Жемқорлықсыз қоғамға нық қадам
Бұл тақырып тек Қазақстанда ғана емес, әлем елдерінің өзекті мәселесіне айналды. Әсіресе, дамыған елдердің көші осы дертпен күрес жолында тәжірибелерін біріктіруде. Өйткені, келешекке кедергісіз қадам басудың негізгі алғышарты жемқорлықсыз қоғам. Сондықтан біздің елдің де басты бағыты сыбайластықты құрықтау. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатаң бақылауға алып, нақты міндеттер жүктеді.
Президент сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі кеңес барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес көптеген жылдар бойы назарға алынбай, нәтижесінде пара алушыларды қолға түсіру азайғанын айтты. Жемқорлыққа қарсы тиімді күресті құқық қорғау органдарының жұмысынсыз жүзеге асыру мүмкін емес екенін алға тартты.
«Көптеген жылдар бойы парақорларды жемқорлық тақырыбына терең үңілмей қолға түсіріп келеміз. Әр түрлі адамдай бірдей лауазымдарда иеленіп әшкереленіп жатыр. Жемқорлар үнемі ұсталып, түрмеге жіберілді, ал сыбайлас жемқорлықтың нақты себептері мен жағдайлары ешкімді қызықтырмады. Тек соңғы жылдары бұл тақырып назарға алына бастады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Кез келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес – ең өзекті мәселенің бірі. Бүгінгі күнге дейін бұл кесел түбегейлі жойылған жоқ. Transparency International үкіметтік емес ұйымы жыл сайынғы зерттеуінің нәтижесін жариялады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізу қажеттігін түсініп, атсалысатын ел ретінде 180 мемлекеттің ішінде 113 орынға иелендік. Бұл – былтырғы жылдың көрсеткіші. Ал өткен жылмен салыстырғанда, үш пайызға өскен екен.Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы Заң (одан әрі Заң) талабының аясында жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер әр салада жүзеге асырылуда. Әсіресе халық парақорлық дертімен жиі бетпе-бет келеді. Сондықтан кез келген ортада пара беру мен пара алудың жолын кесуде қоғам болып белсенділік танытуымыз қажет.
Мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық қылмыстар және осы тұрғыдағы құқық бұзушылықтарға бой алдыруының себебі көп. Оған ең алдымен қызметшілердің білім деңгейінің, әдептілік ұстанымының төмен болуы әсер етеді. Кей мемлекеттік қызметшілердің құқық бұзушылыққа немқұрайлылық танытуы, кәсіби әдептілігінің жетіспеуі де, жеке басының қамын ойлауы да парақорлықтың дендеуіне септігін тигізуде. Сондай-ақ, кейбір мемлекеттік орган басшыларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң талаптарын атқаруда ынта танытпай, жұмыс жүргізбеуі де жемқорлықтың тамырын тереңдете түседі.
Біздің аудандағы ахуал тұрақты болғанымен, бұл оңай құтылатын құбылыс емес. Айналасындағы заңсыз әрекеттер мен азаматтардың қызмет етуіне қатер төндіретін қауіпті дертті болдырмаудың тетігі халықтың өзінде. Сондықтан дерттің алдын алып, қоғамға таралу жолдарын кесіп, оның ұлғаюына жол бермеуіміз керек. Ол үшін «жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, бәріміз бірге күресуіміз керек. Сонда ғана ел мүддесіне үлес қосып, халықтың сенімін ақтай аламыз.
Гүлнар САРКУЛОВА,
аудандық «Қазынашылық» басқармасының бас маманы