Жаңақорғанда отбасылық кеңес отырысы өткізілді
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотымен қоғамдағы даукестіктің деңгейін төмендету мақсатында «Татуласу:сотқа дейін, сотта», отбасылық даулардың алдын алу үшін «Отбасылық сот» пилоттық жобалары жүзеге асырылуда.
Қазіргі уақытта соттарға түсетін некені бұзу, алимент өндіру, ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкін бөлу жайлы талап қою арыздарының саны артып, шағын мемлекет саналатын отбасылардың бұзылуына Жоғарғы Сот алаңдаушылық танытуда.
Осы орайда Жоғарғы Сот Төрағасы Ж.Қ.Асанов облыстық және оған теңестірілген соттарға әкімдіктер жанынан (келісім бойынша) отбасы дауларын алдын ала реттейтін отбасылық кеңес органдарын құрып, оған қорғаншы және қамқоршы органдарын, медиаторларды, психологтарды, адвокаттарды қатыстырып, олардың жұмысын үйлестіруге жастар ісі жөніндегі басқармаларды (бөлімдерді)тартуды ұсынған болатын.
Аталған ұсыныс негізінде Жаңақорған аудандық сотының бастамасымен Жаңақорған ауданы әкімі С.Ы.Мақашовтың 2019 жылғы 6 желтоқсандағы өкімімен отбасы дауларын алдын ала реттейтін отбасылық кеңес құрылды.
Кеңеске аудан әкімінің орынбасары Ғ.Ж.Сопбеков төрағалық етеді. Кеңес мүшелігіне азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің, аудандық білім бөлімінің «қорғаншы және қамқоршы органының, жастар ресурстық орталығының өкілдері, кәсіби медиатор, адвокат , психолог маман енгізілді.
Отбасылық кеңес отбасын құруды көздеген жастармен ерлі-зайыптылықтың ерекшеліктері бойынша кеңестер және некені бұзуға ниеттенген азаматтармен, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған отбасылармен профилактикалық және психологиялық тұрғыда әңгімелер жүргізіп, құқықтық кеңес береді.
Отбасылық кеңестің жұмысын жүргізу, азаматтарды отбасылық мәселелермен қабылдау мақсатында аудан әкімдігі Жаңақорған кенті орталығынан арнайыорын ашып, кеңестің қабылдау күндерін қосымша әлеуметтік желі, бұқаралық ақапарат құралдары арқылы аудан халқына хабарлайтын болады.
Бүгін аудан әкімдігінде өткен отбасылық кеңестің алғашқы отырысына кеңес төрағасы Ғ.Ж.Сопбеков, кеңес мүшелері, аудандық сот төрағасы Ә.Б.Түбекбаева, аудандық «Билер кеңесінің» мүшелері, жергілікті «Жаңақорған тынысы» газетінің өкілі қатысты.
Отырыста кеңес төрағасы Ғ.Ж.Сопбеков аудан әкімінің өкімі негізінде сайланған кеңес мүшелерін таныстырып, Кеңестің ережесі, атқарылатын жұмыстарды пысықтады.
Сот төрағасы Ә.Б.Түбекбаева, азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің бас маманы Г.А.Абдуллаева отбасылық құқықтық қатынастардан туындайтын дауларға қатысты мәселелерге, статистикалық мәліметтерге тоқталып, кеңестің жұмысын жандандыру бойынша ұсыныстарын жеткізді.
Өз кезегінде сот саласының ардагері, «Билер кеңесінің» мүшелері К.Көпесова, С.Ыдырысов қоғамда кеңінен орын алған отбасы дауларын сотқа дейін реттеудің тиімді тәсілдерін ұсынды.
Отбасы дауларын алдын ала реттейтін отбасылық кеңес халық арасында отбасын бақытқа жетелейтін құндылықтардың түсінігін ашуға немесе бағалауға бағыт бағдар беретін орган ретінде қоғамдағы отбасылық даулардың алдын алып, отбасы құндылықтарының сақталуына септігін тигізеді деп күтілуде.
Жаңақорған аудандық соты