Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Әкімдер әлеуметтік желіде байланыста

Әкімдер әлеуметтік желіде байланыста


Әкім әлеуметпен етене жақын араласып, халықтың мұң-мұқтажын, талап-тілегін біліп отыруы тиіс. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында осыны талап етті. Елде түрлі оқиғалар орын алып жатқан уақытта қоғамның тамырын басып, диагнозын дөп қою маңызды. Осы жөнінде сөз етсек.


Ауыл әкімдерінің жұмысына халық берген бағаны саралап, түйіндеп отыруды дағдыға айналдырдық. Қазақта «әкім бол, халқыңа жақын бол» деген сөз бекерге айтылмаған. Өйткені ақ жағалылар ішінде қарашамен жұмыс істейтіндер – осы әкімдер. Расында ел басқару ісі оңай емес. Ал көптің көңілінен шығу үшін елшілдік қарекет қажет.
Жұртшылық арасында «Әкім» сөзіндегі төрт әріп «әділдік», «кішіпейілділік», «іскерлік», «мей­ірімділік» атты төрт ұғымды білдіреді деген сөз бар. Ауылдан облысқа дейінгі қолына билік тізгіні сеніп тапсырылған лауазым иелерінің бойларынан халық тап осындай тамаша қасиеттерді көргісі келетіндігі анық. Тек сол төрт талап үдесінен түгел көрініп, абырой-беделге бөленіп жүрген әкімдердің саусақпен санарлық екендігі де жасырын емес.
Президент мемлекеттік қызмет­шілерге халықпен жақын болуды тапсырып, заманауи коммуникация құралдарын кеңінен қолдануға кеңес бергені сол еді, әр өңірдегі түрлі деңгейдегі әкімдер мен басқарма басшылары әлеуметтік желілерге жаппай тіркеле бастады. Алайда, бұл мәселеге ауыл әкімдері бас ауыртатын емес. Сондықтан, аудандағы ахуалға оралып көрейік. Аудан басшысы Сұлтан Ысқақұлы жыл басындағы әкімдердің халыққа есеп беруінде ауыл жұртына жылдағы есепті күтпей түйінді мәселелерді ортаға салып отыруды айтқан болатын. Яғни ай сайын ауыл басшылары халық алдында есеп беріп отыруы тиістігін ескертті, әрі өзі де тоқсан сайын ауылдағы ағайынның ахуалын білуге келетінін айтқан.
Қазір аудандағы көп мәселелер «Facebook» арқылы талқыланатын болды. Аудан әкімінің баспасөз хатшысы Нұрбол Бакиров осы туралы айтып берді.
– Қандай мәселені болмасын қазір осы әлеуметтік желі арқылы ақпараттандыру дағды­ға айналып келеді. Әкімдік тарапынан атқарылатын жұмыстар, хабарландырулар мен сауалдарды парақшадан табуға болады. Сондықтан, ауыл басшыларына көштен қалмау маңызды. Аудан басшысы осыны тапсырды, – деді ол.
Бұл Сұлтан Мақашовтың тап­сырмасы емес, Мемлекет басшысының пәрмені. Әрине, әкімдердің халыққа жақындығы мен нақты жұмысын әлеуметтік желі арқылы өлшеу нақты индикатор болмауы мүмкін. Елмен етене еңбек етіп, тұрғындар тарапынан қолдау тауып жүрген ауыл әкімдері жоқ емес. Есептік кездесулерде ауыл тұрғындарының арыз-шағымының өзі барлық мәселені көрсетіп береді. Көпшілік келгеніне көп болмаса да аудан әкімінен қыруар жұмыс күтеді. Оның ішінде жаяу жүргінші жолы, автомобиль жолы, ауыз су және тағы басқалар бар.
– Нарықтық қоғамда ел үшін еңбек етіп, халықтың ықыласына бөленуде азаматтық іскерлік пен кәсіби біліктілік қажет. Ел басқару екінің біріне бұйыра бермейтін бақ. Сондықтан, әкімдер халыққа адал қызмет қылу әкімдерге үлкен сынақ, – деді Асқарәлі қария.
Иә, елдің өзі таңдап қойған тұлғалардың көп сенімінен шыға білуі оңай шаруа емес. Алайда әкімдер ел сенімін арқалаудың жауапкершілігін сезінуі қажет. Осы тұрғыда интернет желісіндегі әкімдер белсенділігі қандай?
Айта кететіні, жоғары жылдам­дықты интернет желісі ауылдарда қолжетімді. Тек Көктөбеде ғана интернет мәселесі шешілмей тұр. Шыны керек, қазір аудан басшысы әлеуметтік желіде белсенді. Одан бөлек, Жайылма ауылдық округінің әкімі Талғат Зейдалиев пен Аққорған ауылдық округінің әкімі Сардар Садықов түрлі постарға пікір білдіріп, ойларын ашық айтып, тұрғындардың сұрақтарына жауап қатып отырады. «Facebook»-тегі әкімдердің жеке парақшасын ақтарып көргеннен түйгеніміз осы. Кейбірінде парақша да жоқ. Қожакент ауылдық округі әкімінің парақшасы белсенді екенін көруге болады. Онда ауыл кітапханашысы Алмагүл Рүстемова күнделікті шараларды жүктеп отырғанын көріп, ауыл тынысымен танысып отырамыз. Сол секілді Қыркеңсе, Өзгент, Жаңарық пен Талап ауылдық округінде де осындай белсенділік бар. Осындайда бес саусақ бірдей емес деген сөз ойға түседі.
– Өзгелерге үлгі болатындай әкімдер белсенділігі аса байқалмайды. Дегенмен, әр әкім шама-шарқынша жұмыс атқарып жатыр. Әлеуметтік желіні әкімдер жиі қолданбаса да, мамандары айналысуына болады ғой. Сондықтан, аудан әкімдігі тарапынан сараптама жасалынып тұрады. Әрі, нақты тапсырмалар берілуде, – деді ішкі саясат бөлімінің басшысы Әбілғазы Төлегенов.
Оның сөзінше, Қожакент, Жайылма, Талап, Қыркеңсе мен Өзгент ауылының қатарына биыл Төменарық, Жаңарық қосылыпты. Ал, Жаңақорған кентінің жұмысын әлі де жандандыру керектігін жеткізді. Себебі, салық өндіру және өзге көрсеткіш төмен екені рас. Бұл өткен жылдардағы олқылық болатын. Енді жаңа әкімге артылар сенім көп. Міне, біз рейтинг бойынша сөз қозғадық, енді алдағы уақытта да осы тізімді жаңартып, аудан әкімдігі ұсынатын нақты деректерді жариялап отыратын боламыз. Біз бүгін көштің басын сөз еттік, келесіде көш соңындағы ауылдарға тоқталатын боламыз.

P.S.: Айта кететіні, Президент есеп берудің жаңа формасын бекітті. Енді әкімдер әлеуметтік желідегі белсенділігін арттырып, халыққа етене жақындай түсуі тиіс. Себебі есеп берудің жаңартылған формасы осыны талап етеді.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
03 наурыз 2020 ж. 529 0