Батыр емес, блогер боламын дейтін ұрпақ өсіп келеді
Сіз. Иә, сізді айтамын! Мен секілді таң қалып, іштей болашақ жастардың өміріне алаңдайсыз ба? Бұрын тілі енді шығып келе жатқан баладан: «Болашақта кім боласың?» дегенде, «Ғарышкер боламын» деуші еді. Ал, қазіргі балалар «Блогер боламын, мықты тик-токер атанамын» дейтін болыпты.
Бұрындары көше бойында бір-бірімен жарыса ойнап жүрген балаларды көруші едік. Соңғы уақыттары өте сирек көреміз. Бір сәт ойланып қарасам, соңғы он жылда дүниеге келген балалар ұялы телефон немесе компьютердің ажырамас серігіне айналған екен. Қазір кез келген үйде, әрбір жанның жеке ұялы телефоны мен компьютер бар. Балалардың басым көпшілігі күні бойы осы көгілдір экрандағы сан алуан ойынмен өткізеді. Кейде ата-ана баласының тыныш отырғанын тәуір көріп, ұялы телефон немесе компьютер қарауына шек қоймайды. Әйтпесе, заманауи техналогияның бала денсаулығына, қалыптасып, өсуіне зиян екенін мамандар айтып-ақ жүр.
Алайда бұған мән беріп жатқан ата-ана жоқ. Керісінше күн өткен сайын балалардың түрлі ойындар мен гаджеттерге деген тәуелділігі артуда. Тілі енді ғана шығып, былдырлап сөйлеп жүрген бүлдіршін қолындағы телефонды оңай меңгеріп, камерасын қосып қойып, «Достар, біз бүгін тик-ток түсірдік» деп бейнетаспа түсіріп жатады. Тіпті ирелең-ирелең етіп түрлі қимылдарды жасап, батыстың әуендеріне ешқиындықсыз билеп тұрады. Бірақ басым көпшілігінің оқуға, білім алуға деген ынтасы төмен. Мұның басты себебі, смартофнның әсері екені даусыз.
Менің алаңдайтыным, қазір кейбір балалар ұялы телефонды жай уақыт өткізу үшін ойнайтын болса, енді бірі ақша табудың жолы, тіпті спорт құралы ретінде де қарайды. Шашамен 5 жастағы баламен сөйлесіп көріңізші. Әңгіменің ауанын телефонның маркасынан бастап, қалай блогер болуға болады, ақшаны қалай табу керек бәрін-бәрін сізге үйретіп береді. Өткенде, бірінші сыныпқа барған көрші балаға «Сабағың қалай? Мектепке үйрендің бе? Сыныптас достарың ұнап жатыр ма?» деп сұрақ қойған едім. «Апай мектеп маған түкте қызық емес. Одан да «крутой блогер» болғым келеді. Рахат қой, күніне бір видео түсіріп, инстаграм, тик-токка жүктесең болды, бай болып кетесің» дейді. Бесіктен белі шықпаған баланың жауабына, жаным ашыды. Сонда кітапты кім оқиды? Өткен тарихымызды кім еске алады? Болашағымызды кім қорғайды? Ойланатын толғанатын үлкен мәселе екені анық. Сіз қалай ойлайсыз, замандасым?!
Роза Берістемова