ӘКІМДЕР ХАЛЫҚҚА ЖАҚЫН БА?
«Әкімдердің жұмысын нақты проблемаларды шешу нәтижелері бойынша бағалайтын боламын». Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдер қызметіне осылай баға беретінін айтты. Ақордада аймақ басшыларымен кездесу барысында Мемлекет басшысы өзекті мәселелерді шешу жолында жаңа міндеттер қойды. Әсіресе, халықпен жақын болып, әлеуметтік желі арқылы олардың сұрақтарына жауап беруді міндеттеді. Яғни, ашықтық пен жариялылықты кеңінен насихаттап, жүйелі жұмыс жасауды тапсырды.
Қазақта «әкім бол, халқыңа жақын бол» деген сөз бекерге айтылмаған. Ақ жағалылар ішінде қара халықпен жұмыс істейтіндер – әкімдер. Әсіресе, аудан басшылары, ауылдық округтің әкімдері тікелей халықпен жұмыс жасайды. Олардың мұң-мұқтажын біліп, жоқ-жітігін түгендеп отыратындар да солар болуы тиіс. Бүгінгі заманда ел басқару оңай емес, көптің көңілінен шығу қиын.
Жұртшылық арасында «Әкім» сөзіндегі төрт әріп «әділдік, кішіпейілділік, іскерлік, мейірімділік» атты төрт ұғымды білдіреді деген пікір бар. Ауылдан облысқа дейінгі қолына билік тізгіні сеніп тапсырылған лауазым иелерінің бойларынан халық тап осындай тамаша қасиеттерді көргісі келетіндігі анық. Тек сол төрт талап үдесінен түгел көрініп, абырой-беделге бөленіп жүрген әкімдердің саусақпен санарлық екендігі жасырын емес.
Президент мемлекеттік қызметшілерге халықпен жақын болуды тапсырып, заманауи коммуникация құралдарын кеңінен қолдануға кеңес бергені сол еді, әр өңірдегі түрлі деңгейдегі әкімдер мен басқарма басшылары әлеуметтік желілерге жаппай тіркеле бастады. Алайда, бұл мәселеге ауыл әкімдері бас ауыртатын емес. Сондықтан, аудандағы ахуалға оралып көрейік.
Аудан басшысы Ғалым Махмұтбайұлы жыл басындағы әкімдердің халыққа есеп беруінде ауыл жұртына жылдағы есепті күтпей түйінді мәселелерді ортаға салып отыруды айтқан болатын. Себебі, аудан әкімдігінің арнайы сайтында тұрғындардан түскен өтініштер мен сауалдарға уақтылы жауап беретін мамандар бар. Десе де, тұрғындардан белсенділік байқалмайды. Осындайда ауылдағы ағайынның тұрмысы түзеліп, әлеуеті артып жатқандай әсер қалдырады. Интернет демекші, Сыр беткейдегі шалғай ауылдар Көктөбе, Қандөз және Қаратөбеде әлеуметтік желіге кіру тіпті мүмкін емес. Міне, тұрғындардың бірінші мәселесі осы.
Қазір аудандағы көп мәселелер «Facebook» арқылы талқыланатын болды. Аудан әкімінің баспасөз хатшысы Нұрбол Бакиров бұл туралы нақты айтып берді.
– Қандай мәселені болмасын қазір осы әлеуметтік желі арқылы жариялайтындар тым көп. Әкімдік тарапынан атқарылатын жұмыстар, хабарландырулар мен сауалдарды да осы парақшадан табуға болады. Сондықтан, ауыл басшыларына көштен қалмау тапсырылды. Нәтиже жаман емес, – деді ол.
Әрине, әкімдердің халыққа жақындығы мен нақты жұмысын әлеуметтік желі арқылы өлшеу ерсі көрінуі мүмкін. Рас, елмен етене еңбек етіп, тұрғындар тарапынан қолдау тауып жүрген ауыл әкімдері жоқ емес. Есептік кездесулерде ауыл тұрғындарының арыз-шағымының өзі барлық мәселені көрсетіп береді.
– Нарықтық заманда ел үшін еңбек етіп, халықтың қошеметіне бөлену үлкен ерлікпен пара-пар. Ел басқару екінің біріне бұйыра бермейтін бақ. Сондықтан, осы бақты ұстап тұру, халыққа адал қызмет қылу әкімдерге үлкен сынақ, – деді Наятілла қария.
Иә, расында елдің өзі таңдап қойған тұлғалардың көп сенімінен шыға білуі оңай шаруа емес. Алайда, әкімдер ел сенімін арқалаудың жауапкершілігін сезінуі қажет. Осы тұрғыда интернет желісіндегі әкімдер белсенділігі қандай?
– Өзгелерге үлгі болатындай әкімдер белсенділігі аса байқалмайды. Дегенмен, әр әкім шама-шарқынша жұмыс атқарып жатыр. Әлеуметтік желіні әкімдер жиі қолданбаса да, мамандары айналысуына болады ғой. Сондықтан, аудан әкімдігі тарапынан сараптама жасалынып тұрады. Әрі, нақты тапсырмалар берілуде, – деген аудан әкімінің баспасөз хатшысы үздік бес әкім мен белсенді әкімдікті атап берді.
Олар: Қожакент, Жайылма, Талап ауылдық округі, Қыркеңсе мен Өзгент ауылы. Айта кетейік, бұл талдау интернет желісіндегі ауылдық округ әкімдіктерінің қаншалықты белсенді жұмыс жасайтынын көрсетіп берді. Ал, Жаңақорған кентінің жұмысын әлі де жандандыру керектігін жеткізді. Себебі, салық өндіру және өзге көрсеткіш төмен екені рас. Міне, біз рейтинг бойынша сөз қозғадық, енді алдағы уақытта да осы тізімді жаңартып, аудан әкімдігі ұсынатын нақты деректерді жариялап отыратын боламыз. Біз бүгін көштің басын сөз еттік, келесіде көш соңындағы ауылдарға тоқталатын боламыз.
ТҮЙІН. «Көшбасшы болмаса, ел оңбайды» демей ме көреген халық. Әкім болу әр адамның ісі, халқына жақын болу нар адамның ісі. Сондай нар тұлғалы азамат, ел қамын ойлаған адал жанға айналуды азаматтық парыз деген тұлға ғана елінің ертеңіне сара жол салары анық. Тоқаев тапсырма берді, енді әкімдер ел үшін ерінбей еңбек етуі тиіс. Қалғаны уақыт еншісінде...
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ.