Қаңғыған иттерге қадағалау бар ма?

Ежелден үй егесіне ес болып, қорасында төрт түлігін күзеткен қызметімен адамның досы болып келген төбеттен қадір кеткені ме? Тіпті көше кезген бұралқы иттердің көбеюі аудан тұрғындарының үрейін туғызып отыр. Әсіресе таңертең мектепке баратын бүлдіршіндердің, кешкілік жұмысынан қайтқан жұртшылықтың үрейін ұшырған иттердің үйірі талайға қауіп төндіруде. Ал ата-ана баласы үшін алаңдаулы.
Бала тұрмақ, ересек адамның өзі жалғыз жүруге тайсақтайтын болды. Таңғы, кешкі уақытта бейсауат қаңғыған хайуаннан ересек адамның зардап шеккені жайлы ақпараттар жиілеп кетті. Бұған қарап, «Қаңғыбас иттер неге қаптады?» деген заңды сауал туады. Иттің «құқын қорғаған» заңның қорытындысы осылай болып тұр. Күн қысқарып, түн ұзара түскен шақта мұның қаупі де арта түсетіні анық. Қазақ үшін жеті қазынаның бірі саналған ит атаулының бүгінде қадірі кетіп, құты қашты. Қаңғыбас иттердің мектептен үйге бет алған оқушыларға, қала берді жұмыстан келе жатқан адамдарға да қауіп төндірген жағдайлар аз кездеспей тұр.
Мақаланы жазуымызға кенттегі Ипподром аумағының тұрғыны Әсемгүл Амантаеваның редакциямызға келіп, атаулы тақырып төңірегінде өтінішін жеткізгені арқау болды.
– Мен Қадір Тағаев көшесінің тұрғынымын. Соңғы уақытта айналамызда иттер көбейді. Тіпті тобырымен жүріп, түнімен тынышымызды алады. Олардың жанынан бала түгілі, өзіміз қорқа-қорқа өтеміз. Егер қолыңда азық-түлік, нан бар екенін байқаса қыр соңыңнан қалмайды. Сол үшін дүкенге баратын кезде жолдасымды немесе үлкен баламды қасыма ертіп алатын болдым. Бір апта бұрын көршіміздің 5 сынып оқитын қызын ит тістеп алды. Періштесі қаққан екен, дер кезінде адамдар көріп қалып, көмек қолын созып үлгерді. Әйтпесе аш қасқырдай анталағандардың ашуы жаман. Аудандық ветеринария бөліміне талай мәрте хабарластық. Алайда, заңның осалдығы аяққа тұсау болып отырғанын айтады. Өте өкінішті, бірақ бұлай қол қусырып қарап отыруға болмайды. Бұған не дейсіздер? – дейді ол ашына.
Қаңғыған бұралқы иттерден мезі болған тұрғындардың жанайқайы осындай. Иесіз иттің мемлекет үшін де басты мәселеге айналғанының айғағы бұл. Бүгінде көше кезіп жүрген қаңғыбас иттердің жұқпалы ауруларды тасымалдаушы, құтырған болуы да ғажап емес. Мұның салдары адам өліміне алып келуі де мүмкін. Жалпы, қаңғыбас ит пен мысық көбінесе асыраушысы жоқтықтан немесе иесін жоғалтып, адасып кетуден пайда болып жатады. Мұндай иесіз жүрген ит әр жерді паналап, күл-қоқыстың арасында түрлі қалдықтармен қоректеніп, күн көреді. Осыдан кейін үй жануарының ағзасында түрлі жұқпалы аурулар туындайды.
Соңғы уақытта қаңғыбас иттерден зардап шеккен келеңсіз оқиғалардан әлеуметтік желі арқылы хабардармыз. Оның ішінде әсіресе балалардың бұралқы иттен зардап шеккенін естіп, көріп жүрміз. Ал қоғамда аталған мәселенің көтерілуінде мін жоқ, бірақ нақты істі көре алмай отырмыз.
