» » Басты міндет – елге қызмет

Басты міндет – елге қызмет


Ел арасында «Әуелі бойыңда талантың болсын, талантыңа талабың қанат болсын» деген тәмсіл бар. Расында  рухы мықты, қайраты кемел азаматтар ел дамуына елеулі үлес қосатыны сөзсіз. Біздің ауданда  жалынды жастардың игі істері аз емес. Сондай талантты жастың бірі Берік Атақожаев. Ол – әлеуметтік желіде тартымды бейнесюжеттер түсіріп, аудандағы маңызды іс-шаралардың насихатшысы болып жүр. 
Қазіргі қоғамда адам жан-жақты болса, жетістікке жетеді. Заман талабы солай. Жаңақорған кенті әкімдігіне баспасөз хатшысы қызметіне кіріскен азаматтың тың идеяларды жүзеге асыруға деген ықылас ниеті басым. Түгіскеннің текті топырағынан түлеп ұшқан Бекқожа Атақожаев пен Бақыткүл Тасқожаеваның шаңы­рағында тәлім алған Беріктің ізгілік жолының жаршысы болды. Жоғары білімді Елордадағы «Қайнар» уни­верситетінде «аудит және есеп мамандығы» бойынша оқып, туған ауылында әкімдікте қызмет етіп, аудан орталығына ауысты.
Ол егемен елмен бірге есейіп, бірге бой түзеді. Бұл – кейіпкеріміздің өмір­лік ұстанымы. Түрлі қайырымдылық шараларына белсене атсалысып, түрлі бейнебаяндар әрлендіреді. Атап айтсақ, «Туған өлкем Түгіскенім» парақшасын 2017 жылдан бастап жүргізіп, түрлі жаңалықтарды бейне материалдарды жүктеп отыруды назарға алды. Осы жұмыстарының нәтижесінде Аққорған ауылдық округі әкімінің түрлі «Алғыс хатымен» марапатталып, еңбегі еленді де. Осы уақыт аралығында біршама түрлі материалдар мен бейнесюжеттер түсіріп, көпшілікке ұсынған. Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, сан салада қызмет етіп жүрген тәуелсіздік құрдастарымен бейнесюжет әзірлеп, жастарға ерекше серпін берді. Оны бүгінгі жеңістеріне бала күнгі арманы мен таудай талабы жетелесе керек.
– «Бала күнгі арманым – қай салада болсам да, елге қызмет етуді мұрат еттім. Өйткені, бала күннен ата-анамның көпшіліктің алдында жүргенін көріп өстім. Түрлі ауқымды шараларда ата-анамның алдыңғы сапта жүретінін көріп, қызығатынмын. Өмірде әр адам өзіне мақсат қоя білуі қажет. Сол мақсат жолында тынбай еңбек етсе, оның кез-келген межені бағындырары сөзсіз. Қазақта: «Талаптыға нұр жауар» деп бекер айтпаса керек», – дейді Берік Атақожаев.
Талап ерге қанат бітіреді. Кей­іпкерімізбен әңгімені жалғастыра келе, жас азамат елдің ризашылығынан, халықтың алғысынан артық жетістіктің жоғын айтады. Кезінде бауыр еті баласының болашағы үшін батыл қадам жасаған ата-анасының үмітін ақтауға тырысады ол. 
– «Ата-ана мамандық таңдауда да, шешім қабылдауда да, әрқашан маған еркіндік берді. Сол үшін менің оларға айтар алғысым шексіз. Ата-анамның сондай еркіндік беріп, маған үміт артатындығын түсінетіндіктен, қателеспеуге тырысамын, жақын адамдарымның алдындағы жауап­кершілікті түсінемін.  Қазақта «Жұрт­тың баласы» деген керемет ұғым бар. Сол жұрттың баласынан кем болмауға тырыстық. Үнемі маған біреуді үлгі етіп айтпаса екен деп ойлайтынмын. Өмірде әрқашан көшбасшы болуға тырысамын. Бұл қасиет әрбір жастың бойында болады деп есептеймін. Алға ұмтылып, жақсылыққа бағыт алған сайын, жолың ашылып, алдыңа үлкен мақсаттар қояды екенсің», – дейді ол.
Дүние есігін ашып, ес білгелі еркіндіктің ауасымен тыныстап, тәу­елсіз мемлекетте уайым-қайғысыз ғұмыр кешіп, уайымсыз күндерді бастан кешіп жүрген ұрпақтың өкілі екендігіме мың тәубе етемін. Әйтпесе, ата-бабаларымыздың кешегі ұрыс-соғыстарда жері үшін, халқы үшін қан төккен, егемендікті аңсағаны да осы емес пе? Тәңірден берген ең үлкен сыйы – басымыздағы осы бақты келешек ұрпаққа аманат ету біздің келешек ұрпақ алдындағы парызымыз. Өз заманының дара тумасы Мағжан сенген жастар – біздің қолымызда екенін жадымызда ұстасақ. Сондықтан да, «ел маған не береді деп емес, мен еліме қандай пайда келтіре аламын» деген ұранды ұстанып, жұмылсақ, біз алмайтын қамал, біз бағындырар белес қалмасы сөзсіз», – деп түйіндеді талантты азамат.
Бір бойында адам сүйсінер тамаша қасиеттері мол, жанарына жылылық, жүзіне мейірім ұялаған, табиғатынан биязы, өз ісіне аса тыңғылықты жас маманның көрсетер тәлімі мол деп сенеміз. Өмір атты теңізде игіліктің кемесімен жүзе біліп, жауапты қызметте адалдық пен адамгершілікті қатар ұстап, ел игілігі жолында елеулі еңбегімен көптің ықыласына бөленіп келе жатқан Берікке алдағы уақытта да абырой биігінен көріне беруін тілейміз!
Әсел РЗАЕВА
28 қараша 2021 ж. 506 0