№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Алтын дән – диқан дәулеті

Алтын дән – диқан дәулеті

Берекелі күзде қамба дәнге толып, төлді санап, ырысымыз артатыны белгілі. Осы молшылық мезгілін дәріптейтін «Алтын дән-2021» мерекелік іс-шарасында биылғы жетістіктер сараланып, саланың озық мамандары марапат биігінен көрінді. 
Салтанатты шараға аудан әкімі бастаған сала басшылары, халық қалаулылары, зиялы қауым өкілдері мен жастар қатысты. Берекелі күз мерекесінде ауданның ауылшаруашылығы саласындағы жетістіктері сараланып, оған дала еңбеккерлері сіңірген еңбегі айтылып, аудан басшылары және халық қалаулыларының дер кезінде жасалған сүйелдемелеу жұмыстары сөз болды.
Биыл облыста өткен алқалы жиында біздің аудан мал шаруашылығы бағытында «Озық аудан» аталымы бойынша үздік болған-ды. Бұл биіктен көрінуде дала еңбеккерлерінің еңбегі ересен. Аудан әкімі Руслан Рүстемовтің сөзінен осыны ұғындық.
– Құрметті аудан тұрғындары мен қонақтары баршаңызды «Алтын күз» мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Жерұйық мекенді іздеген Асанқайғы желмаясын мініп желдіртіп, ел аралап жүргенде, Сырдың бойын аралап жүріп: «Басы байтақ, аяғы тайпақ қоныс екен, Қара тауды жайласам, Сырдың бойын қыстасам, қоныс болуға сонда ғана дұрыс екен», деген екен. Міне, жері шұрайлы біздің мекеннің шаруалары мен дала еңбеккерлері Алтын күз мерекесіне үлкен жетістіктермен жетіп отыр. Иә, Жаңақорған ауданы көктемді ең бірінші қарсы алады. Десе де, жан-жақта болып жатқан заманның жаңа шақырулары біздің өлкені де айналып өтпеді. Күн ерте жылығанымен де, су тапшылығын айтарлықтай сезінді. Осындай қиындықтарға қарамастан біздің дала еңбеккерлері жылдағыдан жоғары жетістіктерге жетті. Ауданымыз облыс көлемінде үшінші жыл қатарынан мал шаруашылығы саласында «Үздік аудан» номинациясымен марапатталып отыр. Бұл біздің даланың төсін дүбірлеткен еңбеккерлеріміздің ортақ үлесі. Аудан жұртшылығының ауызбіршілігінің арқасы.
Биылғы Арайлы алтын дән мерекесі, ауыл спортшыларының «Алтын күз-2021» спортакиадасымен ұштасып отыр. Осы айтулы шараның біздің ауданда өтуінің де өзіндік мән-мағынасы бар деп оайлаймын. Өйткені, әлемдік, халықаралық додаларда бәйгені алып жүрген спортшыларымыз жеткілікті. Көптеген спорт ойындарында облыстың құрама командасының негізін біздің ауданның спортшылары құрайды. Бүгінгі аудан аумағында өтіп отырған облыстық спартакиадада мықтылар жең­іске жетеді деген үмітіміз бар, – деп ақжарма тілегін жеткізді.
Ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Құрмет грамотасымен» Марат Қазыбаев марапатталды.
Аграрлық ауданның басты дақылы – күріш десек, оны күтіп-баптауда Оразалы Тұрсынбаевтың тәжірибесі мол. Қожакент ауылдық округінің «Даму М» шаруа қожалығының диқаны 77 гектар күріштің гектарынан 85 центнерден өнім алды. Осы себепті «Озат күріш өсірушісі» атанды. Егін және мал шаруашылығы бір-бірімен тығыз байланысты болғанымен, екеуінің жүгі ауыр. Міне, екі саланы сәтті үйлестіріп, дамытып отырған Келінтөбе ауылдық округінің «Тату» шаруа қожалығының төрағасы Ахметжан Жұмаділлаев «Озат шаруашылық» номинациясына ие болды.
Ал, «Үздік ауылдық округ» номи­нациясы Қыркеңсе ауылдық округіне бұйырды. Бұл елді мекен тұрғындары еңбекқор. Ерте көктемнен жерге дән тастап, малды төлдетіп, дала жұмысында белсенділік көрсетіп келеді. Биыл соның нәтижесін көріп отыр.
