Генпати: ұл ма, қыз ба?
Бүгінгі күні қазақ қоғамына жат нешетүрлі салт-сана ой-қиялымызға құрық салуда. Атадан қалған салт болмаса да дәстүр қоржынымыз бұрын естіп білмеген дағдымен толығуда. Басқосудың мазмұнына тоқталсақ, жүктілігіне көз жеткізген қалыңдықтың ішіндегі ұл не қыз екенін ажыратуға арналған шоу екен.
Заман өзгерді, тойлатудың небір түрін көз көрді. Жатырдағы баланың жынысын анықтау да ұлан-асыр тойға айналғалы біраз болды. Жастар арасындағы дүниеге келетін сәбидің ұл не қыз екенін шоуда жарылатын шардың ішінен шығатын қызыл немесе көк түске боялған түрлі затқа қарап біледі екенсің. Осы ретте үлкен кісілер арасында жарық дүние есігін енді ашатын нәрестенің жынысын УЗИ-ге барып білуге болмай ма деген ой қалыптасуы мүмкін. Бірақ олар бұл үрдістің үлкен шоуға айналғанын қайдан білсін! Шарды жарып, аспанға от шашып, тәтті тортпен шыр етіп өмірге келер шақалақтың жынысын анықтап жүрміз.
Бұл әсіресе танымал әнші-блогерлер арасында кеңінен тараған. Оны мақтаныш етіп, әлеуметтік желіге жүктейтіні тағы бар. Әрине той болған жақсы ғой. Тек қызғылт не көк түсті көру үшін аста төкке жол берілмесе дейсің кейде. Әйтпесе соңғы уақытта бұның қасында үйлену тойдың өзі жайына қалып барады. Қазақ тойды үлкен-кіші деп те бөлмейді ғой. Дегенмен ескеретін жайлар да көп-ақ. Осы жөнінде өз ойымен бөліскен кент тұрғыны Ерлан Серіков: «Келіншегім дәрігерлерге барғанда ультрадыбыстық тексеру барысында ұл деп көрсетті. Алайда босанған кезде қыз бала дүниеге келді. Ұл баланың керекті заттары мен киімдерін алып қойған болатынбыз. Өзім білдірмесем де, келіншегім ренішін жасыра алмады», – дейді.
Ал сала мамандары болса заманауи құрылғының өзі кейде қателесетінін айтады. Өйткені баланы қарап тексеру барысында кіндігі төмен түскен уақытта жынысы көрінбей жатады. Сол уақытта шатасып жататынымыз бар, – дейді.
Дегенмен бұрынғы әже-апаларымыз жатырдағы баланың жынысын жалпақ жұртқа жарияламақ түгілі айтпай келген. Өйткені сөз бар жерде көз бар деген ұғым қалыптасқан. Бір жағынан УЗИ да болмаған кез. Сол уақыттағы аппараттың қызметтін әжелер атқарып келгенін тарихтан белгілі. Олар жүкті келіншекті жүрісінен, тамаққа деген тәбетінен, бетіндегі дағынан, ішінің формасынан сәбидің жынысына дейін нақты айтып отырған.
Өзгенің қаңсығын таңсық көру бізде жиі кездесіп жатады. Насихаттаймыз десек ата-бабамыздан бұрыннан келе жатқан, қолданыстан шет қалған дәстүрлері жетерлік. Біз әңгімеге тартқан жетпісті алқымдаған Шолпан әжей осындай пікірде.
– Егерде әйел адамның құрсағы жүрек астына қарай орналасатын болса қыз бала, ал керісінше, төмен орналасса ұл бала дүниеге келеді деп есептеген. Алайда қыздан гөрі ұл баланы асыға күткен отбасы саны көптеп саналатын. Елін, жерін, шаңырағын жаудан қорғайтын нар тұлғалы ер азаматты тәрбиелеуді әр жас ата-ана қалайтын еді. Қуанышты бөлісуге бастайтын дәстүрлердің көп болғанын өз басым құптаймын. Тек келешек ұрпаққа айтарлықтай зияны тимесе болғаны, – деп пікірін білдірді.
Заманына қарай ағымы. Бәлкім солай да шығар. Бірақ заман осындай екен деп қазақтың салт-дәстүрін қай ел ұстанып жатыр? Қазақы қаймағымыз бұзылмасын, келешегіміз кемел болсын десек,ұмыт бола бастаған «Бастаңғы», «Сыралғы», «Атбайлар», «Аушадияр», «Сыңсу» немесе «Босаға майлау» сынды салтымызды дәріптеуіміз керек. Ал қазіргі жастар осы жолда қызмет етсе, болашағымыздың мығым, шекарамыздың кемел болатыны белгілі, – дейді аудандық ішкі саясат басқармасының басшысы Әбілғазы Төлегенов.
P.S. Негізі өзгеден үйреніп, күнделікті өмірімізге сіңірген орынсыз дәстүрлерді өзіміздің ескі дәстүрімізбен алмастырудың маңызы зор. Дәстүрді ұмытпай ұлықтау халқымыз үшін құнды қағида. Қазіргі жастар осыны естен шығармаса екен.
Лаура БИБАСАРОВА