Сырқаулы тақырыпқа жанымыз шыдамай, жауапты мекемелердің есігін қақтық. Аудандық ветеринария бөлімі басшысы Марат Қазыбаевтың жауабы төмендегіше өрілді.
– Бұл өте күрделі мәселе болып отыр. 2021 жылдың 30 желтоқсанында «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Қазақстан Республикасының заңына қол қойылып күшіне енді. Аталған заң талаптарына сәйкес қаңғыбас жануарларды аулау жүзеге асырылмайтыны көрсетілген. Осы себепті қаңбығас иттерді ауыздықтай алмаймыз. Оның ауданымызда қанша екенін де біле алмаймыз. Біз тек тұрғындармен түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Қолымыздан келгенше әрбір үйге кіріп, мәселенің мәнісін түсіндіріп, алдын алуға тырысамыз. Иттен зардап шеккен жайсыз жағдай орын алып, мәселе шығып жатса, біз де қарап отырғанымыз жоқ. Жан күйзелісімен арызданып келген тұрғындар тілегіне орай, аталған көшені қаңғыбас иттерден тазартуға табанды тәуекел етіп келеміз. Өз тарапымыздан қажетті жұмыстар атқарылып жатыр.
Жалпы, ауданымызда екі мың иесі бар ит тіркелген. Ол тіркелгендеріне өз уақытымен тексеруден өткізіп, екпе салып отырамыз. Атап айтсақ, аудан бойынша ит-мысықтарға құтыру, эхинококкоз аурурларына қарсы жоспарға сәйкес 4 мыңына екпе салынды. Биылғы жылдың қаңтар айынан бастап 90-ға жуық ит тістеу жағдай орын алды, – дейді сала басшысы.
Сонымен қатар, ветеринар маманның сөзінше, кезбе иттердің адамдарға шабуыл жасауының бірінші себебі − олардың шағылысатын кезіне тап болуы. Осы кезеңде ит-мысық өздерінің қалыпты күйлерінен ауытқып, оқыс жағдайлар орын алуы мүмкін екен. Екіншіден, көктемге қарай балалайтын уақытында одан сақ болу керек. Өйткені, олардың күшіктеп жатқан жеріне балалар ойнап барып қалады. Қасына барған балалардан күшіктерін қызғанып тістеп алуы мүмкін. Үшіншіден, көпшілік иттің иесі жоқ. Олар кез келген жерде, құрылыс маңында, ағаш-тақтай астында, қуыстарда жатады. Сондай жерлерде адамдар оларды абайсызда басып кетіп немесе басқа да жолдармен ызаландыруы мүмкін. Міне, аталған жағдайларда иттер шектен шығып жатады.
Біз келесі кезекте аудандық емханаға бас сұғып, травмотолог Бағдат Бодықовты сөзге тарттық.
– Негізі күз, қыс мезгіліне қарағанда көктем, жаз айларында ит тістеу жағдайлары көп тіркеледі. Өйткені күн жылыда балалар далада ойнайды, кешқұрым сыртта көп жүреді. Шыны керек, аптасына 5-6 кейде 10 адамнан ит тістеген қатерлі жағдайына ем-дом жасауға тура келеді. Жыл басынан бері 96 адам осындай жағдаймен келді. Олардың барлығына қажетті ем жасалды, арнайы құтыруға қарсы екпе егілді. Ол 28 күнде арнайы күнтізбе бойынша 5 рет салынады. Егер қапқан иттің иесі белгілі болған жағдайда, біз СЭС-ке хабарлаймыз, олар ветеринарға хабар береді. Ал, ветеринар мамандар тістеген итті он күнге қамаққа алып, суын, тамағын беріп зерттейді. Егер иттің жағдайы дұрыс болса, бізге саулығы жөнінде анықтама береді. Осы уақытқа дейін құтырған иттер болған емес. Көбінесе, көршісінің иті немесе қонаққа барғанда сол үйдің иті тістеп жатады. Дегенмен де, қаңғыбас ит тістеді деп келетіндер де аз емес. Қажетті көмекті көрсетеміз. Шыны керек, жағдай былтырғыдан көбеймесе азайған жоқ, – деді дәрігер.
