Су тапшылығына қалай тосқауыл қоямыз?
Көктем келіп, диқаншы қауым кетпенін сайлап, соқасын сүйретіп, егістікке жол тартты. Алты ай бойы бейнет кешіп, тер төгіп, нәпақасын теретін шаруалар аяқ суға әлі күдікпен қарайды. Өйткені, биыл да дария деңгейі көңіл көншітпей тұр. Осы тығырықтан шығудың жолын жауапты мамандар іздеп әлек. Оның бірден бір жолы тоспа салу екенін алға тартып, республикалық деңгейде ұсыныс берілді. Оның тиімділігін біз де зерделеп көруге тырыстық.
Бұл мәселе бойынша жуырда Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов, Су ресурстары комитетінің төрағасы Нұрлан Алдамжаров ауданға арнайы келіп, мән-жайды көзбен көріп, жобаны мақұлдады. «Қазсушар» РМК бас директоры Алтай Елжасовта бұл жағдаймен жақсы таныс. Аудан әкімі Руслан Рүстемов аудандағы суға жауапты мамандармен ақылдаса отырып, жедел іске кірісті. Бұл туралы аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Талғат Зейдалиевпен сұхбат барысында білдік.
– Биыл да аяқ судың жағдайы мәз емес. Жыл сайын дарияға түсетін судың мөлшері секундына 450-500 текше метр болса, биыл 370-380-нен аспайын деп тұр. Салдарынан инженерлік жүйеге келтірілген 28 мың гектар Келінтөбе магистралды су каналы да межеден аса алмайды. Жалпы 37 мың гектар егіс көлемін суландыратын каналдан жыл сайын 40 кубтан артық су бөлінетін болса, биыл оның көлемі 30 кубтан аса алмайтын түрі бар. Сыр өңірінде біздің ауданның жағдайы айрықша ауыр. Өйткені басқа аудандар ұлтандағы суды ала алса, біз барға қанағат етіп отырмыз. Ендігі мәселе дарияға тоспа салуды тездетіп шешпесек болмайын деп тұр. Екіншіден, Келінтөбе су жүйесін қайта жаңғыртып, ішкі каналдарды тазалауымыз керек.
– Қандай жұмыстар жүргізілуде?
– Табиғи ресурстар, экология және геология министрлігіне бұл мәселені толық жеткіздік. Нәтижесінде, өткен айда жоғарыдан министрлік пен комитет өкілдері келіп, барлық су мамандарымен егжей-тегжейлі зерделеу жүргізді. Ең алдымен Көктебе ауылының жоғары тұсы, яғни Балтакөл тұсынан 6,5 шақырым қосымша канал қазу мәселесі көтерілді. Сонан соң негізгі тоспа салу, бетонды шлюздер орнату тақырыбы талқыланды.
– Су тоспасы қашан салынады деген жоспар бар?
– Нақты шешімін тауып жатса 3-4 жылдың көлемінде шешіліп қалатын шығар. Өйткені, бұл күрделі процесс, қойылған талап орынды, енді тек ауқымды жобаға қаржы қаралса, іс алға басады. Егер тоспа салуды кейінге шегере беретін болсақ онда егістік көлеміне әжептеуір соққы болайын деп тұр. Аудан басшысы барлық мүмкіндікті қарастыруда.
Енді, сәуір айына дейін атқарылуы тиіс жұмыстарға қысқаша тоқталып кетейін. Су комитетінің жоспарына сәйкес Келінтөбе каналының Қандөз бен Көктөбе аралығындағы 3,5 шақырым аралықты тазалауға қаржы бөлінген болатын. Алайда вице-министр тапсырмасы бойынша оның көлемі ұлғайып, он шақырымға дейін тазалауға жұмыс жоспары бекітілді.
Бұл ауқымды жұмысқа өзге өңірлерден жаңа техникаларды алдыртып, тазалауды бастадық. Біз қол қусырып отырмай, аудан әкімінің өкімімен жұмысшы топ құрып, жобаларды жүзеге асыруды қолға алдық. Оның ішінде, «Сумағар» каналынан «Келінтөбеге» құяр тұсындағы тоспасын қайта жаңғыртуды бастадық. Бұл жұмысқа аудандық бюджеттен 14 млн қаржы қаралды. Одан бөлек, сессия бекітерде бірнеше мәселеге қаржы қарауды ұсындық.
– Ал, тау беткейдегі ауылдардың жағдайы қалай?
– Бұл ауылдардың тұрмысын төрт түлік түзеп отыр. Дегенмен жыл сайын Ақүйік, Жайылма сынды округтер егіс көлемін арттыру бағытында жұмыс жасауда. Су тапшылығын болдырмау үшін кәріз жүйесін іске қойып, тәжірибе жасап көрдік. Биыл да осы бағытта жұмыс жасай беретін боламыз. Аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес егісті әртараптандыру бағытында қосымша 200 гектардай жерді игеруге жұмыс жасаймыз. Яғни, бақша өнімдерге басымдық беретін боламыз. Осы орайда, бұл өнімдерді сақтаудың жолы туралы сауал болуы мүмкін. Былтыр шағын шаруалар грант есебінде өздері қойма салып, қажетіне жаратуда. Ал, ірі шаруаларға Қожамберді ауылында белгілі кәсіпкер Бақдәулет Мақашовтың тауар сақтау қоймасы бар. Сыйымдылығы жөнінен ең үлкені осы, одан кейін Ақүйік ауылдық округінде бар.
