Аралға су келе ме?
Аралдың алпысыншы жылдардағы келбетіне куә аға толқын көк теңіздің үстін кезген кеменің тізгінін нық ұстап, көз алдында көсілген табиғаттың тартуын туған Отанның игілігіне жаратуда жанын салып еңбек еткен балықшылар бейнетіне тәу етері анық. Аумағы жетпіс мың шаршы километр, тереңдігі алпыс метр келетін теңіз қойнауынан алпыс мың тоннаға дейін балық аулаған кездер күні кеше еді. Жарқабақты ұрып жатқан теңіздің маңдай алдында «Арал» рестораны, қос қапталындағы кеме жөндеу зауыты мен балық комбинаты енапат байлықты еселеген халықтың күнбе-күнгі тынысымен қайнап жататынын ел әлі ұмыта қойған жоқ.
Әлемде белгілі төрт көлдің қатарында саналған Аралға келіп құятын Әмудария мен Сырдарияның су арналары жолай жосықсыз жырымдалып, жалпақ егістікке ысырап болудан бірте-бірте табаны құрғап, 80-ші жылдардың аяғы айдын су Солтүстік кіші Арал мен Оңтүстік үлкен Аралға екіге бөлінді. Теңіздің тұздануы он есе артып, балық азайды. Егістікке қолданылатын химикаттар судың құрамын бүлдіріп, балық түрінің жұтауына әкеп соқтырды. 90-шы жылдардан бастап тұзды топырақтан көтерілген шаң Европа мен Антарктиданың жерінен табылуы әлем назарын бұрып, адамзатқа ортақ проблеманы алдыға шығарды. Тіпті ауа райының бұзылып, жаздың ыстық, қыстың қатал, қар-жаңбырдың да жүйесінен жаңылып, дүлей дауылдың көбеюінен сансыраған жұрт Арал теңізінің тартылып бара жатуын үрейге жеңдіріп, үлкен қауіпке балап отырғаны рас. Өз ауданымызда табиғаттың осындай құбылысын айналадағы зауыттардың әсерінен деп жорып, жауып тастау керек деп аттандаған біраз кісінің қарасы күні кеше аудан әкімдігі залында «СКЗ-U» компаниясының басшылығын алдарына шақыртып, талабын қойып, біраз дау-шар көрініс алды. «Күкірт қышқылын өндіру үдерісінде барлық процесс жабық цистернда трубалар арқылы жүзеге асады. ТМД бойынша ең жоғары технология, ашық ауада адам қолымен атқарылатын жұмыс жоқ, экологиялық түйткілді қай жерден тауып тұрсыздар?» деген уәжді құлаққа ілетін жан жоқ, таза су тұрмақ таза ауа тапшылыққа айналғанына алаңдағандардың жанайқайы көбейді. Түптеп келгенде, табиғатқа төнген қатердің астарында адамзат қолымен туындатқан Арал қасіреті жатқан жоқ па?
Өткен жылдың қараша айында «Тұран ойпаты – Арал теңізі» деп аталатын ғалым, эколог, қаламгерлер мен құқық қорғау саласы мамандарының басын қосқан қоғамдық бірлестіктің жиынында топ спикері Нұртуған Тұржановтың идеясымен «Аралға су келе ме?» деген тақырыпты басты миссиясы етіп алған «Экомарафон – 2022» акциясы жұмыс жоспарын бекіткен еді. Кеше, мамыр айының орта шенінде акция аясында үлкен шара өтіп, оған Жаңақорғаннан да ынталы азаматтар барып қатысып қайтты.
Біз аталмыш қоғамдық қозғалыстың жетекшісі Нұртуған Тұржановпен хабарласып, мән-жаймен толық танысқымыз келген еді, Арал топырағының перзенті, құқық қорғау саласының майталманы ғылыми негізде көп ізденісті еңбектерінен түйген тұжырымын ірікпей, жан-жақты әңгімелеп берді: «Экомарафон деген ұғым қазақ санасында бірінші рет бүр жарып, іс жүзінде де алғаш әрекетке көшіп отырмыз. Өз басым нешеме жыл заң, құқық саласында қызмет жасап мемлекеттік меншік пен азаматтардың жеке басы құндылығы мен праволарын қылмыстық қол сұғушылықтан қорғауда тер төгіп келдім.