Сыр беткейдегі ауылдық округтердің жетістігі бұл ғана емес. Жаңарықтық «Тауекел Иса» шаруа қожалығы бидай егуге маманданып, 28 гектар дәнді дақылдың гектарынан 30 центнерден өнім алып, «Озат бидай өсіруші» атанды. Қазір жем-шөпке сұраныс артты. Биылдың өзінде жоңышқаның бағасы бірнеше есеге қымбаттады. Иә, бұл сұраныс пен ұсынысқа негізделген нарықтық қатыныстар арқы­лы белгіленеді. Бұл – ақиқат. Мал азығын дайындауда ауданда мол өнім алған шаруа қожалықтар бар. Солардың ішінен, Келінтөбе ауылдық округінің «Агротехнология» шаруа қожалығын ерек­ше атауға болады. Шаруашылық 109 гектар жоңышқаның гектарынан 170 центнерден өнім алды. Сөйтіп, «Озат жоңышқа өсіруші» номинациясына лай­ықты болды.
Бүгінде суды аз қажет ететін дақыл түрлеріне басымдық беру маңызды. Өздеріңіз білетіндей, биыл Сырдың деңгейі түсіп, диқандар су тапшылығын сезінді. Бұл алдағы жылдары да қайталануы әбден мүмкін. Өйткені мұздықтардың көлемі азайып, жауын-шашын мөлшері төмендеді. Биыл «Тоқтағұл», «Шардара» су қоймасында су ұлтанына жақындады. Дәл қазір «Шардарадан» секундына 65 шаршы метр су жіберілуде. Ел ағалары дария мұндай деңгейге бұрын-сонды түспегенін жи-жиі айта бастады. Осы тұрғыдан алғанда мақсарының көлемін арттыру керек-ақ. Осы істі Сунақата ауылдық округінің «Береке 1» шаруа қожалығы қолға алғаны қуантады. Қожалық 100 гектар мақсарының әр гектарынан 15 центнерден өнім алып, ауылшаруашылық құрылымының төрағасы Әшім Досмағамбетов «Озат мақсары өсіруші» атанды.
Иә, ауыл шаруашылығында ауыз толтырып айтатын игі істер баршылық. Кейінгі жылдары бау-бақтарын өсіруді азаматтарымыз жақсы қолға алуда. Әрине, бау-бақшаны күтіп баптау оңай тірлік емес. Дегенменде бейнетіне қарамай білек сыбана кіріскен бағбандардың бірі Кейден ауылдық округінің «Божбанбаев» қожалығының төрағасы Жасұлан Божбанбаев «Озат бақша өсіруші» номинацциясын иеленді. Ол 5,0 гектар бақшаның әр гектарынан 300,0 центнер өнім алған.
Сонымен қатар, аудан шаруалары жерді тиімді игеріп, түрлі дақылдарды егуге көңіл бөле бастады. Соның ішінде көкөніс өсіру шаруашылығының ісі өрге басып тұр. Мәселен, Аққорған ауылдық округінің «Ұлтай» шаруа қожалығының төрағасы Мұхамеджан Сайпидинов көкөніс өсіруден гектарына 280 центнерден өнім алып, зор жетістікке жетіп отыр. Және өңірдегі «Озат көкөніс өсіруші» ретінде үздік шаруаның бірі атанып, марапатқа ие болды. Ол өз сөзінде, алдағы уақытта түрлі технологияларды қолдана отырып, еңбек өнімділігін әлде де арттыра түсуді ойлап отырғандарын жасырмайды. Қазірдің өзінде еңбек озаты атанып отырған шаруа қожалығының басшысы өңірдің мақтаулы шаруаларының біріне айналып үлгерді.

Ас атасы наннан кейін орын алатын картоп – әлемдегі ең қадірлі өнім. Қандай тамақ болмасын картопсыз елестету әсте қиын. Алайда күріш –өсіруден алда аймағымыз картоп өсіруден де жаман емес. Содан болар аталған өнімді егіп, арнайы кәсіп еткендер баршылық. Биыл картоптың әр гектарынан 330 центнерден өнім алған Жаңақорған кентінің «Тасболат А» ЖШС-нің картоп өсірушісі Олжас Асылбаев «Озат көкөніс өсіруші» атанды.

