НЕКЕ ЖӘНЕ ОТБАСЫ ҚҰҚЫҒЫ БАСТЫ НАЗАРДА
Көптеген адамдар үшін некені бұзу процесі моральдық жағынан да, бюрократиялық жағынан да жағымсыз болып табылады.
Отбасы-сыйластық, жарастық орнаған орта, кішкентай Отан. «Отан-отбасынан басталады» дегендей отанды сүю-отбасынан басталатыны рас! Себебі, отбасы-бала тәрбиесінің ең алғашқы ұжымы.
Адамның жеке басының қалыптасуы отбасынан басталады.Оның ер жетіп өсуі, бойындағы алғашқы адамгершілік белгілері отбасында қалыптасады, сондықтан туған үйдің жылуы-оның көкірегенен көп жылдар бойы сақталып, мәңгі есінде жүреді.
Отбасы-табиғат сыйлаған кереметтердің бірі. Отбасы-өте қажетті, басқадай еш нәрсемен өзгертуге болмайтын баспалдақ.
Отбасында адам бойындағы асыл қасиеттер жарқырай көрініп, қалыптасады. «Өз үйім- өлең төсегім» деген қазақ даналығында айтылғандай өз отбасың, өз үйінің әрқашан жылуы тартып, жанға жақын болады.
Сол себепті де әр адам өз отбасын сыйлап, құрметтей білуі шарт, соны мәңгі есте сақтап, ұмытпаған жөн.
Жоғарыда айтылғандай сөзімізге арқау болып отырған мәселе бойынша Жаңақорған аудандық сотының табалдырығын аттаған талап қоюшы Т жауапкер Ж-дан некені бұзу жайлы азаматтық ісі қаралды.
Сотта тараптарға сот ұйғарымымен татуласу үшін бір ай мерзім белгіленген.
2022 жылғы 18 қаңтардағы сотқа жолдаған өтінішінде талап қоюшы мен жауапкер қазіргі уақытта жауапкермен татуласып, отбасы болып өмір сүріп жатқанын, осы негізде талап қоюынан бас тартатынын көрсетті.
Аудандық соттың ұйғарымымен талап қоюшы Т-ның талабынан бас тартуы қабылданып, жауапкер Ж-мен некені бұзу жайлы азаматтық ісі бойынша іс жүргізу тоқтатылды.
Тараптар дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісім жасау арқылы отбасын сақтап, балалары толыққанды отбасында тәрбиеленуге мүмкіндік алды.
Бұл өз кезегінде медиацияның отбасы дауларын шешудегі тиімді тетік екенін көрсетеді.
Адамның ашуы алдымен келіп, отбасын ойран-топыр етіп кетсе де, соңынан келген сау ақылдың бәрін жөндеп, сынғанды бүтіндеп, үзілгенді жалғап жіберетін қасиеті бар. Жоғарыда сөз еткен жандардың сот отырысынан кейін де ақылға келіп, ұл-қызының болашағы үшін ошағын қайта жаққаны – нағыз адамшылық.
«Дәулет есіктен, ақыл бесіктен кіреді» демекші, білім бесігі мектептен, тәрбие бесігі отбасынан бастау алатынын жеткізгіміз келеді.
Ақпарат: Жаңақорған аудандық сотының баспасөз қызметі