№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қоғамдық маршруттар тиімді ме?

Қоғамдық маршруттар тиімді ме?


Қоғамдық көлік мәселесі өзектілігін жойған емес. Өйткені осы бағыттағы қызмет сапасы жақсарған сайын тұрғындардың қарым-қатынасы жеңілдей түсіп, әлеуметтік жағдайына әсер етеді. Бұл жөніндегі пікірлерді мәслихат депутаттарының кент тұрғындарымен кездесуінде пайымдадық. Тұрғындар тарапынан маршруттың жүру жиілігін арттыру мәселесі қозғалды. Расында бір бағытта қанша қоғамдық көлік қатынайды? Олардың тиімділігі қандай?


Аудандық коммуналдық шаруа­шылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше, 2017 жылдың қарашасынан бастап Қорғантоғай-Саяжай, Алтын­сарин-Ипподром және Жаңауыл-МАИ бекеті бағытында қоғамдық көлік жүре бастады. Бұл істе белгілі кәсіпкер Әбдіхан Шайыхов дем беріп, азаматтық танытты. Қазір аялдамада маршрут күтетін халықтың қарасы көбейген. Әйткенмен Әбдіхан Шайыховтың айтар өз уәжі бар:
– Кент тұрғындары маршрут санын көбейтуді талап етіп жүр. Мұны естіп жүрміз. Біздің қызмет ел игілігі үшін ғой. Бірақ нарықтың өз талаптары болады. Қазір жанар-жағармай бағасы қымбаттады. Оның үстіне, көлік бұзылмай тұрмайды. Ал, 50 теңгелік жолақымен шығынды ақтау мүмкін емес. Сондықтан тұрғындар такси қызметіне қарағанда қоғамдық көлікке басымдық берсе дейміз. Егер жолаушылар аял­дамаларда күтуді әдетке айналдырса, қоғамдық көлік жұмысы бір ізге түсіп, саны да арта түсер еді, – дейді.
Алысты жақындатып, барар жеріңе қандай күн райы болмасын жеткізетін, аты айтып тұрғандай қоғам үшін қызмет ететін бұл көліктердің сапасының жоғары болуы, қауіпсіздіктің сақталуы ең басты мәселе. Бүгінде тұрғындар қоғамдық көлік қатынасына бой үйретіп, игілігін сезіне бастады. Біз де өз кезегімізде сол көліктердің жүру бағытын, халыққа тиімді немесе тиімсіз тұсын өз көзімізбен көру мақсатында автовокзал аялдамасынан «Жаңаауыл» бағытындағы көлікке мініп, МАИ бекетін бағытқа алдық. Аялдамада байқағанымыз көпшілігі маршрутты күтіп тұрғысы келмейді, жолай кезіккен таксиге мініп кетеді. Расында, қоғамдық көліктердің арасы әжептеуір ұзақ екен. Бірақ сабыр сақтап күтуге тура келеді. Әйтсе де, халық үйрене бастапты. Әр аялдамадан екі-үш адамнан мініп, лезде көлікті толтырды. Межелі жерімізге 20 минуттың ішінде жетіп бардық. Сәл аялдап тұрдық та, қайта кері жүріп кетті. Сол уақытты пайдаланып кондуктордың жанына отырып, сөзге тарттым. Жасы 40-тан асқан орта жастағы әйел өз ойын ашық жеткізді.
– Көріп отырғаныңыздай, ауданның тыныс-тіршілігін көлік қатынасынсыз елестете алмайсыз. Анау шетімен мынау шетіне жаяу жету мүмкін емес. Біраз уақыт бұрын тоқтап қалған, қоғамдық көліктің жұмысы қайта жанданып, іске қосылғанына бәріміз қуандық. Біз де азын-аулақ болса да, бала-шағамыздың несібесін алып отырмыз. Кейде халықты да түсінбей жатамыз, жолдың жиегінде тұрып, қолын көтергенге тоқтасаң, бізге мінбей, таксиге мініп кетеді. Шыны керек, кейде салдырлап бос жүреміз. Ары-бері жүрген бензинді де ақтамайды. Егер тұрғындар таксиге мінбей, мартшруттарға мінетін болса, бізге де жақсы болар еді. Жұмысымыз жанданып, халықтың алғысымен қоса біраз пайда да тапқан болар едік, – дейді №3 маршрут кондукторы Ибадат Ибраева.
Міне, осылай елдің ішінде қоғамдық көлік қатынасына байланысты әр түрлі пікірлер бар. Қалай десек те, қоғамдық көлік қатынасы халық үшін өте қажет. Бұл бастама балалар үшін өте қолайлы. Тағы бір тиімділігі – жол ақысының арзандығы. МАИ бекетінен орталыққа жету үшін таксиге 300-700 теңге жолақы төлейсің. Бір күнде төрт рет көлік қатынасын пайдаланатын тұрғындарға бұл сома ауырға соғатыны түсінікті. Ал, маршруттардың арзандығы көп тұрғынның қолжетімділігін арттырды.
– Мен Саяжайда тұрамын. Қоғамдық көлікпен қатынауға дағдыландым. Қазір көліктің қатынау жиілігі аса ұзақ емес, ары кетсе 15-20 минут күтемін. Әсіресе, күнделікті жұмысқа баратын тұрғындар мен мектепке қатынайтын оқушыларға өте қолайлы болды. Дегенмен, алдағы уақытта көліктердің санын көбейтіп, жиілігін арттырса дұрыс болар еді. Қоғамдық маршруттар жүре бастағанда халық қатты қуанды. Күнделікті қоғамдық көлікпен қатынайтын болғандықтан, көпшіліктің ойын да жақсы білемін. Байқап қарасам, қазір тұрғындар жаппай маршрутпен қатынауға дайын. Тек қатынау жиілігін реттесе ғой. Мысалы, Жаңауылға газель 40 минутта, тіпті 1 сағатта бір келеді. Оны күткен адамның жүйкесі жұқарып, болмағасын таксиге мініп кететіні белгілі. Алдымыз жаз, күннің ыстығында ұзақ уақыт көлік күту қиын. Сондай кездерде жиірек жүргізілсе, – дейді кент тұрғыны Аманбай Қорғанбеков.
Байыптап қарасақ тұрғынның сөзінің жаны бар. Өйткені, қоғамдық көліктің жүруі орталықтан шалғайда тұратындар үшін қолжетімді, әрі қаржы үнемдеуіне мүмкіндік беруде. Қоғамдық көлік әр 20-25 минут аралығында қатынайды. Алдағы уақытта осы көліктердің саны көбейіп, қатынау жиілігі артатынына сеніміміз мол. Өйткені, аудан тұрғыдарының басым көпшілігі қоғамдық көліктердің қызметін күнделікті пайдаланады. Оның ішінде мектеп оқушылары да бар. Яғни күнделікті жұмыстағы адам таңертеңгі сағат 7-ден бастап кешкі сағат 18-ге дейін қоғамдық көліктің қызметін тұтынады. Одан кейін сенбі, жексенбідегі демалыс күндері де жеке шаруасының қамымен қала орталығына қатынайтындардың қарасы көп. Демек, тұрғындар үшін қоғамдық көлік қызметі басты қажеттіліктің бірі. Ауданымызда такси қызметі де, оны тұтынатындардың да саны көп. Қай кезде болса да қолжетімді бағаға барар жеріңе уақытында жете аласың. Алайда олардың барлығы бірдей заңды түрде тіркелмеген.
Біздің ауданымыздағы такси қыз­метінің әлі де бір жүйеге келмей, оңды-солды жұмыс істеп жатқанын көргенде қынжылатынымыз анық. Байқап қарасақ, кент ішінде және ауыл арасында қатынайтын таксистерде патент жоқ. Бір болса, санаулысында ғана. Мұны реттеудің жолы бар ма?..
Бөлім басшысының сөзінше, ауданда үш тасымалдаушы жеке кәсіпкер бар. Олар «А.Шайыхов», «Ж.Абишев», «Ж.Айтенов» халыққа қоғамдық көлік қызметін ұсынып отыр. Онда 30-дан аса адам қызмет көрсетеді.
«Ж.Абишов» дара кәсіпкерлігінің иесі Жақсылық Абишов қоғамдық көліктің бекітілген ережесіне сай қызмет ұсынып отырғанын айтады. Құзырына кент ішілік №3 бағыттағы көлік тасымалы кіреді. Осы аталған бағыттағы көлік қызметін Жаңақорған ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің есебіне кіреді.
– Мына карантиннің уақытында барлығы онлайнға көшті. Мектеп, балабақша, кейбір жұмыс орындары да уақытша тоқтатылды. Қазір автобустардың барлығы да адамнан гөрі, ауа тасып жатыр ғой. Оны өздеріңіз де көріп жүрген шығарсыздар. Мемлекет тарапынан субсидия беріледі, осының көлемін арттырса деген тілегіміз бар. Себебі, техника болғаннан кейін бұзылмай тұрмайды. Одан бөлек жанар-майы, салығы, жүргізушінің айлығы және т.б шығындары бар. Бірақ, халыққа сапалы қызмет етуге басымдық берудеміз. Бір автобус бір бағытта 12 рет қатынайды, – дейді Жақсылық Абишов.
Қалай болғанда да, халық тұтына бастаған қоғамдық көліктердің ғұмыры ұзақ болғаны абзал. Ол үшін Жаңақорған кентінің әкімдігі, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі, Жаңақорған ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы, жергілікті полиция қызметі бірлесе заңсыз такси қызметін шектеп, такси қатынасының ережесін бекітіп, қоғамдық көліктердің қатынауына ыңғайлы жағдай жасаса деген тілегіміз бар. Халық та жергілікті биліктен осыны күтеді. Себебі, бұл күндері аялдамада қоғамдық көлікті күтіп тұрған тұрғындарды такси жүргізушілері 50 теңгеден алып кетіп жатқанын талай мәрте көз көрді. Әлбетте, таксистердің де өз уәжі бар. Қорыта келгенде, барлығы да халықтың қамы ғой. Сол себепті, атқарушы билік те, тиісті сала мамандары да, қарапайым халық та жауапкершілік танытқаны абзал.

Әсел РЗАЕВА
20 мамыр 2021 ж. 419 0