№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Көше сыпырушы

Көше сыпырушы

Аяз жылы. Жуықта жұмысыма бара жатып үйреншікті жерден көше сыпырушы танысымды тағы жолықтырдым. "Ай, көке бала, қалың қалай?!." деп қолындағы күрегін қарға қадай салып, маған жетіп келді, келді де менімен үзеңгілесе жүріп әңгімесін бастап кетті. Мен оны тыңдаймын ба, жоқ па, онымен ісі шамалы, ішіндегісін сыртқа шығарса, маған жеткізсе болды, өзі бір жасап қалады. Байғұстың іші толған шер сықылды, үнемі осылай, ойындағысын бүкпей маған ақтара салады да жұмысына шауып кете барады. Ал бұл жолы ол әңгімесін: "Аяз жылы, аяз жылы..." деп бастады. Мен оның бұл сөзді бірнеше қайтара айтуының астарында терең нәрсе жатқанын сезінсем де мынадай саршұнақ аязда деп ойлап тұрмын. Ойлап барамын. Ол қыл елі қалар емес.
- Көке бала, аяз жылы ғой, иә, жылы ғой! Сен бұған қалай қарайсың? - деп сұрағын қойып, өзі менің жауабымды тоспай сөйлеп кетті,- Аяз жылы... Қарашы, әне үйлердің мұржасынан түтін будақтап шығып жатыр, міне, сені мен мен және барлық адамдар қымтанып киініп алған. Қарашы айналаңа, бала-бақшаға балаларын апара жатқан ата-аналар кішкентайларын құшақтап, үсіп қалмасын деп беті-қолдарын уқалап әлек, көгершіндерге шейін бұл суықтан қашып үйдің жылы шатырына тығылған, осының бәрі ненің себебінен, әрине, аяздың, аяз жылы болмаса, тіршілік бұлай жылыға оранбас, жылыны іздемес еді ғой! Көке бала, сен осыны түсінесің бе?!, А, түсінесің бе?!.
- Әрине, сенің не айтпағыңды түсіндім білем, сен "аяз жылы" дейсің, яғни аяз болмаса, адамдар, тіршілік атаулы жылылықтың қадірін білмес еді, оны бұлай іздемес еді дегің келіп тұр ғой, солай ма?!.-деп көше сыпырушыға қарасам, ол басын изеп, екі езуі екі құлағында мәз-майрам болып тұр.
- Сенің басың істейді ә?!. - дейді және маған қулана қарап. Бұл сәтте екеуміз де жүрістен тиылып, сәл аялдағанбыз.
- Ал сен білесің бе бұл сен айтқан аяздың жылылығы қайдан шығып жатқанын? - деп енді мен оған сұрақ қояиын. Оның қабағы қарс түйіліп кетті. Қолын қалтасына салды, суырды, бір орында тыпыршып тұра алмай әрі-бері жүріп алды.
- Енді... енді бұл табиғат қой, аяз қыстың бір қасиеті... - деп күмілжіп барып, маған күлімсірей жалт қарап, - білдім, білдім, бұл аяз Алладан шығып жатқан бу!.. Иә, иә, сен дәуде болса осыны айтқың келді ғой көке бала, дә, солай ма?!.
- Иә, үстінен түстіңіз. Сен маған "аяз жылы" деп жабыса кеткенде-ақ әңгімеміз Алланың қасиеті жайында боларын сезгенмін, бірақ сен көп жүріп алдың ғой, достым.
- Мен сені ойлантайын дегенмін ғой! Жақсы көке бала, сенің жұмысыңа да таяп қаппыз ғой, мен өзімнің шаруама барайын,-деп көше сыпырушы балаға ұқсап кері қарай жүгіре жөнелді. Өзі сөйлеп барады. Құлағыма оның:" Аяз жылы, аяз жылы..." дегені талып жетті. Шынымен де аяз жылы, егер аяз жылы болмаса, онда біз Ұлық Иеміздің махаббатын, мейірімін сезінбес едік, ол бізге аязды тоңсын деп емес, жылынсын деп берген, аязда бір ерекше жылылық, кіршіксіз тазалық бар. Аллаға мың да бір шүкір.

Төлеуғали Есетұлының парақшасынан.
04 қаңтар 2021 ж. 632 0