» » «Комирнати» кімдерге салынады?

«Комирнати» кімдерге салынады?


Короновирусқа қарсы вакцина салу әлі өзектілігін жойған жоқ. Қазір әлем елдерінде жүкті және емізулі аналарға, жасөспірімдерге вакцина салу қарқынды жүргізілуде. Біздің елде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына тіркелген АҚШ-тың «Пфайзер» компаниясының «Комирнати» вакцинасы жүргізіледі.


Елге «Комирнати» вакцинасының 4 миллион 230 мың дозасы әкелінді. Мұны 2 миллион 115 мың қазақстандық салдыра алады. Бұл екпені салдырғандар да ревакцинациядан өтуі керек, яғни үшінші дозаны қабылдайды. Үшінші доза ретінде – Sinopharm, CoronaVac, Hayat-Vax, QazCovid-in немесе Спутник V вакцинасы салу ұсынылады.
Бұл вакцинаны 12 мен 18 жас арасындағы балаларға және жүкті, бала емізетін әйелдер қабылдайды. Басқа топтағыларға салынбайды. Балаларда алдымен 16 және 18 жас арасындағы жасөспірімдерге салынып, кейіннен 15, 14, 13, 12 жастағы өспірімдер екпе қабылдайды. Ескерте кететіні, жасөспірімдерге вакцина ата-анасының рұқсатымен ғана салынады. Ата-ана вакцина салуға рұқсат бергеннен кейін вакциналау кезінде баланың қасында болуы міндетті емес. Балаларды вакциналау білім беру ұйымдарында жүргізіледі.
Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, жасөспірімдерді вакциналау 30-дан астам елде жүргізіліп, соның ішінде Израиль, Франция, Италия, Испания, Германия, Бразилия, Қытай, Швеция, Англия, АҚШ, Аргентина, Дания, Ирландия және Польшада 12-15 жас арасындағы балаларға «Pfizer/BioNTech» вакцинасын салынды. Әсіресе, Израильде қарқынды жүргізіліп, мектеп оқушылары вакциналаудан толық өтті деген мәліметтер бар.
Ал, әйелдерге келсек, вакцинаны жүктіліктің 16-37 аптасы мерзіміндегі жүкті әйелдер және босанғаннан кейін 42 күннен кейін бала емізетін әйелдер салдыра алады. Pfizer вакцинасын салдыру тырысқақ, туберкулез сияқты індеттерді жеңуге көмектеседі. Жүкті әйел вакцина алса, баласында коронавирус инфекциясына қарсы иммунитет болады. Бірақ оның антиденесі қаншалықты болатыны әр ағзаға байланысты. Дегенмен бала иммунитетпен дүниеге келеді. Барлық екпелерді емханалардың білікті дәрігерлері жүргізеді.
Айта кететіні, 15 қарашадағы дерек бойынша, ауданда коронавирусқа қарсы вакцинаның 1-ші дозасын алғандар саны – 29538 адам, II турмен егілгендер – 24900 адамға жетті. Вакцина алмағандар саны шамамен 5400-ді құрайды.

Рауза ӘЗІЛХАН
16 қараша 2021 ж. 591 0