Жүрекке жеткен жылу
Наурыз таңы жылы шапағымен шырайлап атты. Қашанда қайырымдылық жасап, көшбастайтын Байкенже ауылдық окургі басшылығы әз Наурыздың «Бісмілләсін» тағыда жомарттық жақсы істен бастады. Ауыл әкімі Нұрғали Оспанов және әлеуметтік қызметкер Айсұлу Қалдыбаева таңалакеуіммен телефон тұтқасына телміріп, әлеуметтік аз қамтылған, көмек алуы тиіс көпшілікті ауылдық әкімдікке шақырды. Абыр-сабыр болып, жұрт жиналып жатқан шақта «Қызылқұм» ЖШС, «ГИС» және Тұмар-Ай» компаниясының азық-түлік тиелген көліктері де келіп жетті.
– Армысыздар, құрметті жиылған көпшілік! Көгала көктемнің керемет мерекесі әз Наурыз құтты болсын! Ұлыстың ұлы күні – ақ түйенің қарны жарылған тоқшылық күні. Күн мен түн теңеліп, ізгі істер жасалған. Бұл – бағзыдан бізге жеткен дәстүр. Бабалар салтына ізгілікпен қарайық деп, осындай керемет күнді тағы да қайырымдылық шарадан бастауды жөн көрдік. Әлеуметтік аз қамтылған және мүмкіндігі шектеулі балалары бар, жалғызбасты жандарға азды-көпті көмек көрсетейік деп көршілес компанияларға өтініш жасағанбыз. Соның нәтижесі қабыл болып, алдарыңызда тұрмыз, – деді ауыл басшысы Нұрғали Әлайдарұлы.
Ендігі кезекте сөз алған «Қызылқұм» ЖШС АХС менеджері Сәкен Стамбеков ауыл тұрғындарын Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады. Компания тарапынан жалғызбасты жандарға және мүмкіндігі шектеулі 16 отбасына 440 мың теңгенің азық-түлігі табысталатынын мәлімдеді. Ауылдың әл-ауқатын арттыру үшін қашанда тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын тілге тиек етті. Осылайша, игі шараның көшбасында жүретін «Қызылқұм» ЖШС өкілдері 16 отбасына тұрмысқа қажетті азық-түліктерді тарту етті.
Иә, бұған дейін де аудандық газетте ақпараттандырылғандай, Байкенжеде жомарттық істер жиі жасалынады. ГИС мекемесінің басшылығы 4 отбасына қаржылай қолдау көрсетсе, «Тұмарайлықтар» 5 отбасына 125 мыңның азық-түлігін табыстады.
– Бүгінгідей нарықтық заманда бұл қолдаудың өзі біз үшін үлкен көмек. Қоғам тарапынан қандай да жылу сезілсе, жан жарамыз жазылып, бір марқайып қаламыз. Осындай бастаманы қолға алған ауыл басшылығына, әлеуметтік қызметкер мен компания басшыларына үлкен алғыс айтамын, – дейді мүмкіндігі шектеулі жұбайы мен баласының асыраушысы Күләш Ақпанбетова.
Мейрам қарсаңында керемет қуанышқа кенеліп, басшылық тарапынан мейірім мен махаббаттың, қайырымдылық пен қамқорлықтың жылы лебін сезінген байкенжеліктер ендігі кезекте мерекелік шараға қарай асықты...
ДҮБІРЛЕГЕН НАУРЫЗ ДУМАН
Орталық алаң. Абыр-сабыр болған ақ жаулықты аналар. Қазақша көйлегі тобығына түсіп, қос бұрымды артқа тастап, қылмыңдаған қыздар мен сал-серілерше шапан киіп, домбырасын асынған бозбалалар алтыбақан маңын ән мен күйге бөлеуде. Арагідік «Айхай», «Беу-шіркін» деген дыбыстар естіліп қояды. Алаңның бір шақ бетінде ақ жаулығы әппақ әжімін жасырған әжелер «тойбастарын» айтып, мәз-мейрам болысуда.
Ал, Адырбек Өтебеков, Серқұл Алдабергенұлы, Орал Палуан және Смайл Жандарбеков, Әбіл Оңғарбай көшесінің тұрғындары өздеріне жүктелген міндетке селкеу түсірмейік деп дастарқанды жайнатып, барын салуда. Бірі қазан басында ыстық бауырсақты майға қуырып жатса, енді бірі қара қазанның көжесін араластырып, әлек болуда. Сырттан қарап тұрып, ауылдағы ағайынның ауызбіршілігі мен ұйымшылдығы, қазақы салтқа деген ыстық ілтипатын шынайы сезінесің. Тұмса табиғат аясындағы жанды көрініске тамсанып тұрғанда ақ боз атын мініп, ақ шапанымен, ақ сақалы сапсиып, Қыдыр ата да келіп жетті.
– Уа, халайық, жарандар!
Бәрің маған қараңдар.
Ұлыс оң болсын,
Ақ мол болсын, – деп жиылған жұртқа насихат айтып, батасын берді. Ұмай Ана мен Жер-Ана көпшілікті отпен аластаса, ақ жаулықты әжелер шашуын шашты. Кереметтей композициямен бастау алған қойылымдардан соң, мерекелік құттықтау сөзі ауыл әкімі Нұрғали Оспановқа берілді. Ауыл басшысының құттықтауынан соң, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы
Балтабай Серкінбайұлы, Сматулла Бекназар және Әдіхан Мәмбетәлиев сынды ардагер ағалар шығып, салтанатты шараның шымылдығын түрді. Келесі кезекте №193 орта мектеп директоры Ермек Өскенбай мен №255 мектеп директоры Ғазиза Бегентаеваға берілді.
Игі тілектерден соң, мерекенің мәнін кіргізер әуезді әндер айтылып, жырдан шашу шашылды. Мектеп оқушылары мың бұралып билеп, көз тоймас көріністер сыйлады. Бір-біріне ұштасқан музыкалық қойылымдардан соң, ауыл халқы ақ дастарқанға жайғасты. Ұлыстың басты белгісі болған наурыз көжеден дәм татты. Ал, 1975 жылғы ауыл тумалары мектеп бітіргеніне 30 жыл толуына орай ыстық асты таратып, үлкендердің ақ батасын алысты.
Мәні мен сәні жарасқан салтанатты шаралардан соң, күні бойына спорттық ойындар ойнатылды. Жеңімпаздарға 30 жылдық түлектер арнайы сый-сыяпат табыстап, мерейін тасытты.
Ауыл тойына атсалысқан үздік қатысушылар «Ұлттық киім», «Ең үздік қолөнер» бұйымы номинациясымен марапатталды. Ең бастысы, Әбіл Оғарбай көшесінің тұрғындары түгелімен ұлттық нақышта киініп, өз белсенділігімен көзге түсті. Соның нәтижесінде, ауыл басшылығы тарапынан арнайы «Алғыс хатын» иемденді.
Түйін. Наурыз – байлық пен барлықтың, тоқшылықтың, жақсылықтың, жасампаз көңілдің жаршысы. Халықтың сағынысып қауышатын ұлық мейрамы. Бұл мейрам Байкенжеде жылдағыдан ерекше өрбіді.
Жомарттықтан басталып, салт-сана жаңғырып, әдет-ғұрып ұлықталып, рухани кемелдікке ұмтылған келісті күн болды. Лайым, Наурыз тойы осылай баршылықта, қуанышта тойлансын! Тәуелсіз Қазақтың келісті Наурыз таңы ата берсін!
Айсұлу СЕРІКБАЙҚЫЗЫ