Жақында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Балайым Кесебаева ауданға арнайы іс-сапармен келгенде аяқ су мәселесіне мән берді. Әсіресе, Кейден ауылдық округіндегі канал қазу жұмысына тоқталып, Тайпақкөл-Қандыарал жобасымен танысты.
– Егер канал қазылып, іске қосылса, онда 7-8 ауылды қамти аламыз, екіншіден экологиялық ахуалды түзеуге мүмкіндік мол. Канал Аққұм елді мекені тұсынан қазылып, аяқ су кент ішімен жүріп өтеді. Кенттегі ұсақ каналдар мен көлдер сумен толығады. Жобаның да қаржысы ауқымды, – деді ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы.
Дарияның сағасын Қауық елді мекенінің тұсынан алып, ескі каналдың арнасына су әкелу жұмысы жүргізілгені тиімді. Арасы 7 шақырымдай болады. Ауылдағы ағайынның бір ұсынысы Қауықтан Кейденнің үстіне дейін келіп тұрған ескі каналдың кем-кетігін дұрыстап, пайдалануға берілсе. Сонда сағасы жоғарыдан келіп, Тайпақкөлге де су шығады. Егер осы жоба жүзеге асса, ауылдағы аяқ су мәселесі шешіледі, тіпті аудан орталығына дейін де су жеткізу мүмкіндігі болады деген болжам бар. Ауылға аяқсу мол келсе кейдендіктер 400 гектарға, «Кәусар» жүгері сусынын өндіруші «Әбілда» ЖК 600 гектарға егіс егуге білек түріп отыр. Енді ел судан кемдік көрмеуі тиіс.
Үшінші мәселе, Сүттіқұдық ауылдық округінен аудандық бюджеттен 7,5 млн қаржы бөлініп, 800 гектардан астам жерді суландыруға жұмыс жасалуда екен. Инфрақұрылымдарды апарып, ұңғымалар қазылуда. Бұл да тиімді жоба.
Иә, су тапшылығы аймақтың эко-жүйесіне және ауыл шаруашылығына да әсерін тигізуде. Бұл жағдайға әсер еткен түрлі себеп бар. Бірі, су басында отырған қырғыз бен өзбек ағайындар суға сараңдық танытып, қажет уақытында босатпағандығынан туындаса, енді бірі өзенді жолай егістік пен өнеркәсіптер шектен тыс пайдалануынан. Жуырда жедел кеңес өткізген облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова:
– Егер дария қазіргі деңгейден көбеймесе, вегетацияға дейін Шардара су қоймасы ғана толып, Көксарайға мүлдем су жиналмайтын қаупі бар. Бұл жағдайда облыстағы күріш егісінің көлемін айтарлықтай қысқартуға мәжбүр боламыз. Қазір шаруашылықтар тұқым, тыңайтқыш дайындау, егіс алқаптарын жоспарлауға кірісіп, көктемгі науқанға әзірлікті бастап кетті. Жаңақорған ауданындағы 30 мың гектар егістікті сумен қамтамасыз ету үшін су тоспасын салу да өзекті мәселенің бірі болып тұр. Жол картасында қаралған жобаларды іске асыруға министрлік көмек береді деп үміттенеміз, – деп нақты тапсырма жүктеді.
Ал, вице-министр Серік Қожаниязов бұл проблема жақында Қырғызстан Премьер-министрі орынбасарының Алматыға жасайтын сапарында талқыланытын жеткізді. Сондай-ақ біздің Үкімет басшысы Ташкент қаласына барып, келіссөздер жүргізеді. Биыл Көксарайға жылдағыдай су жинай алмаймыз. Сондықтан бар суды барынша үнемдеп, жол картасында көзделген жоспарларды орындауға тиіспіз деп межені айқындады.
Жалпы әлемде ірі өзендердің барлығы дерлік трансшекаралық саналады. Сондықтан да олардың жағдайы сол мемлекеттердің шешіміне байланысты.
Су ағынын реттеп, суын егістік пен шабындықтарға суаруға және суландыруға тиімді пайдалану үшін оның бойында бірнеше бөген мен канал салынған. Бұл Қырғызстандағы Тоқтағұл, Тәжікстандағы Қайраққұм, Өзбекстандағы Айдаркөл мен біздің елдегі Шардара қоймалары дарияны реттеуге арналып салынғанымен, өзеннің суы азаюына кедергісін тигізген. Ал дарияның Түркістан тұсынан салынған Көксарай суқоймасы салдарынан Қызылорда өңіріне үлкен су тапшылығын туындатқан. Жағдай өз кезегінде реттелмесе, Кіші теңізден де айрылып қалуымыз ғажап емес. Оған қоса экологиялық-экономикалық ғана емес, халықтың әлеуметтік жағдайы нашарлауы да әбден мүмкін.
Тоспа салу, канал қазу, тың жерлерді игеру үшін суландыру жүйесі, аяқ суды аз қажет ететін әртараптандыру бағытына басымдық беру бұл ауданның әлеуетіне, экономикасына оң әсерін тигізері анық. Барлығы уақыттың көшінде, тек ерте қамдану керек. Біз осындай ой түйдік, қалғаны кезең-кезеңімен шешілер...
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