№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Қазақ ет жемейтін болған ба?

Қазақ ет жемейтін болған ба?


Сіз. И-ә, сізді айтамын! Етті қанша ай жемей жүре алар едіңіз?! Бәлкім бір күн немесе бір апта. Әй, қайдам-ау бір апта етсіз ас жесеңіз, жұғымсыз, нәрсіз санап, көңіл-күйіңіз түсетін шығар. Бірақ нарықтың қос бүйірден қысқаны соншалықты етсіз мәзірге үйреніп келеміз. Бұл – еттен бас тартқаннан емес, қымбатшылықтан деп түйдік. Содан болар, бұрын табақ-табақ ет асатын ағайын бүгінде үнемдеп жеуге көшкен. Әйтпегенде ше, дүкен сөрелеріндегі сиыр етінің келісі 2000-2200 теңгеден кем емес. Отбасылық табысы аз, 70-80 мың теңгені талғажау етіп отырғандар қазір сүйек-саяқты сатып алып, сорпа қылуға мәжбүр.


Бірде қоғамдық көлікте келе жатып, өзара әңгіме барысында екі әйелдің әңгімесін құлағым шалып қалды. Бірі 6 айдан бері ет жемегенін айтса, екіншісі тауық етін жұбаныш етіп жүргенін сөз етті. Іштей көңілім құлазыды. «Апыр-ай, етсіз қалай ас ішіп отыр?» деген ой қылаң берді. Өйткені, ет пен қазақ егіз ұғым секілді. Әлбетті, әр ұлттың өзіне тән тағамдары бар. Айталық, өзбектер – палауды, орыстар – боршты, жапондар – күрішті, қытайлар – бақа-шаянды көбірек пайдаланады. Ал, қазақтар ет тағамдарын тұтынып, негізгі өнімге айналдырды. Бірақ, ұлттық тағамымызға айналған етті көпшілігі өңінде емес, түсінде жеп жүргені алаңдатады. Соңғы айдағы көрсеткіш бойынша, елімізде еттің барлық түрі қымбаттап, жыл басынан бері құны орташа есеппен 13 пайызға өсіпті. Тіпті, фермерлер күзге қарай 1 келі ет 4 000 теңгеге дейін өсуі ықтимал деп болжауда. Жалақысы түссе, базарға жүгіретін халықтың қалтасына бір асым ет алудың өзі айтарлықтай салмақ түсіреді. Былтыр сиыр етінің келісі 1800 теңгенің төңірегінде болса, биыл 200 теңгеге қымбаттаған. Қойдың еті де 2200 теңгеге жеткен. Тіпті, тауықтың сирағы да 1 жылда 18,6 пайызға қымбаттап, 1000 теңгеге жетіпті.
Қызық, мына деректерді көргенде еріксіз жағамды ұстадым. 2019 жылы еліміз шетелге 53 мың тонна таза ет экспорттаса, 2020 жылы 55 мың тоннаны жөнелтіпті. Ет өнімдерінің экспорты да 10 мың тоннадан асып жығылды. Ауыл шаруашылығының экс-министр Сапархан Омаровтың сөзінше, әрине, ішкі нарыққа экспорттың әсері бар. Мәселен, қазір біз ет экспортын жақсы жолға қойдық. Бұл ретте жасыратын ештеңе жоқ, Өзбекстан біздің етімізді алып жатыр. Сол себепті елде ет бағасы көтеріліп келеді. Бірақ екінші жағынан біз ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортына шектеу қоятын болсақ, мәселен, ет пен ұнға, онда сыртқы нарықты жоғалтып аламыз.
Осы мақаланы жазу барысында, сан алуан ақпараттарға қанық болдым. Әсіресе, өткен бір жыл ішінде шетелге экспортталған 156 мың бас ірі қараның 122 мыңы көрші Өзбекстанға кеткен. Сондай-ақ былтыр экспортталған 264 мың қойдың 200 мыңнан астамын алашапандылар алған.
Сөйтсек, көрші елде мал басын көбейту жөнінде арнайы бағдарлама қабылданыпты. Соған сәйкес өзбек фермерлері нөлдік пайызбен мемле­кеттен арзан несие алып мал басын көбейтуге кіріскен. Міне, кәсіпкерлерді қолдау осылай жүзеге асса керек-ті.
Ал, біздің ауданымызда да ет бағасы қалтаға әжептәуір салмақ түсіріп тұр. Бұл сөзімізді тұрғындар да қуаттап отыр. Мәселен, Асқар Есенқабылов айлығы­ның тұтастай етке кететін жасырмады.
– Расында бізде ет қымбат. Кейде мал басының көптігімен мақтанап жатқанда, іштей қынжыламын. Шыны керек, қазір жалақымның басым көпшілігі етке жұмсалады. Бір жілік ет алсаң, 35-40 мың теңге, біл жілік ет бір айға жетсе жақсы. Кемінде, екі жілік ет жейміз. Айлығымды аламын да етке таратып беремін. Осыдан 2-3 жыл бұрын 15-20 мың теңгеге біраз ет алуға болатын еді. Қазір бір жапырақ ет алсаң, 10 мың теңгеге шығып кетеді. Қанымызға сіңген қасиет қой, тамақтың ішінде қара түйір ет жүрмесе, ішкеніміз бойға сіңбейтіндей, қайта-қайта қарнымыз ашады. Етсіз ас ішсек, көңіл-күйіміз болмай, тоңазытқышты жүз рет ашып-жабамыз. Кейде, келіндер үнем болсын деп арасында тауық етін алып жатады, қазір оның өзі қымбат, бір аяғын алсаң 1200-1300 теңгеге жетіп жығылады. Бір-екі сирағын алсаң, 2 000 теңгеге барады. Оның бір дәмі де, татуы да жоқ.
Міне, бұрын табақ-табақ ет аспаса асқазаны жұбана қоймайтын ағайын бүгінде үнемдеп жеуге көшкен. Бұл сөзімізді ет сатушы Әлия Қалмырза да дәлелдей түсті.

