№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Компьютерлік ойындардың балаға әсері

Компьютерлік ойындардың балаға әсері


Сізді мына бір жағдай толғандырмайды ма? Көшелер жым-жырт. Себеп? Ауланы шуға толтырып жататын бала біткен компьютердің құлағына байланған. Ата-ана да баласының тыныш отырғанын тәуір көріп, ұялы телефон немесе компьютер қарауына шек қоймайды. Әйтпесе, заманауи технологияның бала денсаулығына, мінсіз қалыптасып өсуіне зиян екенін мамандар айтып-ақ жүр. «Жығылғанға жұдырық» дегендей, мына індет іргемізден енгелі балалардың барлығы үйде, онлайн режимде білім алып жатыр. Сабақ оқысын, оқымасын барлығы көк экранға телміріп отырғанын көретін болдық.


Алайда бұған мән беріп жатқан ата-ана жоқ. Керісінше күн өткен сайын балалардың аталған ойындарға деген тәуелділігі артуда. Балаларды қойып, үлкендердің өзі компьютерлік ойындарға телміретінін көргенде жа­ғаңды ұстайсың. Байқасаңыздар, ком­пью­терлік ойын индустриясы адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Әлем халқының үштен бір бөлігі видео ойындармен таң атырып, күн батырады. Қызылды-жасылды түстермен көм­керіл­­ген ойын түрлері сәт сайын ойнаушыларды өздеріне ынтықтырып бара жатқандай. Керек десеңіз, ком­пьютерлік ойындардың қызығына шырмалып өмір мен виртуалды әлем арасындағы шекараны жоғалтқан жандар қаншама. Психолог мамандар балалар бұл ойындарға қызықса, оларды жуық арада тоқтату мүмкін емес екендігін айтып, дабыл қағуда.
– «Компьютерлік ойындардың көп­ші­лігі атыс-шабыс, төбелеске бағыт­талған. Бұл алдымен баланың мінез-құлқына айтарлықтай әсер етеді. Қандай ойын түрі болмасын жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Кейде жеңеді, кейде жеңіледі. Егер бала ойын барысында ұтылатын болса, ойынға деген құмарлығы арта түседі екен. Өйткені, жеңілуге болмайды, жеңіске жету керек. Содан сырттағы дүниені ұмытып, қым-қиғаш соғыс алаңында немесе сатырлаған төбелестің орта­сында жүреді. Бұндай кезде баланың жүйке жүйесі бұзылып, ашуға бу­лығады. Баланың компьютерлік ойын­дарға қызығушылығы 3-4 жасы­нан басталады. Бірақ бұндай кезде баланы компьютерге жақын­датуға мүлде болмайды. Бала 7 жастан асқан­нан кейін ғана аптасына бір рет жә­не аз уақыт компьютерге үйрет­кеніңіз жөн. Ал бесінші сыныптан кейін оқушының бұндай ойындарға қызығушылығы қатты байқалады. Әсі­ре­се, осы уақытта жуас, өз орта­сынан бөлек жүретін балалар компьютерлік ойындардың тұтқынына айналуы мүм­кін. Компьютер алдында отырғанда уақыттың қалай өтіп кеткенін біл­мейді. Ойнау мүмкіндігі болмаған кезде өзін жайсыз сезініп, ашуланып, мазасызданады. Сондықтан ата-ана бала­ны компьютердің алдына белгілі бір уақытта ғана отырғызғаны жөн», – дейді психолог Айда Айна­қожаева.
Бүгінде компьютерлік ойындар уақыт өткізудің ғана емес ақша табудың жолына, спорт құралына да айналды. Айта кетейік, компьютерлік ойындар арқылы спортшы атануға да болатын спорт түрін «киберспорт» деп атайды. Алғаш рет АҚШ-та 1997 жылдан киберспорт бастау алған. Ал бізде 2018 жылғы 25 маусымнан бастап киберспорт Қазақстанда ресми спорт түрі болып тіркелді. Бүгінде киберспорттың әртүрлі бағыты бойынша Қазақстанда командалар ұйым­­дастырылып жарыстарға қатысып жүр екен. «Естімеген елде көп» деген осы болар.
