Телефон шебері
Бүгінде ұялы телефоныңыз бұзылса, өркениеттен ажырап қалғандай күй кешесіз. Осындайда телефонның кілтипанын жетік меңгерген маманды іздейтініңіз шындық. Бұл жағынан келгенде жаңақорғандықтарға қызмет көрсететін мамандар аз емес. Солардың ішінде көпшілікке «Пихон» есімімен танымал Бейбіт Данабековтің қызметін бөліп-жарып айтуға болады.
Уақытпен санаспайтын еңбекқор жанның жұмысымен біраз уақыттан бері таныспыз. Әрі іштей қолдап, қатарластарымызға үлгі тұтып келеміз.
Бала кезінен техника жөндеудің қыр-сырын меңгерген ол бүгінде кенттегі «Азнабай» сауда орнынан жалға дүңгіршек алып, жұмыс жасауда. Негізгі бағыты – ұялы телефон жөндеу. Оның қызметіне сұраныс та мол. Себебі, қазір әрбір тұрғынның қолында қос-қостан ұялы телефон. Техника болғаннан кейін бұзылмай тұрмайды.
– Кішкентайымнан әкемнің қасында жүріп, теледидар, тоңазытқыш жөндеуге құмар болдым. Мектеп бітіргеннен кейін осы кәсіпті болашағыммен байланыстыруды жөн көрдім. Уақыт өте келе ұялы телефонды жөндеу қызметіне бет бұрдым. Алғашқыда оңай болмады. Құрылғыны түгендеп, техниканың тілін толық игеруге біршама уақыт кетті. Себебі, қалта телефоны да кішігірім компьютер секілді ғой. Оның өзіне тән бағдарламалары күрделі келеді. Оның үстіне, телефон саласындағы жаңалықтар жылдам дамып отыратындықтан, өзгерістерге тез ілесіп отыру керек, – дейді ол.
Білікті маманның сөзіне қарағанда, тұрғындар телефон экраны мен тоқ қабылдағышының істен шығуына байланысты көп шағымданады.
Телефон шебері келешекте шағын кәсібінің керегесін кеңейтіп, қызмет көрсету аясын ұлғайтуды көздейді. Ол үшін үлкен ізденіс пен қажырлы еңбек қажет екенін жақсы түсінеді.
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ.