Sms-хабарлама арқылы cотқа шақыру – тиімді тәжірибе
Ғылым мен техниканың қарыштап дамыған заманында күнделікті тіршілікте бұл саланың соңғы жетістектерін қолдану жалпы әлеуметтік сипатқа ие болды.
Демек, мемелекеттік мекемелерде бұл үрдістен қалыс қалмай, заман талабына сай соңғы технологияларды өз жұмыс шеңберінде қолданысқа енгізуі – заңды құбылыс.
Бұл бағыттағы жұмыста еліміздің сот жүйесі де көштен қалмай, азаматтар мен заңды тұлғалармен тиімді жұмыс жасау бағытында барлық заманауи үрдістерді қолданысқа енгізіп келеді.
Соның тағы бір көрінісі ретінде сотқа шақыруды электронды (SMS хабарлама) түрде рәсімделуін айтуға болады.
Осы негізде Жаңақорған аудандық сотында сот қызметкерлерінің қатысуымен «Істер бойынша сот хабарламаларын жіберу мәселелері» тақырыбында семинар өткізілді.
Семинар барысында кеңсе меңгерушісі Б.Налибаева іске қатысатын адамдарға соттың хабарлаулары мен шақыруларының уақытылы жіберілуінің маңыздылығын айта келе, соттың шақыру қағазын немесе өзге де хабарлауды жеткізу кезiнде ескерiлетiн мән-жайларға тоқталды.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментімен сот хабарламаларын жіберу тәжірибесіне жасалған анықтамада көрсетілген мәселелерге назар аудартып, хабарламалардың электрондық пошта, «Сот кабинеті» сервисі, ЭҚАБЖ, сондай-ақ ұялы байланыстың абоненттік нөмірі бойынша, олар болмаған жағдайда Гибридтік пошта арқылы жолданатынын, мазмұны жағынан нақты, негізгі ақпаратты қамтитын түрде болуы керектігін түсіндірді.
Шара соңында қатысушылар хабарламаларды жіберуде туындауы мүмкін деген мәселелерді талқылап, өзара пікір алмасты.
Сонымен қатар, sms-хабарламалар сот қызметкерлерiнiң азаматтармен байланысын азайтады. Бұл сыбайлас жемқорлықтың алдын-алуға септiгiн тигiзедi.
Жалпы алғанда, халықтың уақыты мен қаражатын үнемдейдi және азаматтар үшiн сот жүйесiнiң ашық әрі қолжетiмдi болуына мүмкiндiк бередi.
Ақпарат: Жаңақорған аудандық сотының баспасөз қызметі.