Ал Арал проблемасы Табиғат-Ананы бөтен пиғыл, нысапсыз ашкөздіктен арашалап алудың амал-тәсілдерін көп болып ойласып, ортақ шешім қабылдаудың уақыты жеткенін көрсетіп отыр. Сыртта жүрген лауазымды тұлғалар елге келгенімізде ауылдағы қариялардың «сендерді оқытып-тоқытқанда туған жерге түсірген көлеңкеңді көргіміз келеді. Аралға не көмектерің бар?» деген базынасы жанымызды жай таптырар емес. Кілтипанның кілтін табу аз, көптің тағдыры байланған киелі мүлкіміздің мүшкіл халін оңалтуға оң талап, ортақ іс-қимыл қажет емес пе? – дейді ол.
Арал неге тартылып кетті? Аралға құятын Әмудария мен Сырдарияны ортақ пайдаланатын бес мемлекет арасында суды пайдалану бойынша трансшекаралық келісім шарттың болмауы нормалық талаптардың өрескел бұзылуына әкеп соқтырып отыр, отыр. Салдарынан Аралға су жеткілікті мөлшерде құйылмайды. Су мөлшерін көбейту үшін осы екі өзеннің жылдық су ағынының үлесін арттыру керек. Содан соң суды көп қажет ететін күріш пен мақта дақылының көлемін қысқарту керек».
Үкіметте Аралды сақтап қалу бағдарламасы бойынша шешім қабылданып Көкарал бөгеті салынғаны белгілі. Сол арқылы Сырдария өзені арнасын ретке келтірген САРАТС жобасына 64,5 млн АҚШ доллары жұмсалып, нәтижесінде Аралдың солтүстігінде ахуал жақсарды. Кіші Аралдың су деңгейі көтерілді. Тұздылығы 30 пайыз төмендеп, су сапасы артты. Бұл өз кезегінде теңіздің тіршілігін жандандырып, құрып кеткен ақмарқа, көксерке, жайын, табан балықтар тайдай тулап, шаруашылық қатынас бұрынғы кемежайлардың өндірісін жолға қойды.
Кіші Аралға бөгет салу мәсеелесі 1988 жылдардан бастау алған екен. «Экомарафон – 2022» акциясына қатысуға арнайы Санкт-Петербургтен келген ғалым, биология ғылымдарының докторы Николай Васильевич Аладиннің бұл тақырыпты зерттеп келе жатқанына көп жыл болыпты. Оның жанында техника ғылымдарының докторы С. Өмірзақовтың пікірі бойынша көне теңіз табанына енапат су кетіп жатыр, жер асты суы сортаңға сіңіп жоғалмауы үшін Мәскеу, Алматы өзені секілді екі қапталы бетондалуы керек. Үлкен лоток-құбырлармен теңізге құятын су көздіктерін реттеуде алдымен адами фактордың ізгілікті көзқарасы бәрінен қымбат. Бәрін былай қойғанда жолай суды жырымдап ұрлайтындар, мәселен, он гектар жерімді суарам деп жүз гектар аңызаққа есіл байлықты беталды қоя беретін қорқаулық психологиядан арылмайынша құтымыздың кірмесін мойындағанымыз дұрыс-ау. Осындай қасаң, қасиетсіз қағидалар әрбір шлюзде орын алып, судың ақысын төлемей үлкен бизнеске бұрудың ақыры адамзаттық апатқа алып келе жатса оған қалай үнсіз қалуға болады? Теңіз толық тартылса Қызылорда облысында толық күріш өсіріледі дегенге күмәніміз бар. Себебі Ақтөбе, Маңғыстау, Қарақалпақ, Қызылорда аралығында алып құм жиналады. Оларда үлкен көшкін жүреді. Бұрқыраған тұзды топырақ бір-ақ күнде талай егін алқабын жоқ етеді, – дейді ғалымдар. Қазірдің өзінде батыс жақты құм басып тастап жатыр. Өткен жұт жылғы Түркістан мен Түлкібас, Ташкенттегі құм борандар жай борандар емес. Қаңтар айында Маңқыстауда, Жаңаөзенде топырақ боран соқты. Бейнеуде пойыз жолды құм көміп, көшкін өтті. Бұл жағдайлар жүрегі туған жерім деп соққан бүтін қазақ баласын жайбарақат қалдыра алмайды. Мұны кешегі өткен акция нақты дәлелдеп берді. Ұлыбританиядан сәлем жолдаған қазақ азаматы Лондонның Темза өзенінің тамшы суын Аралға әкеп құюға құмбыл. Италиядан хабарласқан Айдана деген қызымыз Жерорта теңізінің Мальта аралдарынан бір алақан суды Аралға ұсынған символикалық сәлемдемесін бейнежолдаумен жарияласа, Каспийден, Таластан су ала келген жамағат осы күні бауырына қысып келген бір қасық судың қасиетін ерекше сезініп, Арал-ананың кеберсіген таңдайын жібітуге үлес қосқандай тебіреністі әсерді бастан кешті. Өйткені ырыстың көзі – ықыласта. Жақында Меккеден келген Серік деген ағамыз Арал теңізіне қажылық сапардан құтыға құйып әкелген зәм-зәм суын шашып , шарапатынан мол үмітті екенін жеткізді.
