Әлемді мейірім құтқарады
Оқушы мен мұғалім арасындағы келеңсіз жағдай әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Әсіресе, ұстазына дөрекілік көрсетіп, былапыт сөз айтқан оқушыны жерден алып, жерге салғандар көп. Алайда, кейінгі кездері бір-біріне жақсы сөз айтып, жылы лебізін білдіретіндердің қатары азайғаны жасырын емес. Кейде қоғамдық көлікте жан-жағыңызға мән беріп қараңызшы. Кешкісін жұмыстан жүйкелеп шаршап шыққан жұрт, қабағы қатулы қария, бұ дүниенің күйбең тіршілігін бір сәт те болса ұмытуға тырысып, терезеден сыртқа көз салған көңілсіз келіншек, құлағына тығын тығып әулекі әуенге ден қойған бозбала мен бойжеткен. Айналасына шуақ шашып, мейірлене қарайтын көзқарасты емге таппайсыз. Тіпті, бір кісіге қаттырақ сөйлеп қалыңызшы, сізді сөге жөнелуден тайынбайды. Баяғыда қариялар жүрген жерінде әдемі әңгімесін айтып, жастарға өнегесін аямайтын. Кейінгі кездері, бір-біріне жылы сөз айтпақ түгілі, сұрақ қойсаң жауап беруге ерінетін, бетіңе бір қарап кете беретіндердің қарасы көбейді.
Қазақ халқы біріне-бірі жақсы сөзді көп айтқан, тіпті әл үстінде жатқан науқастың өзі хал сұрағандарға нашармын демей, тәуірмін дейді. Бұл күндері бір-бірімізге жылы сөз айтудан қалдық. Ал сөздің қадірін білу, сөзге тоқтау, жақсы сөз арнау, жақсы тілек тілеу – қазақтың табиғи болмысы. Бұл – өзгеге ұқсамайтын етіп Алла тағаланың біздің ұлтқа берген сыйы. Біле білгенге, сөзден асқан кұдіретті құрал да, сөзден асқан шипа да жоқ. Сөзбен адамды қуантуға да болады, жылатуға да, жанын жаралап ашуландыруға да, тіпті ауруынан айықтыруға да болады. Халық арасында біз білетін кеңінен тараған қанатты сөздер бар.
«Жақсы сөз – жан азығы». «Бір жақсы сөз бітірер мың қайғының жарасын», «Сөз сүйектен өтеді» деген. Міне осы нақылдар соның айғағы болса керекті. Арамызда достарын, жолдастарын сөзбен ызаландыруға құмар адамдар аз емес. Олар жора жолдастарының бойындағы кемшіліктерді бетіне басып, ыза бола қалса рахаттанып күліп мәз болады. «Ойнап сөйлесеңде, ойлап сөйле», «Жақсы тауып айтады, жаман қауіп айтады».
Сіз біреуге жылы лебізіңізді білдірсеңіз, ол өзіңізге міндетті түрде қайтады. Яғни, өзіңізге жақсылық тілегіңіз келсе, өзгелерге жылы лебіз білдірудегі есіңізден шығармаңыз. Туған күн, мерейтой, түрлі мерекелер, басқа да қуаныштар да, тамыр-таныстарыңызды жылы сөзбен құттықтауды әдетке айналдырыңыз. Сонда сіз жақын-жуықтарыңыз тарапынан ешқашан ескерусіз қалмайсыз. Олар сізді түрлі қуанышты сәттермен міндетті түрде құттықтап, жылы лебіздерін білдіретін болады.
Ал бар жақсылықтың бастауы – адал көңілден шыққан алғаусыз ыстық тілектерде жататыны даусыз. Қазақ «алтын алма алғыс ал, алғыс алтын емес пе» дейді. Сізге айналаңыздағылар неғұрлым жылы лебіздерін білдірсе, соғұрлым өмір жолыңыз ашылып, игіліктерге кенелесіз. Иә, адамдар «дүние арбасына» мінгелі бері біраз нәрсені ұмытты. Есепсіз қаражат пен зәулім үйлер де құлқынды тойдыра алмауда. Қоғамда «екі жеп, биге шыққандардың» да дәурені жүре бастағаны белгілі. Ал адамның ақысы ашықтан-ашық талан-таражға түсті. Байлыққа малынғандар онсыз да аз қаржыға қарап отырғанды қанауды тоқтатпады. Осы сәтте ғаламды дүр сілкіндірген індет барша жанға сабақ болды. Ақшаның көмегімен бәрін шешуге болады деген көзқарас өзгерді. Себебі бұл індет бай-кедей, жас-кәрі, шенді-шенсіз деп бөліп-жармастан, тырнағына ілінгенді әкете берді. Адамдар өліммен бетпе-бет келгенде ғана денсаулықтың ұлы байлық екенін ұғынды. Осы кезде ғана «Әлемді мейірімділік құтқарады» деген сөз шындыққа айнала түсті. Мейірім – бұл адамдар арасын жалғап тұратын нәзік сезім. Мейірім – адамдардың бір-біріне деген құрметі мен сыйластығын арттырады. Осынау бес күн жалғанда бір-бірімізге күле қарап, жылы сөз айтып жүргенге не жетсін...