Соңғы кездері орын алып жатқан жайттардан түрлі оқиға еске түседі. Таяуда Ақтөбе қаласында 12 жастағы баланы бұралқы ит талап өлтірді. Оның алдында Алматы облысының Талғар ауданында баланы ит қапты. Баланың бетіндегі жараны тігуге тура келіпті. Денесінде қаншама жарақат бар. Ал жапа шеккен баланың жақындарына иттің қожайыны еміне деп 30 мың теңге қаражат беріп құтылмақшы болған. Сәуірдің соңында ит талаған бала көбейген соң Атырауда ата-аналар наразылыққа шықты. Ақтөбедегі бала өлімінен кейін жергілікті тұрғындар аталған заңға қарсылық танытты. Әкімдік өкілдері тұрғындар жағында, бірақ жаңа заң рұқсат бермей тұрғанын айтады. Қызылордалықтар да, біздің аудан тұрғындары да тиісті мекемелердің қол қусырып отырғанына налиды.
Ит-мысықтан зардап шеккен адамдардың саны жылдан-жылға көбеймесе, азаяр емес. Алдыңғы жылдары Қазақстанда қаңғыбас мысықтар мен иттерді аулауға және жоюға 1 миллиард теңге бөлінді. Сонымен қатар құтырма ауруының алдын алу мақсатында 980 590 ит пен мысыққа екпе егілген дейді мамандар. Алайда бүгінде сол миллиардтаған қаражаттың қарасы көрінбейді. Мыңдаған бұралқы ит, мысықтың көзі жойылды деген жалаң цифр, санмен ғана сөйлейтін статистикаға сүйеніп, мәселені тек сонымен түйіндеудің жөні жоқ сияқты. Жабайы хайуандармен күресті заңмен мықтап шегелеп, нақты шарамен қолға алу керек. Себебі оның артында адамның өмірі мен денсаулығы тұр емес пе?
Сала мамандарының сөзінше, далада қаңғырып жүрген иттердің көлемі жыл өткен сайын көбеюде. Оның себебін мамандар қожайынның жауапсыздығынан көреді. Ал дамыған елдерде олармен күресу үшін арнайы ереже қабылданған. Мысалы, АҚШ-та қаңғыбас иттерді қадағалау қағидасы 1976 жылы жасалып қойған. Бұл ереже барлық штатқа ортақ. Қараусыз қалған кез-келген итті мамандар ұстап алып, арнайы белгіленген орынға жібереді.
Тіпті полиция офицерлері де көмекке келеді мұндайда. Өйткені Америкада итті, жалпы жануарды қорлаған адам тергеуге ілінеді. Арнайы орынға жеткізілген итке қожайын қарастырылады. Ит асырау мәселесі де маңызды болып есептеледі. Германия – жануарларды қорғау туралы заң шығарған алғашқы мемлекет. Ол жақта «Жануарлар құқығы» қатаң бақыланады.
Жануарларға жауапкершілікпен қарамаған адам жазаға тартылады, айыппұл арқалайды. Ал, көршілес жатқан Ресей мемлекеті қаңғыбас иттер қоғамға зиянын тигізбесе, еркін жүруге рұқсат берілген. Егер адамға шабуыл жасап, қандай да бір залалын келтірген жағдайда атып тастау шарасы қарастырылған. Сондай жолмен ғана қауіпті қаңғыбас иттердің санын азайтады екен.
