Сот отырысындағы қауіпсіздік
Жыл өткен сайын сотқа жүгінуші азаматтар қатары артып келеді. Мұны өркениетті елдердегідей әрбір азамат өз құқығы мен бостандығын сот арқылы мәдениетті түрде қорғауға ұмтылуы деп түсінуге болады.
Сот отырысында азаматтардың құқығын сот пен заңгерлер қорғаса, олардың қауіпсіздігін сот приставтары қамтамасыз етеді.
Осы негізде Жаңақорған аудандық сотында «Соттардағы ішкі қауіпсіздік пен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу» тақырыбында семинар өткізілді.
Семинар өткізудің басты мақсаты - бұл сот қызметкерлерінің сот процесіне қатысушылармен процесуалды емес байланыстарын болдырмау және алдын-алу профилактикасы, өткізу режимінің талаптарын сақтау бойынша кешенді шараларды іске асыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша шараларды іске асыру.
Семинарға кеңсе меңгерушісі Б.Налибаева және сот мамандары қатысты.
Іс-шара барысында аудандық соттың бас маман аға сот приставы А.Абдраимова аталған тақырып бойынша баяндама жасады.
А. Абдраимова өз баяндамасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ел саясаты стратегиясының басты мақсаты екенін атап өтті.
Сондай-ақ ҚР-нің "Мемлекеттік қызмет туралы", "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" заң талаптарында және жалпыға бірдей моральдық-этикалық нормаларында мемлекеттік қызметкерлердің мінез-құлқының негізгі стандарттары белгіленген.
Мемлекеттік ұйымның әрбір қызметкерлері заң қағидаларын басшылыққа алуға, ҚР-ның нормативтік құқықтық актілерін мінсіз сақтауға, сыбайлас жемқорлықтың пайда болуына қарсы тұруы тиіс деді.
Сонымен қатар «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңының талаптарын мінсіз сақтауға, өткізу және сот ғимаратының ішкі объектілік режимін қамтамасыз ету қағидаларын қатаң басшылыққа алу қажеттілігіне назар аударды.
Семинарға қатысушылар тақырып бойынша туындаған сұрақтарды талқылап, өзара пікір алысты.
Ақпарат: Жаңақорған аудандық сотының баспасөз қызметі