Аралдың тағдырына тілектес халық дария басында мал шалып, тасаттық жасап, құдайдан жәрдем тіледі. Ғалым Азаматхан Әміртай теңізді тірілтудің бағдары жөнінде ой бөліссе, ақын Серікбай Қылышбай Аралдың айналасында өмір сүріп жатқан 140 мыңға жуық жерлестерінің тағдырына көңіл алаңын «Аралды аңсау» атты жырымен жеткізуге ұмтылды.
Аралды экологиялық сауықтыру тұжырымдамасы жасалуы керек дейді сарапшылар. Теңізді құтқару үшін әлемдік ең алдыңғы қатарлы басқару стратегиясына лайықталған арнайы заңмен бекітілген Еуропалық классикалық даму механизмін меңгеруге тиіспіз.
Тоқсаныншы жылдары жұмыс бабымен Арал қаласында екі-үш жыл тұрып, ауасын жұтып, суын ішкен жағдайымыз бар еді. Сондықтан ба, бүйіріміздің бір түкпірінде қайтып келмейтін жастық шақтың бір елесіндей болған Аралдың атын естігенге елжіреп тұратынымыз жасырын емес. Сол уақытта экология тақырыбы кең тарап, тарыққан көңілдің үмітін үкілеген қаламгерлерге ілесіп «Көктем де қайта айналып келеді» деген мақаламызды «Толқын» газетіне беріп едік. Содан бері отыз жыл зулап өте шықты. Менің көз алдымда Арал халқы қатал табиғатқа сыр бермес қажырлы мінезімен, ал қыз-келіншектер жағы қолда барды құлпыртып, дастарханда жеміс-жидектің жұтаңдығын жайнаған берекемен білдірмей, бір ғана ағарғаннан дәмнің неше түрін әзірлей білетін пейілді ұсынықтылығымен қалып қойды. Осы болмысын әлі де сақтап келе жатқанына сенімдімін.
Кеше, атаулы акцияға арнайы барып қатысып қайтқан делегация құрамында қолөнерші, Манаптың ізбасары Садықов Пахриддин бауырымыз жиналған қауым алдында өз әкесі, ақын марқұм Шәмшідін Садықұлының «Арал-Ана» деген жырын бүкіл жаңақорғандықтардың атынан оқып беріпті. Жазбамызды Жаңақорғандағы тілеулес жұрттың жүрек үнін Арал өңіріне жеткізген осынау жыр жолдарымен тәмамдағымыз келіп отыр.
«Қасиетті Аралым, жарықтығым,
Туған жерін шын сүйіп, жазыпты кім.
Сенің шалқар тауысып айдыныңды,
Көкіректе көлкіген қалыпты мұң.
Қу тіршілік тарылтып тынысыңды,
Айдыныңа соры мен құм ұсынды.
Құрбаны боп түзелмес қателіктің,
Қарашы қалт-құлт етіп тұрысыңды.
Сараптасақ уақыттар аралығын,
Өткеніңнің өксігі қарақұрым.
Елес болып ескіріп ара суып,
Бір бұрылмай артына барады күн.
Торығып жатырсың ба, бүгін қатты,
Шарасыз бұл көрініс жанға батты.
Шыдап бақ, құзырына алар әлем,
Ойландырмай тұра алмас адамзатты.
Ізім жатыр уақыттар желісінде,
Орының тұр өмірдің өрісінде.
Тірілер ең, сен қайта Арал-ару,
Бұл дүние келсе ортақ келісімге».
Баян ҮСЕЙІНОВА