білім саласында ата-аналар комитеті төрайымы ретінде атқарып келе жатқан тынымсыз еңбегі соның дәлелі.

2002 жылдан бастап өзінің төл мамандығы – ұстаздығымен қауышқан тәлімгер аудан орталығындағы №169 мектебінде психолог, одан әрі мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып жемісті қызмет атқарды. Зейнетке шыққан соң да қоғамдық қызметтен қол үзбей, ауданда қыз бала тәрбиесі, аудандық әйелдер кеңесі жұмысына атсалысып келеді. Атаана үмітін ақтаған бала-шағалары бойға қуат, көңілге шуақ. Ерланның мамандығы инженер, келіншегі Гүлнар балабақшада тәрбиеші болып істейді. Салтанат облыстық монополияға қарсы комитетніде есепші болса, Саламаты Түгіскен спорт мектебі есепшісі.

Жетпістің желкенінен асқан апамыздың қаршадай кезіндегі ауылнайлық қызметінен кемелденген ел анасы деңгейіне жеткен нақ қазіргі болмысында пәлендей алшақтық жоқ. Ол кісінің табиғаты осындай. Құдайына қараған, көптің ісіне жараған. Атасының көзін көргендер Әдеміні Жарықбас палуанның сойынан деп біледі. Кімге де болса жақсылық жасауға дайын тұратын ақ пейілділігінің арқасында оның Арал мен Қаратаудың арасында арттырған дос-жараны да көп. Бұл өмірде сыйластықтан қымбат ешнәрсе жоқ. Сапақ датқаның айтқаны бар екен: «Бақыт – басқа қонған құс, байлық – қолға қонған мұз, құс ұшады, мұз ериді. Дүниенің қызығы – сіз бен біз».
Біздің Әдемі апай осы ұстанымды ұлық тұтқан жан. Оның сыртқы келбеті ғана емес, ішкі жан дүниесі де әдемі. Ал әдемілікті мойындамайтын жан жоқ.

 Баян Үсейінова
06 маусым 2022 ж. 195 0