Рас, диқан еңбегі – қашанда марапат мінберінің алтын тұғыры. Ауданның ауыл шаруашылығы саласын өркендетіп, тынбай еңбек еткен егінжай ерлері қашанда мақтауға лайық. Олай болса, мерейі тасыған еңбек озаттарының қатарында маусымда 2700 тонна астық бастырған Қыркеңсе ауылдық округінің «Бекарыс-С» шаруа қожалығының астық бастырушысы Бағлан Дүйсенбаев «Озат астық бастырушы» атанып, марапат биігінен көрінді.
Бұл қатарда Өзгент ауылдық округінің «Өзгент С» шаруа қожалығының дестеге жығушысы Жаңабек Муслимов 3700 гектар жердің егісін орып, еңбегінің жемісі ретінде ауданда «Озат дестеге жығушы» атанды.
Биыл Сырдария өзенінде қалыптасып отырған су тапшылығы жағдайы аудан көлемінде егісті сумен қамтамасыз ету мәселесін күрделендіре түскені жасырын емес. Аталған жағдайдың маңыздылығына байланысты сала мамандары аянбай еңбек етті. Осы орайда, егінге су жеткізу қызметін өз дәрежесінде ұйымдастырған Жаңақорған кентінің «Жаңақорғансушар» өндірістік учаскесінің аға инженер гидротехнигі Мұрат Құдияров «Үздік су мұрабы» атанып, мерейі өсті.
Елдің рухани дамуы мен кемелденуі үшін ең маңыздысы мәдениет саласы екені мәлім. Міне, облыс, аудан көлемінде өткен мәдени шараларда өз үлесін қосып шаруаларға мәдени үлгі қызмет көрсете білгені үшін «Жаңақорған» халық театрының суретшісі Қайрат Әлібеков «Үздік мәдениет қызметкері» атанды.
«Арқалағаны алтын, жегені жантақ». Бұл тілші қауымға қаратылып айтылатын сөз тіркесінің астарындағы ақиқат қалам ұстаған қауымның бар ғұмырын айшықтап тұрғандай. Саналы ғұмырын жұрттың жоғын түгендеумен өтетін журналистердің еңбегінің еленетін күні сирек. Аталмыш жиында, аудандық газетте ауылшршылығы өндірісін жақсы насихаттаған «Жаңақорған тынысы» газетінің тілшісі Әлібек Жарықбаев «Үздік тілші» атанды.
Қазір ауданымызда мал шаруашылығын дамыту мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Әсіресе, асыл тұқымды мал алудың тетігін меңгеріп, жақсы жетістіктер көрсетуде. Атап айтсақ, Жаманбай батыр ауылдық округінен «Көбелдес» шаруа қожалығының төрағасы Нышанбек Молдашевтың осы бағыттағы еңбегі еленіп, «Асыл тұқымды мал өсіретін үздік репродуктор шаруашылық» атанса, Қаратөбе ауылдық округінен «Сұңқар» шаруа қожалығының бақташысы Жанзақов Маратбек «Үздік бақташы» аталымын иеленді.
Сондай-ақ, Байкенже ауылдық округінен «Беделбек» шаруа қожалығының шопаны Серік Беделбеков «Үздік Шопан», Машбек Нәлібаев ауылдық округінен «Бақытжан» шаруа қожалығының жылқышысы Мамырайхан Байсынов «Үздік жылқышы», Қандөз ауылдық округі ветеринариялық станциясының мерушісі Пірмаханбет Ералиев «Үздік ветеринар» номинациясымен марапатталды.
Күз мерекесі еңбек адамдарын марапатпен марқайтып, қарапайым тұрғындарды нарық бағасынан арзан өніммен кеңелтті. Қысқасы, көпті қуанышқа бөлеген игі шара болды. Шаруа шаттанып, дихан рухани күш-қуат алған мерекеде сан саланың үздіктері марапатталып, ширек ғасырда жеткен жетістіктер мақтанышпен айтылды. Іс-шара соңы концерттік бағдарламаға ұласып, ауданның көркемөнерпаздары шаруа шаттығын еселеп, әсем ән, тәтті күймен көптің көңілін көтерді.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ
02 қараша 2021 ж. 421 0