Дұрыс, жер бетінде жаратылған жаны бар мақұлыққа да жанашырлық танытуымыз керек. Бірақ, төрт аяқтының амандығын ойлап жүргенде, адам баласының шарасыз күй кешіп отырғаны көңілге қаяу салатыны ащы болса да шындық. Қанша ашынып, даурықсақ та қаңғыған итке шара қолданылмаудың сыры осы. Бұрынғыдай көше-көшені аралап, кезген иттерді ата салу жоқ енді. Басты сұрақ алдағы уақытта бос жүрген иттердің «бостандығын» шектей аламыз ба? Ал, олардың ең кемі тең жартысы күшіктесе, қауіп те екі есеге көбейгелі тұр. Итті аяймыз деп жүргенде адамдардың қауіпсіздігіне кім кепіл болады? Қаңғыбас иттер атылмаса, ұсталмаса, уақытша ұсталатын орны болмаса, ендігі көшеде жүруден қалармыз, бәлки? Қалғаны құзырлы органдарға қалдырайық.
Жауапкершілік – кімде?
Ит – тіршілік иесі, оған да жанашырлықпен қарауымыз қажет. Бірақ «адам ба, әлде ит пе?» деген таңдауда бірінші орында адам өмірі тұруы тиіс. Қаңғыбас итті аялағанымызбен, оның кесірінен қанша адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төніп отырғаны жасырын емес. Иә, қаңғыбас иттердің көбеюіне тұрғындардың жауапсыздығы да себеп. Үй жануарына иесі дұрыс қарамаса, қараусыз жіберсе, ол бір сәтте көше кезген бұралқыға айналады.
«Жаман айтпай, жақсы жоқ» дейді халқымыз. Ит қарғыбаусыз жүрсе және адамға шабуыл жасаса, оның жауапкершілігі иесіне артылады. Бұл – заң талабы. Сондықтан әрбір тұрғын өз итіне бақылау жасап, жауапкершілікпен қарауы шарт. Итті қорғайтын заң бар. Ал адамды не қорғайды, кім қорғайды. Әлде өкінішті жағдай тіркеліп, соған ғана шара көрілу қажет пе? Адам – мемлекеттің басты капиталы. Қалай болғанда да қаңғыған иттен келер қауіп аз болмай тұр. Адамдық тұрғысынан жануарларға жанашырлықпен қарап, оларды қорғау әлбетте дұрыс. Дегенмен көше кезіп қаңғыған ит ойнаған бала, көшеден өткен жаяуға тап беріп, жарақаттамасына кім кепіл?! Оның қауіпсіздігі басты міндет екенін де ойдан шығармасақ екен. Айтпағымыз, қараусыз жүрген қаңғыбас иттің қауіптілігін ұмытпағанымыз абзал. Қаңғыбас иттер мәселесі қала түгілі, еліміз үшін өзекті проблемаға айналғалы қашан?!
Түйін: 2025 жылға келгенде де қаңғыбас ит мәселесі түбегейлі шешімін таппай отыр. Бұралқы итті аяймыз, ал адамдардың қауіпсіздігіне кім кепіл болады?
Бұл – бүгінгі қоғамның ең өткір сұрағы. Төрт аяқтының тағдыры да маңызды, бірақ ең әуелі адам өмірінің қауіпсіздігіне басымдық беретін кез әлдеқашан жетті. Заңды жетілдіру, нақты шара қабылдау, иесі бар иттерге қатаң талап қою – уақыт күттірмейтін мәселе. Өйткені «адам өмірінен қымбат ештеңе жоқ». «Бұралқы итті аяймыз, ал адамдардың қауіпсіздігіне кім кепіл болады?» деген сұрақтың туындайтыны сөзсіз.
Десе де, егесіз иттің көбеюіне кейде тұрғындардың өздері де себепші. Үй жануарына жауапсыз қарап, қараусыз жіберетіндер көп. Ал оқыс оқиға орын алса, кінәліні іздейтініміз тағы бар. Сондықтан аудан тұрғындары асыраған итіне аса жауапкершілікпен қарап, үй жануарларын ұстау және серуендету қағидаларын бұзбағаны абзал. «Жаман айтпай, жақсы жоқ», егер иттің мойнында қарғыбауы болып, адамдарға зиянын тигізіп жатса, сол иттің егесі заң тарапынан кінәлі болып есептелетінін ұмытпағаны жөн.
Әсел Рзаева




