№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Еңбекті ел таразылайды

Еңбекті ел таразылайды

Қандай іске де – халық таразы. Иә, басшылардың бастамаларын ел салыстыра саралап, үлгілі тұстарын өнеге етіп, дәріптеп жүреді. Мұндай жоталы сөздерді ауыл-ауылды аралаған кезде тұрғындардың аузынан жиі естиміз. Әсіресе, аудан әкімдерінің халыққа жасаған қайырымын жиі еске алады. Бірақ бұл жолы аудан басшыларын емес, ауыл әкімдері жайлы сөз етсек. Себебі 10-20 жылдай әкімнің жылы орынтағында отырған бірнеше әкім басқа қызметке ауысты. Олардың артында қандай із қалды?
Егемендік алғаннан кейін енгізілген әкімдік басқару институтының бұрынғы партиялық басқару құрылымынан басты айырмашылығы – халыққа жақын болуында. Бірақ осы жақындықтың парқын ұғып, есеп беретін кез болатын ұмытқан басшылар жоқ емес, арамызда жүр. Солардың ағайынға бұра тартқан істерінің нәтижесінде ауданда жер дауы және т.б мәселелер қалыптасты.
Әуелі Қожамберді ауылдық округінің бұрынғы әкімі Молдахмет Нәлібаевтан бастасақ, қожамберділік оның еңбегін жоғары бағалады. Ол әкім болған жылдарында елді мекеннің аяқ сумен қамтылуы шешілді. Әрине, жолға асфальт төсеу, әлеуметтік нысандар салу, инвестиция тарту аудан және облыс әкімінің араласуымен шешіледі. Дегенмен жергілікті жерде жобаның маңызын байыптап жатса басшылар мойын бұрып, мәселенің шешілуіне ықтиыр танытатыны белгілі. Міне, Қожамберді ауылдық округінде мектеп, әкімдіктің ғимараты, медициналық бекеттің салынуы осындай жұмыстың нәтижесі деуге болады. Ағайынның ауызбірішілігін арттырып, абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарын жүргізуде ептілік таныта білді.
Ауданда ер азаматтар бірге жауапкершілік жүгін көтеріп жүрген әйелдер бар. 2015-2019 жылы Қандөз ауылдық округінде әкім қызметін атқарған Роза Исаеваны айтуға болады. Ел басқару ісінде ептілігін көрсетіп, мемлекеттік бағдармалардың жергілікті деңгейде тиімді шешілуінде белсенділік танытты.
Қандөз ауылдық округі әкімдігінің ғимараты бой көтеруінде Р.Исаеваның еңбегі сіңді. Атадан мал қалғанша, тал қалсын демей ме, ауылға кіре беріс жолдың екі жиегін жағалай тал отырғызып, бүгінде ауылға кіріп шыққан ағайын жасыл желекпен өтеді. Одан агро-индустриялық аймақ құрып, ауыл азаматтары егіннен несібе теруге мүмкіндік істеді.
Әлбетте, жақсы басшы қашанда елдің тірлігі мен берекесінің сәнін келтіреді. Ал Ақүйік ауылдық округінің бұрынғы әкімі Әскер Мұсаев өзінің ұйымдастырушылық қабілетімен ерекшеленді.
Бірлігі жарасқан, түтіні түзу, шаруасы ширақ ауылда тындырымды тірлік көп. Аудан көлемінде алғашқы болып округ тіректі ауыл болып тіркелгеннің бірі осы – Ақүйік. Ауыл халқының көптен тілеуі көгілдір отын мен балабақша салу еді. Мұның да түйіні тарқатылып, «Nur Otan» партиясы тікелей қадағалауына алды. Елді мекенде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында спорт кешені, амбулатория бой көтерді.
Жалпы 11 көшенің жетеуі асфальтталып, 4 көше жарықтанып, 2 көшеге жаңа трансформатор қойылған. Сондай-ақ, 2016 жылдан бастап агро-индустриялық аймақ құрылып, ауыл тұрғындары егін шаруашылығына бет бұрды. Жеке инвестиция тарту мақсатында Батыс-Қытай, Батыс-Еуропа жолының бойынан көкөніс сақтау қоймасы салынды. Мұның бәрі елді мекенде жұмыссыздық деңгейін қысқартуға және әлеуметтің әлеуетін көтеруге бағытталды.
Қыраш ауылындағы ағайынның көңіл-күйі жақсы. Себебі ауылға көгілдір отын келеді. Бұл – қала мен ауыл халқының тұрмыстық деңгейін теңестіре түсетін жоба. Қыраш ауылдық округінің әкімі қызметін атқарған Сәруар Биімбетовтың сөзінен бірінші кезекте көшені жарықтандыруға және көше құрылысына басымдық бергенін көруге болады. Округте шағын және орта кәсіпкерлердің санын арттыруға бағытталған жобалар іске асырылуда. Тұрғындардың бүгінгі тілегі клуб үйінің талапқа сай еместігі мен балабақшаның бүгінгі жай-күйі алаңдатады.
Бұрынғы әкімдердің де, бүгінгі әкімдердің де еңбегіне халық шынайы бағасын береді. Әсіресе әлеуметтің әлеуетін арттыруға бағытталған, оның ішінде, шағын және орта бизнес, мал және егін шаруашылығын дамыту бағытындағы бастамаларды ауыл
әкімдері біліктілігі мен білімі жеткен деңгейде орындап жатады. Тіпті нақты бағдар көрсетілсе де қозғалуы ауыр әкімдер де бар. Көбіне жергілікті деңгейде шешілуі тиіс мәселелерді аудан басшысының назарына ұсынып, ауыл әкімдері өзінің біліксіздігін танытып жатады. Оның бәрін халық жақсы біледі.
Әрине, ондаған жылдар бойы әкім болса да, артында қалған ізі мен өнегелі ісін көре алмайсың. Ең өкініштісі де осы. Жоғарыда жазылған әкімдердің қай ісі халықтың жадында сақталады, бұл да уақыттың еншісіндегі іс.
Бір білетініміз, біздің жергілікті әкімдер халықшыл бастамаларымен мақтана алмайды. Айтқанда да, әкім ретінде күнделікті атқаруы тиіс істерді алға тартады.
Биыл ауданда 13 ауылдық округтің әкімін халық таңдайды. Ал, халық таңдайтын сайлауға тек қолынан іс келетін таңдаулылардың қатысқаны дұрыс деп ойлаймыз. Біздікі ұсыныс ғана.
Айта кететіні, экс-әкімдер туралы топтама алдағы уақытта да жалғасын табады.
Бір түйгеніміз, қандай әкім болмасын, оның жамаған жұмысына халық баға береді. Яғни еңбекті ел таразылайды.
Әсел РЗАЕВА
29 маусым 2021 ж. 528 0