» » Балалар неге тәртіпсіз?

Балалар неге тәртіпсіз?


Уақыт озған сайын құндылықтар жаңғырып, жаңарып отырады екен. Осыдан 10-15 жыл бұрынғы тәртіп пен тағылым басқа арна тартты. Мұны неге айтып отырмын?
Біз мектеп оқыған кезде өзінен жоғары сыныпта оқитын ағаларды құрметтеу басым еді. Ал қазір мұндай сыйластықтың нышанын көре бермейміз.
Тіпті құрдастар арасындағы кішігірім кикілжің үлкен дау-дамайға ұласып жататынына куә болып жүрміз. Әрине, жасөспірімдердің заң аясында өз құқығын қорғағаны дұрыс, алайда оны екеуара уағдаластықпен шешуге болады ғой! Айтқым келгені, біздің қатарластарымыздың осы дағдыға иек артатын еді. Жақында жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықты алдын алу мақсатында рейд жұмысына шықтық.


– Түнгі рейдтік жұмыстар кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдағы қылмыстың алдын алуда аса маңызды. Сол себепті, аудан әкімінің басшылығымен «Жастар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық пен қылмыстылықтың алдын-алу мақсатында атқаруға тиісті бірлескен іс-шаралардың жұмыс жоспары» бекітілді. Іс-шара жоспарына сәйкес аудандық ішкі саясат, білім, полиция бөлімдері мен жастар ресурстық орталығы қызметкерлерінің қатысуымен рейдтік жұмыстар жүргізілді, – деді жастар ресурстық орталығының директоры Наурызбай Орынбасаров.
Аудан орталығында жүргізілген түнгі рейдтік шара барысында үй-жайынан тыс жерде заңды өкілдерінсіз жүрген жасөспірімдерге ескерту жасалынып, үйлеріне қайтарылды. Жастар көп жиналатын компьютерлік ойынханалар мен мейрамханаларда жеке кәсіпкерлерге түнгі сағат 22.00-ден кейін кәмелетке толмаған жасөспірімдерді заңды өкілдерінсіз кіргізбеу керектігін ескертіп, оларға мүлдем темекі бұйымдары мен спиртті ішімдіктерді сатуға болмайтындығы жайында түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Айта кетейік, карантиндік режимін сақтамағаны үшін ҚР ӘҚтК-нің 425 бабы қарастырылса, кәмелетке толмағандардың түнгі мезгілде ойын-сауық мекемелерінде болуы 442 баптың 1 бөлігінде қаралып ата-анасына 3 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл салынады. Ал, ойынхана иесіне кәмелетке толмағандарды кіргізгені үшін 132 бап 1 бөлігімен 10 АЕК-тен 120 АЕК-ге дейін айыппұл қарастырылған. Бұл 25 мыңнан 300 мың теңгеге дейін деген сөз.
Одан бөлек, мектеп қабырғаларында түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, Жайылмадағы мектеп-гимназияда, №55 С.Қожанов атындағы білім ұйымында кәмелетке толмағандар арасында түсіндірме жұмысы жүргізілді. Кез келген ата-ана бауыр еті баласына тәлімді тәрбие беруге тырысады. Тек сырт пен ортаның салдарынан, қараусыз қалған жағдайдан көп жас өскін бұзақылыққа барып жатады.
– Аудан көлеміндегі мектептерде 20 мыңға жуық оқушы, аграрлы-техникалық колледжінде 600-дей студент болса, ювеналды полиция тобында 7 қызметкер, оның 6-уы кент орталығындағы мектептерге бекітілсе, 1-і Төменарық елді-мекеніне бекітілген. Жыл басынан бері кәмелетке толмаған жасөспірімдердің қатысуымен орын алған әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, барлығының ата-анасына шара көрілді. Дегенмен біздің тарапымыздан рейд, кездесулер ұйымдастырылып тұрады, – деді ювеналды полиция тобының аға инспекторы Қайыржан Үсенов.
Екінші бір жағынан, балаларға көрсетілетін жәбір, зорлық-зомбылық та көбейді. Былтыр жасөспірімдерге жасалған жағдай көптің жағасын ұстатты. Бұл қоғам болып күресетін мәселе, ал, балалар ең алдымен ата-ананың қарауында. Ұяда қандай тәрбие көрсе, ұшқанда да сол тәрбиені бойына сіңіріп, келешегіне де сол жолмен із салатыны анық.
13 қазан 2021 ж. 455 0