Компьютердің алдында үзіліссіз жұмыс істеу адамның жүйке жүйесін әлсіретіп, қан қысымын көтереді және көз, құлақ, асқазан жарасы секілді аруларға ұшырауы ықтимал. Аудандық емхананың көз дәрігері Бақытжан Әжібековтың пікіріне зер салсақ:
– Компьютер баланың көзіне зиян. Өйткені үздіксіз экранға қадалу көз жанарының көруін әлсіретіп, құлақтың есту қабілетін біршама төмендетіп жібереді. Экранда көрсетілген түрлі түстер мен сан алуан жазулар көзге теріс әсерін тигізеді. Осының салдарынан көз жасаурап, тез шаршайды. Сөйтіп көзге шамадан тыс салмақ түсіп, көру қабілетін жоғалтады. Керек десеңіз, баланың ұйқысы бұзылып, асқа тәбеті болмай, айналасындағылардың барлығы қызықсыз болып қалады. Ал ұйқысы қанбаған баланың ойлау қабілеті әлсіреп, зейіні төмендейтіні белгілі. Екіншіден, бала компьютер алдында дұрыс отырмаса сымбаты бұзылады. Бел омыртқаға көп күш түскендіктен, омыртқа қалыптасқан үлгіден өзгеріске ұшырайды. Соның салдарынан скалиоз, омыртқа ауруына шалдығуы мүмкін. Сондықтан ата-анаға айтар кеңес, баланы бес жасқа дейін компьютерлік ойындарға жолатпағаныңыз абзал. Компьютер тұрған бөлмені жиі тазалап, үстел мен компьютерді арнайы дымқыл сүрткішпен сүртіп тұрыңыз.
Осы орайда компьютерлік ойын­дардың зияны туралы тәжірибелі логопед маман Жібек Жүсіпбекованы әңгімеге тарттық:
– Балалардың телефонға, компью­терге үңілуінің зиян ересек адаммен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Себебі, балалардың жүйке талшықтары өсіп-жетілуі кезіңінде болғандықтан радиациялық сәуледен жылдам зиян шегеді. Әрі олардың бас сүйегі жұқа болғандықтан қорғаныс қабілеті әлсіз. Кішкентай бүлдіршіндердің денесінде су құрамы мол болатынын, ескерсек радиациялық сәуленің қауіпі өте жоғары. Сонымен қатар, құрылғыдан бөлінетін сәуленің бас ауруы, есте сақтау және көру қабілетіне кері әсер ететіні және ұйқысыздыққа шалдықтыратыны анық­талған. Өзім балабақшада жұмыс жаса­ғандықтан, баланың барлығы көз алдымызда. Гаджеттерге тәуелді баланы бірден аңғаруға болады. Алдында таудай үйіліп жатқан ойыншыққа қарамай, өзімен өзі көңіл күйі болмай отырады. Кейде керісінше аласұрып, ары-бері байыз таппай жүгіріп, өзімен-өзі алысып жатқаны. Қорыта айтқанда, балалардың назарын басқа ойын түрлеріне әсіресе, спорт саласына қызықтыруға тырысу керек. Кез келген бала ерекше қадағалауды қажет етеді. Бұрынғы бес баладан, бүгінгі бір баланы дұрыс тәрбиелеп өсірудің қиындығы осында дер едім. Қазіргі таңда, қоршаған орта, адамдардың көзқарасы, өмір сүру дағдымыз өзгерді. Жүктеме де, бәсеке де жоғары. Зиянды дүниелер үйіміздің төрінде тұр, баламыздың қолында жүр. Ендігі бейқамдығымыз жараспайды.
Демек, кез келген ата-ана бала­ларына компьютерлік ойындарды ойнатпас бұрын оның зияны туралы да ескертуді ұмытпағаны жөн. Жалпы, шамадан тыс компьютер алдында отыру баланың ғана емес, үлкеннің де жүйкесін жұқартатынын ұмытпайық.

Әсел Рзаева
22 желтоқсан 2020 ж. 1 272 0