«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » МАРАФОН МАҚСАТЫ: ҚОҒАМ ДЕРТІМЕН КӨП БОЛЫП КҮРЕСУ

МАРАФОН МАҚСАТЫ: ҚОҒАМ ДЕРТІМЕН КӨП БОЛЫП КҮРЕСУ

Сыбайлас жемқорлықтың мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін едәуір төмендететіні, елдің халықаралық беделіне көлеңке түсіретіні айқын. Ең бастысы – адамдардың қоғамның демоктратиялық негізіне деген сеніміне, заң мен әділдікке, түптеп келгенде билікке деген теріс түсінік қалыптастырары сөзсіз. Жең ұшынан жалғасқан кеселдің ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретінін Елбасы үнемі ескертіп келеді.
Осы орайда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама мен мемлекеттік қызмет органдарының 20 жылдығы, Астана қаласының 20 жылдығына орай Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің бастамасымен Сыр елінде «Адал жол – честный путь» сыбайлас жемқорлыққа қарсы республикалық марафоны бастау алған болатын. Көршілес Шиелі ауданынан тапсырылған эстафета алауы Жаңақорған жерінде жалғасын тапты.
Бірлігі жарасқан Сүттіқұдық ауылынан басталған игі шара ауылдық клубта кең көлемде аталып өтті. Ауыл өнерпаздарының дәстүрлі және патриоттық бағыттағы концерттік бағдарламасымен қоса, жемқорлыққа қарсы арнайы бейнеролик тамашаланды. Қоғамға қауіп төндіретін жегі құртқа қарсы тұрудың жолдары сахналанды. Одан әрі марафон аясында Манап ауылында №160 орта мектепте «Мен үлгі тұтатын парасатты азамат» атты патриоттық әндер шеруі өтті. Маңызды шараға аймақтағыбілім ордасының озық ойлы оқушылары қатысып, бар өнерлерін ортаға салды. Көпшіліктің ықыласына бөленіп, патриоттық әндерін паш етті. Мұнан кейінгі шара аудан орталығындағы «Ордакент» үйінде жалғасын тапты. Сыбайлас жемқорлықты басты тақырып еткен жас суретшілер «Адалдық – бәрінен қымбат» атты сурет байқауына белсенді қатысты. Қыл қаламды серік еткен шәкірттер жемқорлық мәселесін түрлі бейнеде суреттей отырып, оған жастар арасында жол жоқ екенін айқын көрсеткен. Сондай-ақ кенттегі №110 мектеп-лицейінде «Адал еңбек – барлығын жеңбек» тақырыбында шығармалар конкурсы ұйымдастырылды. Жоғары деңгейде өткен сайысқа кенттегі білім ордаларының шығармашыл шәкірттері қатысты.
Осылайша, өскелең өрендерді адал жолға үндеген марафон межесі жастар буынына ойысты. Аудан әкімдігінде өткен «Біздің таңдауымыз – заңды мемлекет» атты дөңгелек үстелге 26 кент, ауылдық округ жастар ісі жөніндегі маман мен дербес сала бөліміндегі заңгерлер қатысты. Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әбілғазы Төлегенов модераторлық еткен басқосуда жастар қауымы жемқорлық жайлы ой пікірлерін ортаға салып, пайымды түйіндерін тарқатты. Бірінші кезекте, аудан әкімі аппаратының мемлекеттік құқықтық жұмыстар бөлімінің басшысы Жаннұр Дюсенбаева Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан ауқымды шараларын легін тарқата айтты.
– Мелекет басшысы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында Қазақстанның мемлекеттілігін нығайту жолындағы стратегиялық маңызды мәселелерді айқындап берді. Соның ішінде, тоғызыншы басымдық ретінде сыбайлас жемқорлықпен күрес бағыты айрықша атап көтерсетілді. Сондықтанда қоғам дертімен күресте көп нәрсе бірлесе отырып белсене атсалысуына байланысты. Яғни, мемлекеттік қызметкерлермен қатар, жастар қауымы да әлеуметтік желінің, өзге де медиа-русурстардың дамуы жағдайында, жемқорлыққа қарсы іс-әрекет барысында оны жалпы жұртшылықтың жек көруі күрестің қуатты құралына айналуы тиіс, – деді Жаннұр Наурызханқызы.
Өз кезегінде «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мәжит Балқожаев: «Жемқорлықпен күрес бүгінде елімізде мемлекеттік маңызы бар түйіткілді мәселеге айналды. Елдің ертеңі үшін, жемқорлық індетімен белсене күресіп, келер ұрпақ алдында еңсеміз биік болуы керек. Адал ұрпақтың қалыптасуына жағдай жасауымыз керек» деген пікірін білдірді.
Сондай-ақ дөңгелек үстел барысында аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары Мейрхан Оспанов, аудандық «Жастар ресурстық орталығы» директоры Әкімбек Әлібек жемқорлыққа қарсы тегеурінді тосқауыл қою жайлы пайымды пікірлерін ортаға салды. Осылайша, қоғам болып күресудің тетігін қарастырған алқалы басқосуға келгендер ортақ мәміледе тарқасты.
Ал, «Адал жол – честный путь» сыбайлас жемқорлыққа қарсы республикалық марафонының қорытынды шарасы аудандық мәдениет үйінде түйінделді. Әуелі орталық алаңда жастар флешмоб ұйымдастырса, көк байрақты желбіреткен мемлекеттік қызметкерлер автошерумен кенттің бас көшелерін жүріп өтті. Соңыра, жиылған жұртшылық  мәдениет үйінің фоесінде кітап көрмесі мен Кентау қалалық музейінің Қарнақ ауылындағы «Шамшат ишан» музейінің құнды жәдіргерлерінен құралған көрмені тамашалап, аудан өнерпаздарының жемқорлыққа қарсы насихаттаған сахналық қойылымдарының куәсі болды. Әрі аймақтық сурет байқауы, патриоттық әндер шеруі, шығармашылық конкурстарының жүлдегерлер сахна төрінде марапатталып, бағалы сый-сияпатқа ие болды. Өз кезегінде «Адал жол – честный путь» сыбайлас жемқорлыққа қарсы республикалық марафонын түйіндеген аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Айтбембет ауқымды акция аясында ұйымдастырылған шаралар легінен құрастырылған фотоальбом мен эстафетаның ақ байрағын ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің бас маманы Нұғман Жакудаевқа салтанатты түрде тапсырды. Облыс орталығына жол тартқан эстафета алауы жаңақорғандықтардың ауызбіршілігін айқындап, жемқорлыққа қарсы көп болып қарсы күресудің үздік үлгісін паш етті.
Әбдісамат ӘБДІШ.
01 мамыр 2018 ж. 1 068 0