– Бізде мал көп деп мақтанамыз. Бірақ одан қандай пайда бар, өз нарығымызды өзіміз реттей алмасақ. Түркістанда мал қымбаттаса, бізде ет қымбаттайды. Біз алыпсатармыз ғой, кейде өзіміз байлаймыз. Мал байлау оңай болмай тұр. Жем-шөп қымбаттады. Бұрынғыға қарағанда ет алатындардың саны азайды. Басым көпшілігі, еттен ажыраған сүйектерді арзан бағада алып, сорпа қайнатып ішеді. Шыны керек, қара кесек еттен гөрі сүйекке сұраныс артты. Тіпті, алдын ала маған бір қалтасын алып қойыңызшы деп ақшасын да төлеп кетеді. Сол себепті де, бізде етті көп әкелмейміз. Естуімше, сапалы еттің бәрі экспортқа кетіп жатыр. Бағаны негізсіз көтеріп жібердің деп ренжіп жатқандар көп. Көтермеске шара бар ма? Таңнан қара кешке дейін қыста суық жерде, жазда ыстыққа күйіп тұрамыз. Сауда бірде бар, бірде жоқ. Кейде сататын мал таппай, қол қусырып отырып қалатынымыз бар. Бала-шағаның несібесі үшін жүргендіктен еңбегіміз ақталса дейміз, – дейді сатушы.
Қайтарымсыз грант, төмен пай­ызды, несие алғандар қаржыны мал бордақылауға жұмсайды. Қыркеңседегі кәсіпкер Серік Мырзабаевпен осы туралы сөйлестік.
– Біздің цехта жүзге жуық баспақ, 60-70 бас жылқы тұр. Негізі, 1000 басқа дейін мал бордақылау, союға мүмкіндік бар. Қазір цех жұмысы бір жүйеге түсті. Күніне 2-3-тен аса мал соямыз. Биыл жағдай оңай болмай тұр ғой. Көбіне мекеме мен кәсіпорындардан тапсырыс түседі. Жақын елді мекен тұрғындарына да есік ашық. Ірі қара мен жылқысын соямын деген ағайынға біздің көмегіміз әзір. Қазір халық әбден үйрене бастады. Тұрақты тапсырыс берушілер бар, көпшілік үйренген – дейді цех иесі.
Бір сөзбен айтқада, бағаның күрт көтерілуі Қазақстанда ет жейтіндердің қатарын азайтты. Айталық, биылғы жылдың бірінші тоқсанында жан басына шаққанда желінген еттің көлемі 2 пайызға төмендеген. Орта есеппен бір қазақстандық 19,1 келі ет тұтыныпты. Мамандардың айтуынша, шаңырақта адамдар саны көбейген сайын ет тұтыну көлемі соғұрлым азаятын көрінеді. Мәселен, екі мүшесі бар отбасыларда әр адам орта есеппен 27 келі ет тұтынса, үш адам – 21,6 келі, төрт адам – 17,5 келі, бес және одан көп мүшесі бар отбасыларда жан басына шаққанда 14,6 келі ет және ет өнімдерін қажет етеді. Осындай деректерге қарап, ет көп ұзамай тек мереке күндері ғана болатын дәмді тағамға айналатындай әсер береді.

Әсел РЗАЕВА
10 тамыз 2021 ж. 710 0