Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» Керіз қазу: егін шаруасына дем береді

Керіз қазу: егін шаруасына дем береді

Биыл жауын-шашын мен қардың аз түсуі Сыр беткейдегі диқандарға ғана емес, тау беткейдегі егінші қауымға да оңай тимейтіні анық. Қазір су қоймаларында 50-60 процентке дейін су аз жиналып, соның салдарынан көкөніс, бақша дақылдарының көлемі азайып кету қаупі туындады. Бұл әсіресе тіршілігін егін шаруасымен түзеп келе жатқан Жайылма ауылының тұрғындарына соққы болғалы тұр. Бірақ бұл тығырықтан шығудың жолын білетін ауыл еңбеккерлері дәстүрлі ізді қайта жалғауға ниетті. Бастаманы аудан әкімі Руслан Рүстемов бастаған топ арнайы көруге ауылға бет бұрды. Жол бастаушы аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Талғат Зейдалиев.

Қарбызы Сыр өңірінің брендіне айналған ауылдың тыныс-тіршілігі егін шаруасымен біте қайнасып жатыр. Көктем келгелі кетпенін сайлап, егістікке диқандар бет бұра бастады. Бақсақ, тарих беттерінде 1935-1950 жылдары жаппай ашаршылық кезеңінен өту жылдарында ата-балаларымыз тау етектеріне қолдан су бөгеттерін жасаған. Яғни, баялыш, жыңғылды матап, тау тастары мен топырақтарды араластырып тоғандар салған. Сонда жиналған аз сумен бидай алқаптарын суға бастырып, өнім алған. Су тапшылығы орын алған жағдайға лайықтап тоған етектерінен қолдап 5 метрге дейін бірнеше керіз құдықтарын төмен қарай сатылатып қазып, егістікке дейін бір құлақ қарқынды су жеткізген.
– Осы екі әдісті қайта қолға алып, Жайылма ауылының шаруашылықтарымен кездесіп, ұжым мүшелерін біріктірдік. Өз күштерімен электрлік инфрақұрылымын жеткізіп, 13-15 метр шахталы керіздер (катлаван) қазу жобасын ұйымдастырдық. Осы бастама арқылы 150 гектар бақша, көкөніс және 150 гектар жоңышқалық алқаптарды суландыруды жүзеге асырамыз деген жоспар бар. Келешекте бұл тәжірибелік егістік алаңдар өз нәтижесін беретін болса тау беткейдегі барлық шаруашылықтарға осы әдісті енгізетін боламыз. Тәжірибелік алаңды суландырудың ықшамдалған жобалық құны шамамен 4 млн теңгені құрайды. Осы жобаға Ақүйік ауылдық округінің де бақша егуге машықтанған шаруа қожалықтары қосылуға ниетті, – деді бөлім басшысы.
Иә, тау беткейдегі ауылдардың ішінде қос ауылда ғана егістік дамыған, әсіресе жайылмалықтардың шаруасы ширақ. Бақша дақылдарынан бөлек маз азығына басымдық беруге қамданған шаруалардың төрағалары мен ұжымы бұл бастаманы қолдап, уақыт оздырмай іске кіріскенін көрдік.
– Биыл «Жиделі» мен «Бесарық» су қоймасында және Бірліктегі көл-тоғандарда су мөлшері екі есе төмен. Жылда 9 млн текшеметр су жиналу керек болса, биыл 4-ақ млн-ға жетті. Соның кесірі бақша өнімдеріне тиіп, көрсеткішті төмендетіп жіберетіні анық. Әсіресе қарбыз көлемі тым төмендеп кету қаупі бар.
– Жалпы керіздегі су мөлшерімен қанша аумақты игере аласыздар? – деді аудан басшысы.
– Жоспар бойынша егер су қоймаларындағы су мен керіз суын толық пайдалана алсақ, онда 250 гектарды қамтамасыз ету мүмкіндігі бар. Жер асты суына былтырдан қалған жоңышқалық, тары мен қосымша бақша дақылдарын егуге жұмсалады. Әрине судың көлеміне қарай. Сондықтан осы бағытта жұмыс жасаудамыз. Ауылда 230-дай түтін болса, әр отбасы кем дегенде 1 гектар егін егеді деп межеленуде.
Жер жайын түсініп, егін шаруасын ілгерілетуге машықтанған жалпы жаңақорғандық шаруаларға биыл су көзі тапшы болғалы тұр. Әсіресе Сыр беткейдегі ауылдар күріш көлемін азайтуы тиіс. Сол секілді тау беткейдегі еңбекші қауым да бақша өнімдеріне алаңдаулы. Бірақ керіз жүйесі осы бір кедергіні еңсере алады деген үміті бар.
– Егер бұл бастама жемісін беріп жатса, келешекте осы жүйемен жұмыс жасайтын боламыз. Бұл өте тиімді тәсіл, сондықтан атадан қалған дәстүрді жалғастыруға ынталы ауыл азаматтарына алғыс айтамыз. Егіс көлемі ұлғайып, өнім мол алынса, елдің де берекесі артады емес пе, ендеше жігіттер іргелі іске кірісті, – деді Т.Зейдалиев.
Қазақта «Егін ексең, шығырыңды майла, мал өсірсең, қонысыңды сайла» деген тәмсіл бар ғой, сондықтан егіске әзірден қамданған ауыл диқандары берекелі істеріне арнайылап барған делегация сәттілік тілеп, ауыл ақсақалдары батасын берді.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
---
13 наурыз 2021 ж. 594 0