ОТБАСЫ-ҚАСИЕТТІ АЛТЫН БЕСІК
Елімізде соңғы жылдары қыркүйек айының екінші жексенбісі Отбасы күні болып белгіленіп, кең ауқымда аталып өтуде.
Дегенмен отбасы құндылықтарын дәріптеуді айтулы мереке қарсаңында ғана науқан ретінде жүзеге асырмай, күнделікті тұрмыс тіршілігіміздің бір бөлшегіне айналдырғанымыз дұрыс.
Себебі отбасы-бала шыр етіп дүниеге келген кезде енетін үйі, өсіп ержететін, тәрбие алатын аса қажетті, әрі қасиетті алтын бесігі.
Ата Заңымыз-Қазақстан Республикасының Конституциясында неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында болатыны нақты айқындалған.
Мемлекеттің негізгі буыны да отбасы екенін, тәрбиенің осы отбасынан басталатынын ұмытпауымыз қажет.
Мемлекеттік отбасы саясатын дамыту, отбасы институтын нығайту мақсатында республика көлемінде Отбасылық кеңестер құрылып, АХАЖ бөлімдері жанынан арнайы Отбасылық кеңес кабинеттері ашылуда.
Негізгі мақсат:
отбасын құруды көздеген жастарға ерлі-зайыптылықтың ерекшеліктері бойынша кеңес беру;
некесін бұзуға келген азаматтарға отбасы құндылықтары жайлы түсіндірме жүргізіп, некені бұзудың алдын алу;
тұрмыстық зорлық зомбылыққа ұшыраған отбасылармен профилактикалық және психологиялық тұрғыда әңгімелер жүргізу;
отбасылық қатынастар бойынша құқықтық кеңес беру болып табылады.
Отбасылық кеңестің негізгі міндеттері болып:
араздасқан ерлі-зайыптыларды татуластыруға шара көру;
некесін бұзуға ниеттенген ерлі-зайыптыларға бастапқы тегін психологиялық көмек көрсету;
отбасы өмірінің құндылықтарын насихаттау;
ата-аналардың өз міндеттерін тиісінше орындау, кәмелетке толмағандардың мінез-құлқын түзету, қорғаншылық, қамқоршылық мәселелері бойынша отбасылармен алдын алу жұмыстарын жүргізу болып табылады.
Отбасылық кеңес құрамына:
жергілікті атқарушы орган;
азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі;
қорғаншылық, қамқоршылық орган өкілдерімен қатар;
кәсіби медиатор;
білікті заңгер;психолог-маман енгізіліп, аталған мамандар жүгінген тұлғаларға құқықтық, әлеуметтік және психологиялық көмек көрсетеді.
Өткен жылы Жаңақорған аудандық сотында неке бұзу санатында 98 азаматтық іс қаралса, оның 78 бойынша тараптардың некесі бұзылып, 20 іс бойынша сотпен жүргізілген татуластыру рәсімдерінің негізінде ерлі-зайыптылар татуласып, неке сақталған.
Ал осы жылдың 9 айының өзінде бұл санатта 75 азаматтық іс қаралып, нәтижесінде 52 іс бойынша неке бұзылып, 23 отбасы татулыққа қол жеткізіп, әрі қарай бірлесіп өмір сүруге шешім қабылдаған.
Бұл көрсеткіштен некесін бұзуға ниеттенген азаматтардың санының азаймағанын байқауға болады.
Алайда жоғарыда аталған Отбасылық кеңес осындай азаматтарға отбасының адам баласының түп қазығы, алтын ұясы екенін ұғындырып, олар үшін ең қымбат қазынасы-отбасын сақтап қалуына, отбасы құндылықтарының сақталуына ықпал етеді деп сенеміз.
Жаңақорған аудандық
сотының төрағасы
А.Түбекбаева