Вакцинаға неге қарсымыз?
Коронавирустың әлем елдерін әбігерге салғанына екі жылдан асып барады. Осы уақытта 400 млн-нан аса адам вирусты жұқтырса, соның ішінде 5 млн-нан астамы қайтыс болды. Солай бола тұра «коронавирус жоқ», «өтірік екен» деген дақпырт әлі де ел аузында жүр. Бұл біздің қараңғылығымыз ба, әлде ауамдығымыздан ба? Әйтеуір бәрін «саясатқа тіреп» бос сөз айтуға әуеспіз.
Әлем елдерінде вирус тарала бастағаннан-ақ біздің елде де сақтық шараларын сақтау ескертіліп, қоғамдық салада шектеу шаралары жолға қойылды. Алайда тығылып той жасап немесе заңдылықтарды сақтамай әрекет еткендерге тыйым болмады.
Соның зардабын өзіміз сездік. Тіпті қалтасы қалыңдар коронавирусқа келгенде қауқарсыз болды. Індеттің алдын алатын екпе келгенде халық тағы да екіге жарылып, бірі саналы түрде вакцина қабылдауға келіссе, халық арасына іріткі салуды көздеген алаяқтар түрлі алыпқашпа әңгіме таратумен әлек.
Шетелде ақысын төлеп қабылдайтын бұл екпелерді, «неге тегін?» деп қос қолдап қарсы шықтық. Бұған не себеп? Әлде түсіндірме жұмыстары жеткіліксіз бе? Осы жөнінде ауданның бас дәрігері Сәкен Үсейінов мырзаны сөзге тарттық.
– Түсіндірме жұмыстары қарқынды жүргізілгенімен, халық әу баста вакцина деген сөзді естігеннен жел сөздерге еріп, үрей жеңдеп, дақпыртқа бой ұрып келеді. Жаңалықты қабылдау қашанда қиын ғой, сондықтан ел бұған бірден дайын бола қоймады. Сенбегендердің талайы тажалға қарсы тұра алмады. Міне, осы өтпелі кезеңде вакцина алған пациенттердің организмі вирусқа төтеп беріп, коронавирустың басқа штамдарына қарсы тұра білді. Өлім-жітім саны азайды. Екпе алудың маңызына, өмірімізді сақтап қалар жол екеніне халықтың көзі жетіп, көңілі сенді. Ал енді вакцина алғаннан кейін ауырдық дейтіндерге айтарым, кез-келген екпеден кейін қызу көтерілу, бөріту, ісіну, ентікпе сынды белгілері болады. Бұл қалыпты нәрсе. Әр адамның организмі әртүрлі болғандықтан оның қабылдауы да солай әр түрлі көрініс табады. Тіптен кішкентай сәби кезден салынатын екпенің бәрінде де осындай әсерлері болатынын білеміз ғой. Сондықтан екпе алу өз әлеуетін дәлелдеді, – дейді ол.
10 ақпан күнгі есепке келсек, ауданда 10951 тұрғын ревакцинациядан өтті. Оларға «Синовак» екпесі салынуда. Ал 60 жастан асқан және медқызметкерлерге, жүкті әйелдерге «comirnaty» вакцинасы егілуде.
Ал балаларға, жүкті және емізулі әйедерге арналған «comirnaty» екпесінің 9 мың дозасы бар. Оның ішінде 12-17 жас арасындағы жасөспірімдерге I тур бойынша 6596 доза салынса, II турмен 2075 доза егілді. Енді егілуі тиіс 3692 жеткіншек бар. Жүкті және емізулі әйелдердің ішінде I турымен 1190 әйел, II турымен 681-і екпені қабылдады.
Бұл вакцина салынғаннан кейін өндіруші ұсынған ақпаратқа сәйкес кейбір егілушілерде мынадай реакцияларды тудыруы мүмкін: екпе орнының ауыруы, ісінуі, шаршағыштық, бастың және бұлшық еттің ауыруы, буындардың ауыруы, қалтырау. Ал сирек жағдайда: диарея, қызба, инъекция орнының қызаруы, жүрек айну, құсу, лимфа түйіндерінің ұлғаюы, дімкәстік, қолдың ауыруы, ұйқысыздық, инъекция орнының қышуы, бөртпе, есеккем сияқты аллергиялық реакциялар. Мұндай жағдайлар орын алған бойда дереу дәрігеріңізбен хабарласып, тиісті ем-шараны жасағаныңыз жөн.
Қазіргі таңда АҚШ-тағы Колумбия университетінің ғалымдары коронавирустың миға қауіптілігін айтуда. Яғни, Ковид-19 салдарынан көз жұмған адамдардың басына жүргізілген зерттеу нәтижесінде науқастарда альцгеймер ауруына тән өзгерістердің пайда болатынын анықтаған. Ал, зерттеуді жүргізуге індетпен ауырғандардың жиі «басым айналады» деген шағымы себеп болған.
Көпке ұғынықсыз әріптер мен таңбалар қосындысымен беріліп жүрген коронавирус штамдарының ресми атаулары қайдан шыққаны туралы түсінік бере өтсек. ДДСҰ штамдары грек әріптерімен аталып жатыр. Осы күнге дейін 12 штамм грек әрпімен аталған. Мысалы, альфа, бета, гамма, дельта болды. Одан кейін эпсилон, зета, эта, тета, йота, каппа, лямбда және мю дейтін штамдар да тіркелді.
Айта кететіні, британдық эпидемиологтар SARS-COV-2 вирусының жаңа мутацияланған штамын анықтады. Ғалымдардың айтуынша, геномда «омикрон» штамында да, «дельта» штамында да бар элементтер табылған. Осылайша штамм «дельтакрон» деп аталды. Зерттеушілер мутация бір уақытта екі штамды жұқтырған адамда пайда болды деп болжайды.
«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» демекші, арқаны кеңге салып, ауру жоқ деуге әлі ерте. Қанша жерден сенбесеңіз де коронавирустың бары рас және оның алдын алатын тек вакцина ғана. Сондықтан әртүрлі сөзге ермей, өз денсаулығыңыз үшін, болашағыңыз үшін екпе салдырғаныңыз жөн.
Рауза ӘЗІЛХАН